«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРКЕЙГЕН ҮЙЛЕР КӨБЕЙЕ ТҮСУДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

2011-2020 жылдарға арналған кең ауқымды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы ел тұрғындарының тұрмыс сапасын және жайлы тұрғын үй деңгейін көтеруге бағытталған. Бұл міндеттерді шешу жылу, газ және электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, көппәтерлі тұрғын үйлерді нормативтік жағдайға келтіруге және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық аясының тиімділігін арттыруға негізделген. Республика бойынша 2020 жылы 81 мың шақырымнан астам су, жылу, электр және газбен жабдықтау желілерін жаңғырту жоспарлануда, 2015 жылға дейін бұл көлемнің 31 мың шақырымы, соның ішінде ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы бойынша – 24,4 мың шақырымы, “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша – 6,7 мың шақырымы жаңғыртылады.

 

Бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттар ескірген. ТКШ-ның нормативтік-техникалық жүйесінің әлсіздігінен коммуналдық шаруашылықтың инженерлік жүйелері апатты режімде жұмыс істейді. Осы тұйық жағдайдан шығу үшін бүгінде қолданыстағы және жаңа жасалған нормативтік-техникалық құжаттарды қайта қарау жөніндегі жұмыс жүргізілуде. 2010-2012 жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында барлығы 74 нормативтік-техникалық құжат жасалды және қайта қаралды.

Азаматтардың пәтерлерде тұру жағдайын жақсарту және көппәтерлі тұрғын үйлердің пайдалану сапасын аталмыш бағдарлама аясындағы бекітілген талаптарға сәйкестендіру мақсатында 2011 жылы кондоминиум нысандарының ортақ мүліктеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу басталды. “Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамудың қазақстандық орталығы” АҚ Коммуналдық шаруашылығы департаментінің директоры Мәдина Мұрсакинаның мәлімдеуінше, жергілікті атқару органдарының деректері бойынша тұрғын үй қорының 50,1 миллион шаршы метрі немесе 32 пайызы кейінге қалдыруға болмайтын күрделі жөндеуді қажет етеді. Олар, атап айтқанда, тозып тұрған үйлердің қасбеттері, шатырлары, қабырға панельдерінің қосылған жіктері, жұтаң кейіптегі балкондар мен ортақ дәліздер, сол сияқты жұмысы сын көтермейтін орталық жылыту, ыстық және суық сумен жабдықтау, кәріз инженерлік желілеріндегі ақау. Бұлар әрбір 20-30 жыл сайын күрделі жөндеуді немесе ауыстыруды қажет етеді.

Бүгінде тұтастай республика бойынша инженерлік коммуникацияларды ауыстыру, көппәтерлі тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу жөнінде кең ауқымды жұмыс жүргізілуде. Барлығы екі жылдың ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 17842 миллион теңге бөлініп, оған 1357 көппәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. 2011 жылы ҚР Үкіметінің резервінен бөлінген қаржы есебінен қаржыландырудың екі тетігі бойынша 7342 миллион теңге бөлініп, 571 көппәтерлі үйге жөндеу жүргізілді. Мұны өзіміздің Петропавл қаласында жөнделіп, көріктене түскен үйлердің қатары көбейіп келе жатқанынан аңғаруға болады. Ел бойынша кең ауқымда атқарылып жатқан осы шаралы істе Солтүстік Қазақстан облысының да алар үлесі зор. Қалалық пәтер иелері кооперативтері қауымдастығының төрағасы Сергей Худяковтың айтуынша, әлеуметтік-кәсіпкерлік компания арқылы қаржыландырылатын бағдарламаның бірінші тетігі бойынша жөндеу жұмыстарына 120 миллион теңге бөлініп, 11 көппәтерлі үйге жөндеу жүргізілді. Сол сияқты жергілікті тұрғын үй – пайдалану қызметі (ТПҚ) арқылы қаржыландырылған екінші тетік бойынша да айтарлықтай жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, ТПҚ-дан бөлінген 275 миллион теңгеге барлығы 35 көппәтерлі тұрғын үй жөндеуден өтті. Сөйтіп, бағдарламаның алғашқы жылында бөлінген қаржының толық көлемде игерілгендігін айта отырып, оның қайтарымды тетігінің дұрыс іске қосылғандығын да атап өткен жөн. Мысалы, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап, биылғы жылдың 5 сәуіріне дейінгі бірінші тетік бойынша қаржы қайтарымы жоспарлы 22,1 миллион теңгенің орнына 22,3 миллион теңгеге орындалды. Ал екінші тетік бойынша жоспарланған 50,1 миллион теңгенің орнына 147,3 миллион теңгенің қайтарымды қаржысы түсті. Бұл – қайтарылған қаржы одан әрі ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасын қаржыландыру айналымына түседі деген сөз.

Бағдарламаның келесі – 2012 жылында ТКШ-ны жаңғыртуға бөлінген қаржы көлемі қомақтырақ бола түсті. Онда әлеуметтік-кәсіпкерлік компаниясы арқылы бірінші тетік бойынша 312,5 миллион теңге бөлініп, 19 көппәтерлі үйге жөндеу жүргізілді. Қаржы толық игеріліп, қайтару мерзімінен бұрын 19,3 миллион теңгенің қаржысы қайта айналымға түсті. Бұл көрсеткіш бойынша республикада бізден басқа қаржы қайтарымын жасаған қала жоқ. Жалпы өткен жылы бірінші тетік бойынша жүргізілген жөндеу жұмыстары көлемі мен игерілген қаржы мөлшері жөнінен облысымыз республикада алдыңғы орындардың бірінде келеді.

Екінші тетік – ТПҚ арқылы қаржыландыру бойынша өткен жылы барлығы 500 миллион теңгеге 27 көппәтерлі тұрғын үй жөнделді. Онда да қайтарым мерзімінен бұрын 7,5 миллион теңгенің қаржысы қайтарылды. Осы қайтарым қаржысын қайыра іске қосып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына қосымша серпін беріп отырған бірден-бір өңір біздің облыс деуге болады. 2011 және 2012 жылдардың қайтарылған 118,2 миллион теңге қаржысын екінші тетік бойынша іске қосып, 9 көппәтерлі үйдің жөндеу жұмысын жүргізді және оны биылғы жылдың бірінші тоқсанында толық аяқтап шықты. Дәл осындай қайтарымды қаржы есебінен жұмыс істеген Шығыс Қазақстан облысы 22,4 миллион теңгеге төрт үйдің жөндеу жұмыстарын қолға алып, небәрі 8,4 миллион теңгені ғана игерді. Ал 144,8 миллион теңгені іске қосқан Астана қаласы тоғыз үйге жөндеу жүргізуді ұйғарғанымен, оған әлі кірісе алмай отыр. Өзге облыстар мен қалаларда қайтарымды қаржыны қайыра ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасына пайдаланудың оң мысалы әзірге көрініс тапқан жоқ.

Осы айтылғандардан аңғарылатыны: біздің өңірдегі ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру барысы көңілден шығарлықтай. Қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы Сергей Худяковтың пікірінше, бағдарламаға қала тұрғындарының сенімі арта түсті. Тұрмысы төмен отбасылар мен зейнеткерлер өздерінің ортақ баспанасын тұрғын үй көмегінің арқасында жөндеп алуға болатынына көздері жетті. Қасбеттері мен төбе шатырлары жөнделіп, көркейе түскен көпқабатты үйлер қала сәулетін ажарландыра түсуде.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp