Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте тұрғындардың өрт қауіпсіздігін сақтау мәселесі бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Онда Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Нұрлан Атығаев өңірімізде орын алған апаттық оқиғалар мен фактілерді тілге тиек етті.
ТЖД бөлімшесі бастығының айтуына қарағанда, өткен жылмен салыстырғанда өрт саны 28 пайызға азайып, одан келген адам шығыны – 11, дене жарақатын алғандар 43 пайызды құраған. Үстіміздегі жылдың 5 айында облыста 294 өрт оқиғасы тіркеліп, осы оқиғалар кезінде 26 адамның өмірі қиылып, 20 адам дене жарақаттарын алған. Өрт биыл 46 құрылыс нысаны мен 9 техниканы жалмап, 48 бас ірі қара мен 120 тонна мал азығы жойылған. Жалпы 129 миллион 185 мың теңгенің шығыны келтірілсе, тіркелген өрттің 19-ы тұрғын үй секторларында орын алған.
Тілсіз жаудың көктем-жаз айларында белең алатындығына, оған ормандарда, астықты алқаптарда, аулаларда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау себеп болатындығына тоқталған Нұрлан Бауыржанұлы мамырдың 27-сі мен маусымның 21-і күндері аралығында құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығы қолға алынғандығын хабарлады. Сонымен қатар соңғы 5 ай мерзім ішінде ауыл шаруашылығында 30 өрт оқиғасы тіркеліп, 23 миллион теңгенің шығыны келгендігін мәлімдеді.
Брифингте сөз болған келесі мәселе облыс нысандарында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау фактісі болды. Жыл басынан бері департамент қарамағындағы нысандарда 1062 тексеріс жүргізіліп, норматив тiк-құқықтық актiлерді бұрмалаудың 2206 фактісі анықталды. Тексерістің қорытындысы бойынша, 550 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 миллион теңге айыппұл салынды. Өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзған 218 шаруашылық субъектісінің іс жүргізу әрекетін 1 жылға тоқтату үшін сот органдарына өтініштер жіберілді.
Қағаздан жасалған түрлі түсті шырағданды пайдалануға заң бойынша тыйым салынғанын ескертті. Бұл талап ескерілмеген жағдайда ҚР Әкімшілік кодексінің 312-бабына сәйкес өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған азаматтар әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылады.
Баспасөз мәслихаты барысында құрылымдық бөлімшелердің өкілдері тілшілердің сан алуан сауалдарына жауап қайтарып, азаматтардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауына байланысты қолданылатын жауапкершілік шаралары жөнінде айтып берді.
(Өз тілшімізден).