«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АШЫҚТЫҚ, ТАТУЛЫҚ және КЕЛІСІМ БЕЛГІЛЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің бет-бейнесі, өткені, бүгіні және болашағы. Ту, Елтаңба және Гимн – жас мемлекеттің егемендігінің көзге оттай басылар сенімді дәлелі. 

 

Виктория ХОВАНСКАЯ,

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың библиографы.

Үстіміздегі жылы 4 маусымда дәстүрлі түрде Мемлекеттік рәміздер күнін тойлайтын боламыз. Облысымыздың кітапханалары аталмыш күнге арнап дәстүр мен жаңашылдықты ескере отыра, түрлі үлгідегі шараларды өткізеді. Электрондық өнімдерді пайдалана отырып, медиасабақтар, патриоттық акциялар, шеберлік сағаттарын, “дөңгелек үстел” басындағы әңгіме, виртуалдық көрме ұйымдастырады. Бұған С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми- әмбебап кітапхана зор мән береді. Оның орталық холында “ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы” конституциялық заңына және ҚР Үкіметі бекіткен ережелерге сай рәсімделген Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба, Гимн орналастырылған. Ақпараттық ресурстар – анықтамалық-ақпараттық қорға, электрондық тізімдемеге, толық мәтінді “Заң” және “Параграф” мәліметтер базасына кіру еркіндігі қамтамасыз етілген. Интернет арқылы “Заң”, “Параграф” анықтамалық-құқықтық жүйеде “Мемлекеттің рәміздері”, “Елтаңба”, “ҚР Гимнінің мәтіні”, “Ж.Нәжімеденовтің “Менің Қазақстаным” әнінің жазылу тарихы” сияқты сұрақтарға жауап ізделеді.


 

 

31 мамыр күні кітапхананың әлемдік әдебиеттер залында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған “Ашықтық, татулық және келісім белгілері” тақырыбында кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ кітапхана online конференция мен веб-дәрістер өткізеді. 4 маусым күні абонемент бөлімі Интернет пайдаланушы оқырмандарымыз үшін “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің қалыптасу тарихы” тақырыбында online дәріс өткізеді. Осы күні “Үмітін елдің арқалап, Арманнан туған рәміздер” атты геральдика сағатында “Асыл мұра” орталығының қызметкерлері ҚР Мемлекеттік рәміздерінің жасалу тарихы, оның мәні мен маңызы, пайдалану ережесі туралы баяндайтын болады.

Мемлекеттік рәміздерді қабылдау күніне арнап облыстағы кітапханалар түрлі жанрдағы ақпараттық және мәдени шараларын даярлады. Мәселен, Ақжар ауданындағы Ленинград ауылдық округіндегі ауылдық кітапханада “Егемендіктің белгісі” тақырыбында тарих сабағы өткізілмек. Ал Аққайың аудандық орталық кітапхана, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тахтаброд кітапханасы, Тайынша ауданындағы Чкалов, Леонидов, Нагорный, Вишневка ауылдық кітапханалары патриотизм сабағын ұйымдастырады. Тимирязев ауданындағы Ынтымақ, Тайынша ауданындағы Краснополяна, Рощинск, Аққайың ауданындағы Власовка, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Октябрь, Писаревка ауылдық кітапханаларында оқырмандар “дөңгелек үстел” басына жиналып, Мемлекеттік рәміздер жайында әңгімелеседі.

Ал Қызылжар ауданының Пеньково ауылдық кітапханасы өз оқырмандарын “Менің Отанымның қасиетті рәміздері” танымдық сабағына шақырса, Айыртау ауданындағы Арықбалық ауылдық кітапханасы “Қазақстандық рәміздердің тарихы мен жаңашылдығы” тақырыбындағы әңгіме-слайдтар көрсетілімін өткізбек. Жамбыл ауданындағы балаларға арналған орталық кітапханада “Мемлекеттің қуаттылығы мен ұлылығы – рәмізінде” атты әдеби кеш ұйымдастырылады.

Барлық орталық аудандық кітапханаларда атаулы күнге арналған кітап көрмесі ұйымдастырылған. Аққайың ауданының орталық кітапханасында “Мемлекеттіктің белгісі мен бірлігі”, Қиялы ауылдық кітапханасында “Алтын күн нұрының астында қияға ұмтылдым”, Бостандық ауылдық кітапханасында “Мемлекеттік рәміздер”, Ақжар ауданының Май ауылдық кітапханасында “Отаным – ардағым” тақырыбында кітап көрмелері өтеді.

Мемлекеттік рәміздерді насихаттау туралы айтқанда Ту, Елтаңба және Гимн халқымыздың бірлігінің және қазақстандық патриотизмнің негізі екенін ұмытпағанымыз жөн. Олар еліміздің әр азаматын ұлты мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, Отанының бір бөлшегі екенін сезінуіне көмектеседі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, патриот болу – Қазақстанды жүрегіңде сақтау. Қазақстандықтар өз еліңе деген таусылмас сүйіспеншіліксіз нағыз азамат пен нағыз адам жоқ екенін түсінуі қажет. Ал мұндай сүйіспеншіліктің бір белгісі – Отаныңның Мемлекеттік рәміздерін құрметтеу.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp