«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАТРИОТТАР ФОРУМЫ Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеушілерді тоғыстырды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні облыс орталығында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған Патриоттар форумы өтті. Дәл осындай шара еліміздің әр өңірі мен ауыл-аймақтарында ұйымдастырылды. 

Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Бұл күні облыс орталығында “Өз еліңнің Туын таны!” атты акция да өтті. Онда еріктілер қалалықтарға бірнеше Тудың үлгісін көрсетіп, оның ішінен Қазақстанның Туын тауып алуды ұсынды. Ел Туын жазбай танығандарға Мемлекеттік рәміздер бейнеленген сыйкәделер таратылды. Сондай-ақ Ту ұстаған балалар мен жасөспірімдер велоспорт мектебінің 50-ге жуық велосипедшісі мен 20-ға жуық автокөліктің қатысуымен вело-автошеру ұйымдастырылып, олар “Менің Қазақстаным!” тақырыбындағы әдебимузыкалық композицияны ойнатып, қала көшелерін аралады. Орталық алаңға шыққан вело-автошеру қатысушылары жиналған қауымның алдынан өткеннен кейін Патриоттар форумы басталды. Алдымен сахна төріне еліміздің Мемлекеттік рәміздері салтанатты түрде шығарылып, Гимн ойналды.

– Осы күні Қазақстан Тәуелсіздігінің басты атрибуттары және мемлекеттік идеологияның негізі бекітілді. Бүгінгі күні Атырау қаласында өтіп жатқан республикалық Патриоттар форумына біздің өңіріміз де белсене қатысуда. Осындай форумдар өңіріміздің барлық аудандарында өткізілуде. Мемлекеттік рәміздеріміз өткен тарихты және мәдени құндылықтардың болашаққа талпынысын бейнелейді. Олар Отанға сүйіспеншілікті, мемлекетке құрметті, патриотизмді қалыптастырады. Қазақстанның Туы басқа тәуелсіз мемлекеттердің байрағымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимараты алдында желбіреуде. Ал Гимніміз Олимпиада ойындарында және әлемдік чемпионаттарда орындалуда. Біздің Мемлекеттік рәміздеріміз қазақстандық ғарышкерлермен ғарышта да болды, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Самат Ескендіров.
Мінбеге көтеріліп, Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге қатысты өз ойларын білдіргендердің қатарында “Лад” славян мәдениеті қоғамы төрағасының орынбасары Раиса Полищук, №8 эстетикалық тәрбие беру жөніндегі мектеп-кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Зоя Золотарева бар. “Саланг” әскери-патриоттық клубының мүшесі, іздеу отряды штабының жетекшісі Владимир Юрченконың айтуынша, олардың атқарып жатқан жұмыстарының арқасында өткен 25 жылдың ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқан 2008 жауынгердің сүйегі табылып, құрметпен жерленіп, 58-нің аты-жөні анықталған. Ресейдің бірқатар аймақтарында іздеу жұмыстарын жүргізген отряд еліміздің Туын өздерімен бірге алып жүруді дәстүрге айналдырған.
Мемлекеттік рәміздер күнін тойлауға “Есіл” регатасы ерекше сый жасады. Олар он күн ішінде Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласынан бастап, облыс орталығына дейін 300 километрден астам қашықтықты жүзіп өтпек. Дәл мұндай бастама облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Осы орайда сөз алған “Есіл” регатасының жетекшісі Василий Бородай Отанға деген сүйіспеншілік елдің тарихын білу ғана емес, табиғатымыздың тазалығын сақтаумен де өлшенеді, деді. Он кісіден жасақталған топ Мемлекеттік рәміздер күні жүзулерін бастамақ. Күн сайын 30 километр жүзуді жоспарлаған олар 10 күннен кейін облыс орталығына жетеміз деп отыр. Патриоттар форумы барысында жас ақын Аманжол Зағыпар Отанымызға арналған жырын оқығаннан кейін, салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.
 
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp