«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТТІҢ МЫЗҒЫМАС НЕГІЗІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ирина САҚТАНОВА,

облыстық Әділет департаментінің бөлім басшысы.

 

Елімізде жыл сайын 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтіледі. Бұл күн 1992 жылы “Мемлекеттік Елтаңба туралы”, “Мемлекеттік Ту туралы” және “Мемлекеттік Әнұран” туралы заңдарға қол қойылған күнге орайластырылған.

 

Мемлекеттік рәміздер – елдің мызғымас негіздерінің бірі, ол егемендік түсінігімен тығыз байланысты. Мемлекеттік рәміздер дамудың құндылықтарын, қағидаттарын, артықшылықтарын және елдің тарихи тағдырын бейнелейді.

Қазақстан 1991 жылдың желтоқсанында егемен ел атанды. Алтын түсті күн, қалықтап ұшқан қыранның бейнесі бар көгілдір түсті ту және ортасында қазақстандықтар үшін ортақ үй ретіндегі шаңырақтың бейнесі орналасқан елтаңба Тәуелсіз Қазақстанның белгісі болып табылады.

2007 жылғы 4 маусымдағы “Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік рәміздер туралы” ҚР Конституциялық Заңы негізгі түсініктер мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік символдарын қолдану үрдісін анықтайтын негізгі құжат болып табылады, онда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қолдану, орналастыру және пайдалануға байланысты рәсімдер реттелген, мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың құзыреті нақты көрсетілген.

Елтаңба, Ту және Гимннің қандай екендігін ғана біліп қоймай, олардың мәнін білген де жөн.

Егемен Қазақстанның рәмізі тәуелсіз Қазақстанның идеологиясының, оның дамуының, философиясының негізгі бағыттарын бейнелейді, қазақ халқының тәуелсіздік туралы көп ғасырлық арманын іске асыру символы болып табылады. Сондықтан оны насихаттау мен дұрыс пайдалану отаншылдыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке, оның мүддесіне қызмет етуге ұмтылуға және оны қорғауға дайындығына негізделген азаматтардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға ықпалын тигізеді.

Мемлекеттік Ту – ортасында сәулелері бар күннің астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген көгілдір түсті төртбұрышты мата. Шетінде ұлттық ою-өрнекті жол жүргізілген. Күннің, сәулелердің, қыранның және ою-өрнектің бейнесі алтын түсті болуы тиіс.

Елтаңба – барлық елде танылған мемлекеттіліктің маңызды бейнесі. “Герб” термині немістің “мұра” деген сөзінен шыққан және мемлекеттің ерекшелік бейнесі болып табылады.

Қазақстан Парламенті 2006 жылғы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында “Мемлекеттік рәміздер туралы” Жарлыққа түзетулер енгізді. Оған сәйкес жаңа редакциядағы “Менің елім” (“Мой Казахстан”) атақты әні елдің Гимні болып белгіленді. Осылайша жаңа мемлекеттік Гимн қабылданды. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысында халық арасында кең тараған “Менің Қазақстаным” атты отаншыл ән жаңа Гимннің негізі болды. Музыкалық-поэтикалық туынды 2006 жылғы 11 қаңтарда Астана қаласында Ақордада ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ресми ұлықтау кезінде бірінші рет ресми түрде орындалды.

Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері: Ту, Елтаңба және Гимн – елде өткізілетін барлық салтанатты, мерекелік және мерейтойлық іс-шаралардың, концерттік бағдарламалардың, отаншылдық акцияларының, спорттық турнирлердің негізгі құрамдас бөлігі. Мемлекеттік қызметке бірінші рет орналасқан тұлғалар ҚР Мемлекеттік Гимнін орындаумен ант қабылдайды. Сонымен қатар, әскери ант қабылдаған кезде де мемлекеттік атрибуттарды қолдану міндетті.

Мемлекеттің мызғымас негіздері бола тұра, Мемлекеттік рәміздер өзінің даму кезеңдерінен өтті. Отанға деген сезім, өз еліңе деген мақтаныш оның символдарына деген құрметтен басталады. Сондықтан Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз.

Елтаңбаға, Туға және Гимнге деген көзқарас – мемлекетке деген көзқарас. Мемлекеттік рәміздерді қорлау мемлекетті, оның халқын, оның тарихы мен мәдениетін қорлаумен бірдей. Қай елдің халқы болсын өз елінің рәміздерін құрмет тұтады.

Әр елде мемлекеттік атрибутика рухты, ділді, халықтың талабын бейнелейді, қоғамдық келісімнің, халықаралық қатынастардың маңызды ақпараттық компоненті болып табылады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу және оларға құрметпен қарау – әр қазақстандықтың азаматтық парызы және мемлекеттік ішкі саясаттың басты бағыты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp