«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕГІНШІЛІКТЕ ДЕ, МАЛ ӨСІРУДЕ ДЕ ЕЛДІҢ АЛДЫНДА БОЛУҒА ТИІСПІЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Самат Ескендіров жұмыс сапарымен Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда болды. Өңір басшысы мұнда көктемгі егіс науқанының барысымен танысып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. 

Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,

журналист.

Данаш ХАМЗИНА,

журналист.

Самат Ескендіров Айыртау ауданындағы “Ратмир” ЖШС-нің танап басында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Диқандар жанар-жағармай, тұқыммен толықтай қамтамасыз етіліпті. Лизинг арқылы арнайы техника да сатып алған. “Ратмир” ЖШС дақылдарды биыл 5,5 мың гектар жерге егін егуді жоспарлап қойған. Учаскенің 90 пайызы өңделіп болған, енді, бірнеше күннен кейін жоспар толығымен жүзеге аспақ. Бүгінгі күні аудан диқандары көктемгі дала жұмыстарын аяқтауға жақын.

 

Самат Сапарбекұлы “Журавка” серіктестігінде болды. Шаруашылық 67 мың гектарға күздік қара бидай сепкен. Соңғы екі шаруашылық та “Көмек” ЖШС-нің қарамағында. Бұл серіктестіктің бас директоры Юрий Голимбовскийдің айтуынша, олардың қарамағында 7 компания бар. “Біз биыл Солтүстік Қазақстан облысында 24000 гектарға дән сепкелі отырмыз. Бұл жұмыстарға 400-ден астам адам жұмылдырылып, он бес шақты кешен шығарылды”, – деді ол.

Өңір басшысы Саумалкөл қазақ орта мектебіне де барды. Мұнда 416 бала екі ауысымда оқиды. 30 оқушы биыл 11-сыныпты аяқтағалы отыр. Оның 24-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. 2 бала – “Алтын белгіге” үміткер. Самат Ескендіров білім ордасының материалдық-техникалық жағдайымен танысты. 1994 жылы ашылған мектеп заман талабына сай қондырғылармен жарақтандырылған.

Сондай-ақ облыс әкімі Саумалкөлдегі орталық көшелердің бірінде тұрған Мемлекеттік рәміздері стеласын да тамашалады. Одан соң жаңадан салынған модульдік қазандықтың ғимаратында болды. Оның құрылысы былтыр 25 маусымда басталып, 1 желтоқсанда аяқталған. Тұрғын үй шаруашылығын қайта жаңғырту бағдарламасы арқылы бұл мақсатқа 289 миллион теңге республикалық трансферт бөлінген. Енді жылу трассасын іске қосу қажет. Ол үшін 300 миллион теңге керек. Ол іске қосылатын болса, бірқатар әлеуметтік нысандар жылумен қамтылады. Бұл мәселені өңір басшысы назарына алды.

Бұдан соң Самат Сапарбекұлы “Достық дән” және “Агро Граунд” шаруашылықтарының егістіктерінде болып, көктемгі науқан барысымен танысты. Диқандар қазір химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. “Фирма Бабық Бұрлық” ЖШС директоры Сейілбек Махметовтің айтуынша, биыл 9277 гектарға – бидай, тағы осыншасына майлы дақыл егіліпті. Бұдан басқа арпа, сұлы да себілген.

Ал Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Агро жазық” серіктестігі егіс науқанын аяқтағалы жатыр. Облыс әкімі шаруа қожалықтарындағы механизаторлардың еңбекақы деңгейін сұрап білді. Мемлекет тарапынан қазір ауыл шаруашылығына үлкен қолдау көрсетілуде. Самат Ескендіров бұл мүмкіндікті пайдаланып қалу қажеттігін ескертті.

 

Биыл аудан орталығында “Сәлем” химиялық өңдеу әуе компаниясы ашылған. Ақмола облысынан жеткізілген 8 ұшақтың барлығы күрделі жөндеуден өткізілу үстінде. Қазір ұшқыштар арнайы дайындықтан өтуде. Мұнда 20 адам жұмыспен қамтылған. Аэродром басшысы облыс әкіміне “Новоишим” әуемоделін сыйға тартты. Сондай-ақ мұнда күн батареясы мен шағын жел генераторы орнатылған. Олар күніне 6,5 кВт-тан астам қуат өндіреді. Болашақта оны 10 кВт-қа дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл құрылғылар 2,5 миллион теңгеге шетелден сатып алыныпты.

Ал “Алаз” серіктестігі 20000 тоннаға шақталған элеватор тұрғызып жатыр. Құрылыс былтыр мамыр айында басталып, биыл қыркүйекте пайдалануға берілмекші. Қондырғылар Польшадан жеткізілген. Қазіргі таңда мұндай нысан облыста біреу ғана. Бұл мақсатқа 400 миллион теңге қаржы бөлінген. Облыс әкімі мемлекет тарапынан қолдау болып тұрғанда қолайлы мүмкіндікті пайдаланып қалу керектігін ескертті.

Бұдан соң Самат Ескендіров “Намыс” серіктестігінің танап басында шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті.

“Дружба” ЖШС-нің директоры Николай Луценко өз серіктестігі 22 мың гектарға дәнді дақыл себуді жоспарлап отырғандығын айтты.

Ауданда мал шаруашылығы да жақсы дамып келеді. Мәселен, “Возвышен СК” серіктестігі былтыр мемлекеттік қолдаудың арқасында Америкадан 408 бас ангус тұқымды ірі қара әкелген. Биыл одан 170-ке жуық төл алыныпты.

Ал “Тұқым” серіктестігінде диқандар танапты химиялық өңдеуге кіріскен. Самат Ескендіров агроқұрылым басшыларына бұл мақсатта бірқатар тапсырмалар жүктеді. “Өңірімізде жер жеткілікті, ендеше мал шаруашылығы да лайықты түрде өрістеуі қажет. Біздің облыс үнемі үздік үштіктің қатарында болатын, сол жоғары деңгейден түспеуіміз керек”, – деп атап көрсетті облыс әкімі.

ЖОЛДАРДЫ ЖӨНДЕУ САПАСЫ – өңір басшысының бақылауында  

Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,
журналист.
Жеңіс ЕРМҰҚАНОВ,
журналист.

Биыл облыс жолдарын қалпына келтіруге бұрын-соңды болмаған көлемде қаржы бөлінді. Оның тең жартысы – жергілікті қазынадан. Бүгінгі күні қаржы тиісті мақсатта игерілу үстінде. Өңір басшысы Самат Ескендіров Есіл, Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға жұмыс сапары барысында жөнделіп жатқан тас жолдардың сапасымен танысты.
Есіл ауданындағы “Покровка – Корнеевка – Горное” бағытындағы жол тұрғындарды көптен бері қыста да, жазда да әбігерге салған еді. Қазір бұл жерде “Петропавл жолдары” ЖШС тас жолды жөндеп жатыр. Мамандар жұмысқа 25 мамырда кіріскен екен. Олардың атқарған шаруасын облыс әкімі өзі барып көрді.
Кейін агроқұрылым өкілдерімен жүздескен өңір басшысы биыл облыс жолдарын жөнге келтіруге 5 млрд. теңгеден артық қаржы құйылғанын жеткізді. Оның 617 млн. теңгесі Айыртау ауданы арқылы өтетін ескі жолдарды жаңартуға жұмсалады. Самат Ескендіров кешенді шараға білек сыбана кірісу керектігін қадай айтты.
Жұмыс сапарының барысында облыс әкімі Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы жолдардың жай-күйіне де назар аударды. Новоишимка ауылының маңындағы әбден тозған жол бөлігін “ДорСтрой” серіктестігі қалпына келтіруде. Жалпы аудандағы жолдарды жаңғыртуға 317 млн, теңге бағытталыпты. Самат Сапарбекұлы жұмысшыларға жол сапалы әрі мерзімінде жөнделуі қажеттігін ескертті.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp