Осыдан екі жыл бұрын басталған игі шара биыл жалғасын тапты. Бұрнағы күні өңірімізде “Мағжан көктемі” ІІ республикалық өнер фестивалі өтті.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет туғызған, сөзге жан бітірген Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына орайластырылып өткізілген “Мағжан көктемі” ІІ республикалық өнер фестивалі еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарындылардың басын қосты. Аталмыш өнер фестивалінің Мағжанға арналған жазба ақындар мүшәйрасына, Мағжан өлеңдерін мәнерлеп оқу-көркемсөз оқушылар сайысына, Мағжан өлеңдеріне жазылған әндер конкурсына қатысуға 60-тан астам үміткер ниет білдірсе, ақтық сынға оның 15-і ғана жолдама алды. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының сахнасында ақтық сынға шыққандар қызылжарлықтарға өз өнерлерін көрсетті. Ал олардың өнерін “Мағжан” журналының редакторы, “Егемен Қазақстан” газеті бас редакторының орынбасары, жазушы Жарасай Сүлейменов бастаған еліміздің өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы бағалады.
Фестиваль басталмас бұрын жиналған қауым Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесін тамашалады. Бұдан кейін сахна шымылдығы ашылып, “Өлді деуге бола ма?” тақырыбында театрландырылған пролог көрсетілді. Осылай салтанатты түрде ашылған “Мағжан көктемі”ІІ республикалық өнер фестиваліне қатысқан облыс әкімі Самат Ескендіров:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” атты еңбегінде: “Құрманғазының ғажайып күйлері, Мағжанның мөпмөлдір асыл лирикасы, Мұхтардың эпикалық көркем прозасы, Шоқанның барша әлемді таңғалдырған жаңалықтары, ұлы Абайдың философиялық толғаулары ынта-ықылас қойған әрбір адамның ішкі жан дүниесін байыта түсері анық”, деп жазған болатын. Президентіміз есімдерін ерекше атаған дарын иелерінің арасынан өз жерлестеріміз Шоқан мен Мағжанды айрықша мақтан тұтамыз. Биыл қазақ поэзиясының жарық жұлдызы – Мағжан Жұмабаевтың туғанына 120 жыл толғалы отыр. Осы мерейтойға орай “Мағжан көктемі” ІІ республикалық өнер фестивалін екінші рет өткізіп, осыдан екі жыл бұрын қолға алынған игі бастаманы тамаша дәстүрге айналдыруды жөн санадық. Бұл біздің ұлы ақын бабамыздың рухы алдындағы азаматтық парызымыз, – деп фестивальға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ақындар сахна төріне шығып, Мағжанға арналған жырларын оқыды, көркемсөз оқу шеберлері өнер көрсетті, ақынның өлеңіне жазылған жаңа әндер тыңдалды. Бұл байқауда өңір намысын жазба ақындар мүшәйрасында қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі Аманжол Зағыпар, ал Мағжан өлеңдеріне жазылған жаңа әндер конкурсында қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі Теңдік Құлмағанбетова (1суретте) қорғады.
Қонақтарға да, жерлестерге де қызу қолдау танытқан көрермендерге фестиваль соңында жеңімпаздардың есімдерін жариялау үшін сахна төріне көтерілген қазылар алқасының төрағасы Жарасбай Сүлейменов осындай шараны ұйымдастыруға қолдау танытқан облыс әкімі Самат Ескендіровке алғысын білдірді. Ал фестиваль жеңімпаздары ретінде Мағжан шығармасын нақышына келтіріп оқу бойынша Ақмола облысының намысын қорғаған Айсәуле Иманғалиева, Мағжан өлеңіне жаңа әндер шығару аталымында Астана қаласынан келген Тоқжан Жахин, мүшәйрада астаналық Елена Әбдіхалықова танылды. Өңір намысын қорғаған қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі Теңдік Құлмағанбетова екінші орын иеленді. Жеңімпаздарды марапаттаған Самат Ескендіров дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті. Ал фестивальдың лауреаты атанбағандар көтермелеу жүлдесімен марапатталды. Облыс әкімінің атынан ықыласгүлі де сыйланды.
Осы күні құрметті қонақтар мен фестивальға қатысушылар вокзал маңы алаңындағы Мағжан Жұмабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.