Фарида ТҰЯҚОВА,
облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – баршамыздың міндетіміз.
“Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Гимнін тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы”, – деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік рәміздердің өміріміздегі мән-мағынасын, маңызын ашып айтып көрсетті. Қазақ елінде тұратын және оны өз Отаным деп білетін әрбір азамат осы сөздерді жүрегінің терең түкпірінде сақтап, қашанда жадында ұстауы керек. Бұл баршамыздың туған ел алдындағы перзенттік борышымыз. Әрине, Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу үшін алдымен олар туралы терең түсінік болуға тиісті. Мемлекеттік рәміздер – белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, бүкіл болмыс ерекшелігін білдіретін белгі.
Баршамыздың міндетіміз – еліміздің ертеңі – жас ұрпақты азаматтыққа және отансүйгіштікке, өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуді қалыптастыру, сондай-ақ олардың мәні мен маңызын түсіндіру. Мәселен, жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында арнайы оқшауланған көрнекті орынға ұдайы Мемлекеттік Ту тігіледі, Мемлекеттік Елтаңба не олардың бейнесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мемлекеттік тілдегі мәтіні орналастырылады.
Бүгінгі күні облысымыздағы кейбір білім ордаларында Мемлекеттік рәміздерді орналастыруда және ресімдеуде әлі де болса кемшіліктер кездеседі. Бұған облыстық Ішкі саясат басқармасы жанынан құрылған СҚО мекемелері мен ұйымдарында ҚР Мемлекеттік рәміздерін қолданудың мониторингі жөніндегі жұмыс тобының аудандарда жүргізген тексерістері барысында көз жеткіздік. Мәселен, Жамбыл ауданындағы Казанка орта мектебінде “Мемлекеттік Әнұран” деп жазылған. Ақжар ауданындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінде дәл осындай олқылық орын алған. Сонымен қатар, бірқатар мекемелерде Гимннің екінші қайырмасын көре алмадық. Оның үстіне орфографиялық қателер де кездесіп жатады.
Тексеріс барысында мекемелердің бірінші басшыларына міндетті түрде анықталған қателерді жою ескертілді.