«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА ұсыныс та, өтініш те, реніш те айтылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше “Нұр Отан” ХДП-ның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіров қоғамдық қабылдауға жазылған аза-маттармен кездесіп, олардың мәселелерімен танысты. Өңір басшысы бес азаматтың мұң-мұқтажын тыңдады.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті археологиялық зертханасының меңгерушісі Олег Мартынюк Қызылжар ауданының Долматово ауылы маңындағы археологиялық нысан негізінде мамыр-қыркүйек айлары аралығында ашық аспан астындағы мұражай ұйымдастыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бұл жерде мемлекеттік маңызы бар инфрақұрылым салу қажет. Жазғы каникул мерзімінде мектептермен, Балалар үйлерімен байланыс орнатып, оқушылармен жұмыс жандандырылса, кейін оны қыстыгүні де қолдануға болатынын айтты. Археологиялық қонысты күрделі жөндеуден өткізіп, қайта қалпына келтіріп, орталық мұражай ашу үшін шамамен 90 миллион теңгедей қажет.


 

 

Олег Мартынюктің өтінішін тыңдаған Самат Сапарбекұлы бұл ұсынысты толығырақ зерттеп барып, бір шешімін айтатынын жеткізді.

Петропавл қаласындағы Зауыт көшесіндегі жатақхананың 30 шаршы метр аумағына уақытша жалдап тұрып жатқан 7 баланың анасы Гүлнәр Серекеева тұрғын үй мәселесімен келген екен. Ол кезекке 2005 жылы тұрған. Қазір кезекте 166-шы, ал жеңілдікпен алса 8-ші болып тұрғанын айтты.

– Сіздің мәселеңізді қалалық әкімдіктің қарауына тапсырамын. Солардың талдауынан кейін қандай шешім қабылдағанымыз жайлы 15 күн ішінде хабардар етеміз, – деді Самат Ескендіров.

Петропавлдағы мемлекеттік кино қорын сақтау жөніндегі мекемеде әдіскер болып қызмет істейтін Александр Пояркин өз мамандығы бойынша жұмыс сұрап келіпті. Оның мамандығы – режиссер. Сондай-ақ агроном мамандығы бар Аманжол Еңсегенов те жұмыс табалмай жүргенін айтып, жәрдем сұрады. Самат Ескендіров бұл екеуіне де өтініштерін қарастырып, жауабын кейін беретінін айтты.

Қазақстан Конституциясы көшесіндегі 16-үйдің тұрғындары аулаларындағы 25 түп ағаш пен өз күштерімен жасаған балалар алаңқайын ысырып тастап, ол жерге көлік тұрағын салмақшы болып жатқандарға ренішті екендіктерін білдірді. Соған орай облыс әкімі: “Бұл мәселенің аныққанығын зерттегенше, ол аумақтағы жұмысты уақытша тоқтата тұру керек”, – деді.

 

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp