«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР ПОЛЯК пен ҮШ ҚАЗАҚ бірлесіп құрған серіктестік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тайынша ауданының Қарағаш ауылындағы “Астық-СТЕМ” ЖШС-нің тыныс-тіршілігі қызығарлықтай. Оның басшылық құрамының өзі сыйластық пен түсіністіктің негізінде құрылған. “Бір қазанға екі қошқардың басын сыйғызу” оңай болмаса да, өмірде төрт басшыны бір орталыққа бағындыру мүмкін екен. Бір поляк пен үш қазақ жігіттерінің іскерлік те достық ілтипаттары өздеріне ғана емес, үш елді мекеннің тұрғындарына ырыс пен береке сыйлап отыр. Серіктестік атауындағы “СТЕМ” деген ұғымның Сергей, Талғат, Елубай, Мұрат деген төрт адамның есімдерінің бастапқы әріптерінен алынып, аталмыш шаруашылықтың үлкен агроқұрылымдық нысанға айналғанына – биыл 11-ші жыл. 2002 жылға дейін өз шаруашылықтарын ғана күйттеп келген төрт басшы заманның ағымына қарай қожалықтарын бір шаңырақтың астына тоғыстыруды жөн көріпті. Ал серіктестіктің басшысы болып Сергей Звольский сайланыпты. 

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Жеке шаруа қожалықтары біріктірілген кезде “Астық-СТЕМ” ЖШС-нің еншісіне өткен жер телімі 198 гектар ғана болатын. Ал бүгінгі таңда 10 мың гектар егіс алқабымыз бар. Бұл, әрине, ауыл тұрғындарының бізге деген сенімінің ұлғайғандығының көрінісі, – дейді шаруашылық директоры Сергей Адамович.

 

2008 жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникаларын жаппай жаңғыртуға және агроқұрылымдық саланы әр бағытта алып жүруге бел буған серіктестік іргелі өндіріс орталығына айнала бастады. Тың идеялар мен жаңа технологиялық бастамалар да осы шаруашылықтың жұмыс барысында қалыптасып жатыр десек, артық айтқандық емес.

Бұл серіктестік – өңірімізде алғашқылардың бірі болып көкөніс егістігімен айналысуды қолға алған шаруашылық. Тамшылатып суару тәсілі арқылы өнімділікті арттыру да осы серіктестікте жүргізілуде. Бұл тәсілді қолдану өнімділіктің кепілі деп білетін шаруашылық басшысы көкөністен түсетін пайда қашанда көңілдегідей болатынына сенімді. Биыл олар көкөніс егілетін алқапты 208 гектарға дейін жеткізбек. Сондай-ақ 78 гектар жер аумағын суаратын АҚШ-тың “Пилот” аталатын қондырғысын сатып алу да жоғары өнім алудың шарасы. Сондай-ақ серіктестікте табиғи және тамшылатып суарудың технологияларын салыстыра отырып, зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы көкөніс – суды жақсы көретін өсімдік. Бұл үлкен еңбекті, аялы алақанды талап ететін сала. Ал аталмыш шаруашылық суармалы егістік өнімді арттыратындығын дәлелдеп отыр.

– 2010-2012 жылдар агроқұрылым үшін қиын уақыт болды. Алайда, көкөністен алынған өнімдердің арқасында біздің шаруашылығымыз табыссыз қалмады. Осы жылдары картоптың әр гектарынан – 46 тонна, сәбізден 52 тонна өнім алдық. Соларды сатқан кезде шаруашылықтағы дәнді дақылдарға кеткен шығын сезілмей кетті, – дейді Сергей Звольский.

Серіктестік дәнді дақылдардан бидай мен арпа, майлы дақылдардан рапс пен зығыр егеді. Майлы дақылдардан да жақсы табыс табуға болатынын сөз еткен басшы бұл саланы да жан-жақты дамытуды жөн көріп отырғандығын жеткізді. Олар рапс пен зығыр сатып алушылармен тікелей байланыс орнатқан. Былтыр Германияның кәсіпкерлеріне зығырды жоғары бағамен өткізе алған. Дәнді дақылдарға баға болмаған жылдары рапстың бір тоннасын – 80 мың теңгеден, зығырдың бір тоннасын 75 мың теңгеден сатқан.

Көкөніспен айналысуды қолға алған шаруашылық оның сақталу технологиясы табыс көзінің басты белгісі деп біледі. Көкөністің сұрыбына қарай олардың сақталу технологиялары да әртүрлі. Мәселен, жауыншашынды болған жылдары көкөністің құрамында су көп болса, оны сақтау қиын. Сондықтан шаруашылық сапаны жақсарту үшін шара қолданып, Ресей мен Германиядан тұқым алдыруда.

Агроқұрылым соңғы екі жыл бойы картоптың “гала” деп аталатын сұрыбын егумен айналысады. Бұл Германиядан әкелінген сырты ақ, іші сары өнімнің дәмін көпшілік ұнатып та үлгерді. Жаңа сұрып серіктестік үшін арзанға түсіп отырған жоқ, тұқымның бір килограмын олар 200 теңгеден сатып алған.

– Біздің мақсатымыз – тұтынушыға пайдалы да дәмді тауар ұсыну, – деп ойын жеткізген кәсіпкер тұтынушылар көкөністің өсірілген аймағына назар аударатынын төмендегідей оқиғамен баяндады: – Бірде оңтүстіктің саудагері бізден бір машина картоп сатып алып, оны Алматыға апарып саудаламақ болды. Сауда орнына жеткеннен кейін әлгі клиентіміз бізге хабарласып, ісінің жүрмей жатқандығын айтты. Оған сол жерде Қытайдан әкелінген бағасы арзан өнімдер бәсекелестік тудырса керек. Саудагер тауардың бағасын қытайлық өніммен теңестіре алмайды. Осы кезде бригадиріміз Төлеген Дауылбаев оған картоптың Көкше жерінен әкелінгендігін жарнамалап қой, деген ақыл береді. Содан кейін ол барлық тауарын сатып жіберіпті, – деді.

Көкөністі сақтау қиын, тез бүлінеді. Ал сырты бүтін болғанымен, ішінде ағзаға пайдалы дәрумендері жоқ көкөніс те болады, деген ойын жеткізген Сергей Адамович тұтынушы тауардың сыртқы қаптамасына қарап, қызыққаннан гөрі, оның қалай өсіріліп, құнарының қалай сақталғандығын білгені жөн, дейді. Шындығында, үй шаруасындағы әйелдер тазалауға жеңіл болатын көкөністің үлкенін сатып алғанды ұнатады. Ондай өсімдіктер тыңайтқыш заттарды көп сіңіргендіктен, үлкен болып өседі. Ондай көкөністен адам ағзасы дәрумендерден гөрі нитраттарды көп қабылдайды.

Нарық кездейсоқтыққа толы. Мәселен, 2011 жылы аталмыш шаруашылық картопты жинап алып, оның бір килосын 30-35 теңгеден өткізген, ал қыс бойы сақтап, жақсы-жаманын сұрыптағаннан кейінгі көктемгі баға 20 теңгеден аспаған. Көкөніс өсірудің қиыншылығы жетерлік. Астықты көктемде сеуіп, жаз бойы табиғаттың мейірімді болғанын тілеп, күзде жауын-шашынға тигізбей жинап алу керек. Ал көкөніс олай емес. Тұқымды топыраққа отырғызғаннан бастап, өнімді жинап алу, сақтау, сату үлкен еңбекті талап етеді. Кез келген өсімдік өсу, сақталу үшін қолайлы температура қажет. Сондықтан “Астық-СТЕМ” ЖШС-і көкөніс қоймасының құрылысына қомақты қаржы бөліп отыр. Олар өткен жылы “ҚазАгроФинанс” қаржы институтының қолдауымен сәбіз сақтайтын қойманы іске қосты. Онда 1,5 мың тонна өнім сақталады. Ғимарат 68 миллион теңгеге түсіпті, ішіндегі заманауи тоңазытқыштар мен желдеткіштер Германиядан әкелінген. Сондай-ақ кәсіпорын 20 миллион теңгенің сәбіз жинайтын комбайнын да сатып алған. Өйткені, сәбізді топырақтан ажыратудың өзінде ауаның белгіленген температурасы болу керек. Сол уақытта үлгерсең, өніміңді жоғалтпайсың. Ал көкөніс қоймаға енгізілген кезде нөлдік суықтық пен ылғалдылық тағы қажет.

“Астық-СТЕМ” ЖШС-де 120 адам еңбек етеді. Басшының айтуынша, жұмысшылардың жетіспеушілігі бар. Сондықтан жақын маңдағы Калиновка елді мекенінің тұрғындарын жұмысқа қабылдап, оларды арнайы автобуспен тасымалдайды. Алайда, білгір мамандардың қатары сейіліп барады екен.

– Қарағаштықтардың жақсы қасиеттерінің бірі – балаларының жоғары білімді болуына деген ынталары. Бірақ қалаға оқуға кеткен жастар ауылға қайтып оралмайды. Сондай-ақ жастардың ауыл шаруашылығы мамандықтарына деген қызығушылықтары аз. Бүгінде жоғары техникалық даму бағытына түскен біздің шаруашылықта бұрынғыдай еңбеккерлерді айлап жұмысқа салу деген жоқ. Олар науқан кезінде де тиісті демалыстарын ала алады. Шаруашылық ойын-сауық орталығын, дәмхананы, моншаны іске қосып қойған. Алайда, ауыл өмірі жастарды аса қызықтырмай отыр, – дейді елдің ертеңгі күніне алаңдаған басшы.

2008 жылға дейін шаруашылық өз қаржысына дамыған. Ондағы табыс көктемгі шығынды күзде астықтан түскен пайдамен жабудан артылмаған. Заманның ағымына қарай жаңа серпілістің қажет екендігін сезінген құрылымның қожайындары қаржы институттарымен қоян-қолтық жұмыс істеп, технопарктерін жаңғырту туралы шешімді бірауыздан қабылдайды. Бұл күні заманауи техникалар мен құрал-жабдықтар еңбеккерлердің жұмыстарын жеңілдетіп, әрі сапасын арттырып, өнімділікті 20 пайызға көтеріп отыр.

– Тұқым себу мен оны жинап алу мерзімдерін кешіктірмейтін болдық. Жаңа техникалардың құлағында ойнайтын кадрларды қалыптастыра бастадық. Бас мамандарды Германияға жіберіп, тәжірибе жинап қайтуларына мүмкіндік жасадық. Көрмелерге қатысып тұрамыз. Бүгінгі агротехника түрлерінің дамығандығы соншалық – кеңседе отырып-ақ, егіс даласында жүрген техниканың жарамсыз болып тұрған жерін код арқылы анықтай аламыз. Заман ағымына біз де ілесуіміз керек. Жаңалыққа ұмтылып, қашанда ізденісте жүру – бүгінгі күннің талабы. Қателіктер болды. Бірақ оны келер жолы қайталамауға тырысамыз. Алда жүру қашанда қиын, бірақ біреуге жетіп алу – одан да ауыр. Сондықтан көш басында жүрген жақсы, – дейді басшы.

Жаңғырту жолын таңдаған серіктестіктегі оң өзгерістерді аңғарған басқа шаруашылықтар олардың тәжірибесін үйренуге ниет білдіріп, осы жаққа жиі қатынай бастаған. Мәселен, біз барған күні Шағалалыдағы тәжірибе стансасының қызметкерлері келіп, олардың көкөніс сақтау қоймаларының жаңалықтарымен танысып жатты. Осылайша шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі көпке үлгі бола бастаған.

– Өткен жылы мен Омбы қаласына барып, олардың алдыңғы қатарлы шаруашылықтарымен таныстым. Бірақ олардың өз жұмыстарын ұйымдастыру деңгейі менің көңілімнен шықпады. Ал олар бізге келген кезде үлкен әсерде болды. Әрине, әріптестеріміздің, бәсекелестеріміздің бізден үйренгісі келетіні қуантады. Ондайда көмек қолын созуға дайынбыз, – дейді ол.

Әлбетте, басшыларды бүгінде шаруашылықтың несие қарыздарына батып отырғандығы қиналтады. Бірақ, өз еңбектерінің жоғары нәтижесін көрген кезде жігерлене түседі. Былтыр олар көкөністің әр гектарынан 40 тоннадан өнім алып, еңбеккерлердің де қалталары қалыңдап, көңілдері жайланып қалыпты.

– Мен бұл жерде аздаған қулық таныттым. Жұмысшылардың сыйақыларына компьютер сатып алуды жөн көрдім. Өйткені, ақша қолға тиген кезде босқа шашылып кететінін жақсы білемін. Ал бүгінгі техника заманында компьютер әр отбасыға керек. Басында еңбеккерлердің бұл ұсынысқа көңілдері толмаса да, кейін алғыс айтты. Ауылға “Мегалайн” Интернетін қосып қойдық. Сондықтан ақпараттық-техникалық даму біздің кішкене ауылымызға да келген, – дейді өз қылығын көрегендікке балаған басшы.

Бүгінде серіктестік мамандары Қарағанды облысына дейін барып, астық жинауға көмектесіп жүреді. Осындай білікті мамандардың қатары толыққан сайын басшының мерейі өседі. Өйткені, бүгінде шаруашылықтағы барлық техникалар жаңа. Оның тізгінін білікті, білімді мамандар ұстаса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

– “Патшаны маңайындағылар жасайды” дегендей, жақсы еңбеккерлер болса, басшы атақдаңққа бөленеді. Біз адамдарды шығармашылық ойлауға, өз жұмыстарына жауапкершілікпен ғана емес, жанашырлықпен қарауға үйретуіміз керек. Ұжымның әр мүшесі қай жағынан болсын, белсенді болуы тиіс, – деген басшы, жаңаша даму жолына түскен шаруашылықтың еңбекті басқаруда өз тәсілдерін қалай қалыптастыра бастағандарына тоқталды.

– Биыл біз еңбекақыны өсірудің жаңа тәсіліне көштік. Қалай дейсіз бе? Бастапқыда еңбек өнімділігін арттыру үшін атқарылған жұмысты сағатпен өлшейтінбіз. Одан, әрине, кеңестік қоғамның түсінігінен арылмаған жұмысшылар аз еңбектеніп, мол жалақы алудың қамын көбірек ойлады. Ендеше керісінше көрейік дедік. Еңбекақы жұмыстың ауқымына қарап төленетін болды. Мәселен, бір тонна өнімді өңдесең, сонша қаржы дегендей. Жұмыс жүрді. Еңбеккерлер жай тұрғаннан гөрі қимылдап, өздеріне тиісті нәпақаларын алуға тырысты. Осылайша өнімділік 70 пайызға артты. Бірақ, олар сапаға назар аудармады. Кейін коммерсанттар келіп, тауардың жақсысын таңдап, жаманына жоламағанын көргенде еңбеккерлер жұмыстың сапалық көрсеткішін жақсартуға мәжбүр болды. Өйткені, тауар сатылмаса, табыс та жоқ. Науқан кезінде механизаторлар жақсы табыс табады. Кейбіреулер бір миллион теңгеге бір-бір жарым айда қол жеткізеді. Онда да сапа көрсеткіші басты назарда, – дейді Сергей Звольский.

Серіктестіктегі орташа еңбекақы мөлшері – 45-50 мың теңге. Жалақыны көтеру – шаруашылық басшыларының көкейінде жүрген мәселе. Ауыл тұрғындары үшін бұл еңбекақы әжептәуір табыс көзі саналғанымен, жыл сайын жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқан шаруашылықтың қалтасы жалақыны көтеруге мүмкіндік бермей тұр. Басшы еңбекақыны көтеру уақыт еншісіндегі мәселе екендігін жеткізді. Іргелі шаруашылыққа мемлекет тарапынан да көмек көрсетілуде. Жеңілдікпен жанармай алу, лизингпен техниканы жаңғырту аталмыш шаруашылықтың жұмысына үлкен серпіліс беруде. Ал жұмысты ұйымдастыра алатын адамдар мұнда жеткілікті. Осындай жігерлі, талапты басшылармен барша еңбеккерлердің арқасында ауылдың ахуалы артып, тұрғындардың тұрмыстары жақсарып отырғандығы кімге болса да үлгі екендігі сөзсіз.

Суреттерді түсірген  

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp