«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҮЛДІРШІНДЕР БАҚЫТҚА БӨЛЕНГЕН КҮН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халықаралық балаларды қорғау күні өңір басшысы Самат Ескендіров облыс орталығындағы балалар мекемелерін аралап, олардың тәрбиеленушілерін мерекелерімен құттықтап, сыйлықтар табыс етті. 

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бұл күні облыс әкімі Петропавл қаласындағы “Сәби үйі” мемлекеттік мекемесінде болып, ондағы тәрбиеленіп жатқан бөбектерді төл мерекелерімен құттықтады.

 

Бүгінгі таңда аталмыш мекемеде ата-анасының қарауынсыз қалған 4 жасқа дейінгі 66 бала тәрбиеленуде. 2010 жылдан бері “Сәбилер үйінен” 89 бала ата-анасына қайтарылса, ал 117 бүлдіршінді асырап алушы жандар табылған. Келген қонақтардан өздерінің туған-туыстарын көргендей жәудірей қараған бүлдіршіндердің жанары қуанышқа толы еді. Олардың жүзі бейтаныс жандарға жылы ықылас танытуға тырысып баққандығын үлкендер аңғармай қоймады. Тілдері жаңа шығып, енді сөйлей бастаған балақандар тәрбиешілердің көмегімен тақпақ оқып, ән айтып, өздеріне бақытты балалық шақтың қызығын көруге зор мүмкіндік жасалып отырғандығын байқатты.

Шағын концерттен кейін Самат Сапарбекұлы: “Балаларымызға қуаныш сыйлайтын мейрамдар көп. Бірақ маусым мерекесінің орны ерекше. Осы айтулы мереке күнімен бүлдіршіндерді шын жүректен құттықтап, ал оларды тәрбиелеп отырған қызметкерлерге алғысымды білдіріп, еңбектеріңіз әрқашан жана берсін дегім келеді”, – деп өзінің жүрекжарды тілегін білдірді. Бұл күні облыс әкімінің атынан сыйлыққа тартылған үлкен теледидармен, музыкалық орталықпен және қабырға жиһазымен “Сәби үйінің” дүние-мүлкі толығып қалды.

Өңір басшысының мереке күнгі жұмыс кестесіндегі екінші нысан облыстық перинаталдық орталық болды. Бұл мекеменің қабырғалары талай нәрестенің шыр етіп дүниеге келгендігіне, талай ата-ананың үлкен қуанышқа бөленгеніне куә. Жыл сайын облыста 8 мыңнан астам бала өмір есігін ашса, соның 5 мыңы осы орталықта туады екен. Осы жылдың төрт айында-ақ аталмыш мекеменің ақ халатты абзал жандары облыста туған 2502 баланың ішіндегі 1356 шақалақтың кіндігін кескен. Самат Ескендіров аталмыш орталықта дүниеге ұрпақ әкеліп, бақытқа бөленіп жатқан аналардың палаталарына кіріп, қуаныштарына ортақтасып, жылы лебізін білдіріп шықты. Жас босанғандар мен олардың нәрестелері облыс әкімінің сыйлығына қуанып қалды. Аналарға гүл шоқтары, сәбилерге алғашқы жөргектері сыйға тартылды. Сондай-ақ Самат Сапарбекұлы мекемеге су жаңа “ГАЗель” автокөлігінің кілтін табыс ете отырып, орталық ұжымына осы қиын да құрметті еңбектері үшін рахмет айтып, мерекелерімен құттықтады.

Жергілікті билік тарапынан балаларға жасалып жатқан қамқорлықтың бір көрінісін С.Мұқанов көшесіндегі бір ауладан аңғаруға болады. Былтыр қалалық бюджеттен 1,7 миллион теңге қаржы бөлініп, онда үлкен, әдемі спорт алаңы жасалған. Мереке күні облыс басшысы әдейілеп атбасын осы жаққа бұрған кезде, онда ауланың жас жеткіншектері футболдан жарыс ұйымдастыруға дайындық жүргізіп жатыр екен. Олардың жанкүйерлері ретінде ауланың тұрғындары да жиналып қалыпты.

 

Бұл ауланың айналасындағы үйлерде 120-дан астам бала тұрады. Балалардың басын қосып, ынтымақта спортпен айналысуға, саламатты өмір сүруге жасалған осынау мүмкіндік үшін ата-аналар ризашылықтарын облыс әкімінің құлағына өз ауыздарымен жеткізіп жатты. Ал Самат Сапарбекұлы бұл оң бастама әрі қарай жалғасын тауып, басқа да аулалардың балаларына осындай мүмкіндік жасалуы керектігі туралы ойымен бөлісті. Өңір басшысы балаларға спорт киімдері мен доптарды мереке күніне арналған сыйлық ретінде табыс етті.

Ауланың ата-аналарымен және жас жеткіншектерімен жылы қоштасқан өңір басшысы Жұмысшы кенті ауданына бет түзеді. Онда ол осыдан екі апта бұрын ашылған жекеменшік балабақшаға барып, аудан тұрғындарының қуанышына ортақтасып қайтты. Бұл жекеменшік балабақша жергілікті биліктің қаржылай қолдауымен ашылып отыр. “Балапан” бағдарламасы шеңберінде өз іскерлігін танытып отырған жерлесіміз – Балдырған Ілиясов. Өңір басшысын мекеменің кіреберісінде қарсы алған маңайдың тұрғындары Самат Сапарбекұлымен тілдесіп, өздерінің разы екендіктерін жеткізіп жатты. Бұрын бұл ауданда бір ғана балабақша жұмыс істеп, жұртшылық үлкен мұқтаждық көріп жүрсе, енді олардың біразы өз мәселелерін шешіп алыпты.

– Балабақша мәселесін шешу үшін жалғыз мемлекеттің мүмкіншілігі жете бермейді. Ал егер ортамызда жүрген іскер азаматтар бүгінгі біз көріп отырған бастамадай қимыл танытса, құба-құп. Ондайларға біз ризашылығымызды білдіріп қана қоймай, мемлекет тарапынан көмек көрсетуге дайынбыз. Мына біз тұрған шаңырақ ұрпақ тәрбиесіне қажетті жағдайды мемлекеттік стандарттарға сай ету үшін жергілікті билік көмек көрсетуден аянып жатқан жоқ. Бүгін де, міне, 1 миллион теңгенің сертификатын оның басшысына табыс еткелі отырмыз, – деді Самат Ескендіров.

Осыдан екі апта бұрын ғана ашылған “Баларман” балабақшасында бүгіннің өзінде 36 бала тәрбиеленуде. Тіпті, олар осы күнгі мерекеге дайындалып, шағын концерттік бағдарлама көрсетуге де жарап қалыпты. Ал жалпы балабақша 75 орындық. Балаларын осы жекеменшік балабақшаға орналастыру үшін өтініш білдіргендердің қатары қалың көрінеді. Сондай-ақ бұл жерде сол ауданның тұрғындары үшін бірнеше жұмыс орны ашылған.

 

* * * 

 

 

 

Жаздың бірінші күніне дәл келетін Халықаралық балаларды қорғау күні әлемде 1950 жылдан бастап аталып өтілуде. 1949 жылы Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында балаларға арнап мереке өткізу туралы шешім қабылданып, Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл бастаманы қолдады.

Халықаралық балаларды қорғау күнінде облыс орталығының бас көшесі жас жеткіншектер мен бөбектерді жетектеген ересектерге лық толды. Онда балаларға арналған мерекенің шынайы сезілуі үшін ұйымдастырылған түрлі шараларда бүлдіршіндердің жүздері қуанышқа толып, бал-бұл жанады. Көшенің бір шетінде жас суретшілер ақ қағазға немесе тас жолдың үстіне түрлі түсті бояулармен өз ойларын бейнелеп әлек. Олардың көтерген тақырыбы біреу ғана – бейбітшілік аясындағы балалардың бақытты бал дәурені. Көшенің келесі бір бұрышында түрлі ойындарға қатысқан жеткіншектердің құмары таусылар емес. Одан әрі қарай балаларды жинап алып, оларға викториналық сұрақтар қойып жатқан орта немесе спорт жарыстары қызып жатқан жер – барлығы бұл күнгі мерекеге сән бере түсті. Әсіресе, өнерпаздар өз талаптарымен жұртшылықтың назарын аударады. Осыған дейін де жалпы-халықтық мерекелерде жасөспірімдердің өнерін талай тамашалап жүрсек те, балаларды қорғау күніндегі олардың концерттік бағдарламалары ерекше қабылданады екен. Облыстық, республикалық, халықаралық түрлі байқаулардың жеңімпаздары сахна төріне шығып, мерекені нұрландыра түсті. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы облыстық орталығының алдында, қалалық мәдениет және демалыс саябағының кіреберісінде ән әуелеткен әншілер мен мың бұралған бишілердің өнерлерін балалар тұрмақ, үлкен адамдардың өздері қызыға тамашалады.

Бұл күні 2000 балаға аттракциондар ақысыз қызмет көрсетті. Балаларды құттықтай келген “Сбербанк России” қаржы орталығының ниеті де көпке ұнады. Оның қызметкерлері түрлі ойындар ұйымдастырып, балаларды түрлі сайыстарға белсене қатыстырып, өнерлерін қысылмай көрсетуге шақырып, жас ұрпақтың көңілін көтеріп бақты. Банктің мерекелік бағдарламасына қатысқан белсенді балаларға да, сыртта қалып, ұялып тұрған жеткіншектерге де сыйлық таратылды.

“Қарасай”, “Жастар”стадиондарында да көңіл көтерушілердің қатары қалың болып, онда “Бір аспан – бір әлем” атты ұшу аппараттарының байқауы және футболдан жарыс өткізілді. Сондай-ақ Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері де қарап қалмады. Олар мерекелік бағдарламаларына “Балалар күлген кезде” деген атау қойып, түрлі шаралар өткізді. Олардың басты мақсаты – жас буынның кітап оқуға деген құмарлығын арттыру. Сондықтан ертегілердің кейіпкерлері сомдалып, ойындар ойнатылып, түрлі викториналық сұрақтар қойылып, балалар кітаптар әлеміне бойлады. Белсенділік танытқан әр балаға сыйлық табыс етілді. Жалпы бұл күні кітапхана қабырғасынан ешбір бала сыйлықсыз кетпеді.

Жоғарыдағы мерекелік шаралар ата-ананың қамқорлығынсыз қалған Балалар үйінде, кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығында, “Балалар ауылында”, сондай-ақ №17 өркендеу мектебінде де өткізілді. Барлық ұжымдар мен оны ұйымдастырушылардың мақсаты әр жасөспірімнің жүзінен балалықтың қуанышын көру болса, бұл діттеген ойларының жүзеге асқандығы анық.

 
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp