Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры (ҚР ҰҚ) – 2000 жылы Халықаралық нарықта мұнай бағасының тиімсіз ырғағы туындаған жағдайда Қазақстан экономикасының тәуелділігін азайту және мұнай шығару мен экспорттаудан түсетін қаржыны жинақтау үшін құрылған қор.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
ҚР ҰҚ құрылған кезден бастап бірқатар өзгерістерге ұшырап, үнемі жетілдіріліп келеді. Бүгінде оның қаржысы шикі мұнай және газ конденсатын шығарып, сатумен айналысатын мұнай секторындағы барлық компаниялар (олар 55-ке жуық) есебінен қалыптасады. Сонымен бірге мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында республика бюджетіне қор қаржысын пайдалану кепілдендірілген трансфертпен шектеледі. Сондай-ақ ҚР Үкіметі экономикалық саясатының кері циклдігін қамтамасыз ету үшін бірқатар қосымша тетіктер іске қосылады. Жинақтау міндетін орындау үшін ЖІӨ-нің болжамды мәнінен 20 пайыз көлемінен кемімейтін қалдық белгіленген. Барлық бос қаржы негізінен шетелдегі инвестициялар нысанында қорды басқаратын рұқсат берілген қаржылық құралдарда орналасады. 2000 жылдары жүргізілген саясат пен мұнай бағасының (сәйкесінше экспорттың) өсуіне байланысты (2011 жылы Brent мұнайының баррелі үшін 104 доллар, 2012 жылы 112 доллар) қорда активтер жиналды. 2001-2012 жылдар кезеңінде жыл сайынғы өсімі 44 пайызды құрады және ЖІӨ өсімдерінің қарқынынан (кезеңде орташа алғанда 7,6 пайыз) асты. Дағдарыс ушығып тұрған 2009 жылы қор активтерінің қысқаруы байқалды. Ал дағдарыстан кейін өсім қарқыны орташа алғанда 33 пайызға баяулады. 2012 жылдың соңында қор активтері 58 миллиард долларға немесе ЖІӨ-нің 29 пайызына жетті.
Қор активтері экономиканың барлық институттық секторларымен байланыста бола тұра (нақты, фискалды, сыртқы және монетарлық) және ҚР экономикалық саясатын жүзеге асыруға арналған тиімді құрал ретінде қауіпсіздік кепілі болып табылады. Экономиканы ынталандыру нәтижесінде басқа қор активтерін басқару барлық секторларды тұрақтандыруға ықпал етеді. Мемлекеттік трансферттер түріндегі ҚР ҰҚ активтері республикалық бюджетті белсенді түрде қолдау және ағымдағы, күрделі шығындарды қаржыландыру, негізінен инфрақұрылым мен шикізаттық емес секторларды дамытуға бағыттау үшін қолданылады. Қор табыстарының үлесі соңғы жылдары ұдайы өсіп, 46 пайыз (ЖІӨ-нің 12,5 пайызы) деңгейінде тұрақтады.
Қорға түсетін қаржының бір бөлігі жинақтау портфеліне салынады және пайдаланылмайды. Қор қаржысының мемлекеттік бюджетке ықпалы республикалық бюджеттегі қор трансферттерінің көлемімен шектелмейді. Осыған орай, қор ықпалы төмендеу және трансферттер 2012 жылы мемлекеттік бюджет табыстарының 23,7 пайызын және барлық шығындардың 19,5 пайызын қаржыландырды.
Мұнай кірісі мемлекеттік қаржыға зор ықпал етеді, бірақ іс жүзінде қор трансфертінің көлемімен шектеледі. Қорға түскен барлық табысты есептей келе, 2012 жылы ЖІӨ-нің жинақталған бюджеттік профициті 3,7 пайызға жетті. Қордың тек трансфертін есепке ала отырып, мемлекеттік бюджеттің сальдосы ЖІӨ-нің теріс мәнді 3 пайызын құрайды. Егер мұнай бюджетін есепке алатын болсақ, мұнай кірісі мемлекеттің жинақталған табысының шамамен 51 пайызын құрайды, ал осы табыстарды есептемегенде бюджет дефициті ЖІӨ-нің 9,3 пайызына тең.
Ағымдағы тұтыну (78 пайыз шығын) мен күрделі шығындардан (22 пайыз шығын) тұратын мемлекеттік шығындарды қаржыландыруды қамтамасыз ете отырып, қор трансферті ішкі сұранысты (2012 жылы мемлекет шығындары жұмсалудың 21 пайызын құрады) ынталандырады және экономика қарқыны мен нақты ЖІӨ өсіміне ықпал етеді. 2012 жылы ЖІӨ-дегі жалпымемлекеттік шығындардың салыстырмалы көлемі 24 пайызды құрады. Ал мемлекеттік шығындарға бағытталатын қор қаражатының ЖІӨ-ге ықпалы трансферт көлемімен шектеледі. ҚР экономикасында ауқымды макроэкономикалық үйлесімсіздікке жол бермеу үшін және ЖІӨ-нің халықаралық жағдайдан тәуелділігін төмендету мақсатында Үкімет тарапынан жүргізіліп отырған мемлекеттік шығындардың айырмашылығын күрт шектейтін мұндай саясат өте тиімді.
Серпіні төлем теңгерімінің ағымдары арқылы көрініс табатын сыртқы сектор жайында айтар болсақ, онда оның серпіні мұнай секторына, сондай-ақ қор жұмысына тәуелді. Сонымен мұнай экспорты 2012 жылғы жалпы экспорттың 59 пайызын құрады және ағымдағы операциялардың есепшотының пайдасын қамтамасыз етті. Шетелдік тікелей инвестициялар 14 миллиард долларға дейін өсіп, мұнай секторындағы инвестиция үлесі 49 пайызды құрады. Қоржындағы шығыс инвестициялар 14,5 миллиард долларға жетті.
Шамамен мұнай экспортынан түсетін пайданың 46 пайызы қорға жіберіледі. Мұнай экспортында қорға жіберілген аударымдардың салыстырмалы үлес салмағы 2000 жылдары қатты өсті. Олардың бір бөлігі трансферт бойынша республикалық бюджетке төлемдерді қамтамасыз ету үшін пайдаланылады, ал барлық артылған қаражат (2012 жылғы барлық пайданың 59 пайызы) портфельдік инвестициялар түрінде шығарылады.
Мұнайдың экспорттық және қазыналық кірісі Қазақстан Республикасының экономикасына тікелей әрі жанама ықпал етеді. Мұнай бағасы қымбат болған жағдайда олар экономикалық қызметке ынталандырушы әсер береді. Екінші жағынан, баға жағдайының өзгеруі кезінде мұнай бағасының төмендеуінің жағымсыз салдары күшейе түседі. Мұнай пайдасы арқылы мемлекет ҚР ҰҚ көмегімен Қазақстан дамуының экономикалық серпіні мен үлгісін айқындауды жалғастыра береді және экономика тұрақтылығы мен оның дамуы үшін қор қаржысын басқару саясатын күшейте түседі.