«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЕЛІМІЗДІҢ РУХАНИ АСТАНАСЫ – ТҮРКІСТАН”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжардағы “Абылай хан” резиденциясында Түркістан қаласындағы “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының бастамасымен “Түркістан жауһарлары” деп аталған көрме ашылып, ол бір ай бойы – 16 маусымға дейін жұмыс істейтіні туралы мақала жарияланған еді. Осы салтанатты оқиға үстінде газет тілшісі қорық-мұражайдың директоры Мәулен Садықбекті әңгімеге тартып, еліміздің мәдени-рухани өмірінде көне Яссының – бүгінгі Түркістанның алып отырған орны, ондағы баға жеткізгісіз тарихи-мәдени мұралар, кесененің ашылуы жайында сөз қозғалғанды.

Мәулен САДЫҚБЕК: 

– Мәулен Жарылқасынұлы, бағзы замандарға бойлап кететін тарихымызды Түркістансыз көзге елестету мүмкін дей алмаймыз. Оның қазақ елінің шежіресіндегі орны туралы өз аузыңыздан естісем деп едім…

– Халқымыз айтатындай, “Есте жоқ ескі күндерге” менің де бойлағым келіп отыр. Тарихта “Яксарт”, “Сейхун”, “Сырдария” деген атаулар иеленген ұлы өзен – бүгінгі Сырдың бойында қадым ғасырларда ел отырықшылық қоныс тепкен көптеген ірілі-ұсақты қалалар тарихтан белгілі. Орта ғасырларда Қауыншы, Отырар-Қаратау және Жетіасар сияқты отырықшықалалық мәдениеттің үш ошағы болған.

Осындай киелі шаһардың бірі әрі бірегейі – Түркістан. Оны парсылар “Түркілер елі” деген мағынада айтса, араб жиһангездері өздерінің жазбаларында VІІІ-ІХ ғасырларда осы қала туралы мәліметтер берген екен. Сырдың орта ағысында орналасқан Яссы-Түркістан “Хикметтерді” дүниеге келтірген данышпанның арқасында мәдениет асқарына көтеріліп, қазақ даласындағы оқу мен білімнің, мәдениеттің шоқтығына айналған.

ХІІ ғасырда әмсе түркі халықтарының пірі, кемеңгері Қожа Ахмет Яссыға қоныстанады. Осы кезеңмен тұспа-тұс Яссы-Түркістанның жаңа кезеңі басталады. Археологиялық зерттеулер мұны айғақтайды. Ал ХVІ ғасырдың соңында халқымыздың Еңсегей бойлы Есім ханы Түркістанды Қазақ хандығының астанасы етіп орнықтырған.

– Әмір Темірдің Қожа Ахмет Яссауи кесенесін тұрғызғаны тарихи ақиқат қой?

– Әмір Темірдің жарты әлемге билігі жүріп тұрған кезінде салдырған керемет сәулет ғимараттарының ішіндегі ең ғажайыбы Самарқан қаласы болса, Яссының да бағасы одан кем емес. Ұлы билеуші өзін “Қожа Ахметтің шәкіртімін, ізін басушымын, іліміне ден қоюшымын” деп есептеген. Оны ардақ тұтқаны сондай, осы кесенені ұстазына арнап салдырған. Әмір Темірдің әрбір жорығы Қожа Ахметке мінәжат етуден басталады екен. Оның бұл әрекеті теріс болмай, жауды жеңіп оралған сайын Әмір Темір Яссауиді есіне алып отыратын болған. Осы ілтипаттың арқасында оның бұйрығымен ортағасырлық сәулеткерлер бүгінгі он қабат үйдің биіктігіндей етіп кесене тұрғызған. Ондағы бөлмелердің саны – 34.

1397 жылы, құрылыстың екінші кезеңінде Әмір Темір Яссының жанындағы Қарнақ қонысында салмағы 2 тонна, ішіне 3 мың литр су сыятын Тайқазан жасатып, оны данышпан ұстазының кесенесіне қойдырған. Міне, ұлы қолбасшының және жеңімпаздың қазақ тарихына жасап кеткен игілігі осындай.

– Халқымызда “Әзірет Сұлтан” кесенесіне ең ардақты деген адамдарымызды жерлеу дәстүрі ХVІІІ ғасырдың соңына, ХІХ ғасырдың басына дейін жалғасып келгені анық. Басы, әрине, Қожа Ахметтің өзі ғой.

– Иә. ХІІ ғасырда кесенеге бірінші болып Яссауидің денесі қойылған деп саналады. Екінші – Есім хан. Одан соң мұнда Жәңгір, Тәуке, Болат, Тұрсын, Сәмеке, Қайып, Сейіт, Сығай, Барақ, Әбілмәмбет, Әбілфейіз, Тоғай, Бөкей сынды хандар жерленген. Абылай хан Көкше жерінде тұрып, Қазақ хандығының көк байрағын сонда желбіретсе де, мәңгілік тыныс тапқан жері – Түркістан. Бұл “Әзірет Сұлтан” кесенесінде қазақтың абыз-әулиелері, билері, батырлары жерленген. Барлығы жүз алпыс төрт адамның мәйіті осында жер қойнына тапсырылған.

– “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының еліміздің өңірлеріндегі мұражайларға, кесенелерге өз жәдігерлерін жеткізіп, жергілікті тұрғындарға көрсетуі аса құптарлық іс екенін айтып, дәлелдеу артық сияқты. Себебі, кез келген адам Түркістанға барып, олармен таныса алмайды ғой.

– Әлбетте, солай. Осыны ойластыра келіп, біз жәдігерлерді өңірлерге апарып, көрсетуді ұйғардық. Бұл қозғалыс 2008 жылдан басталды. Еліміздің бүкіл өңір орталықтарын, ірі қалаларын қамтуды ойластырдық. Осы мақсатты тамамдауға да таяп қалдық. Біз болмаған жер – Өскемен және Талдықорған қалалары ғана. Мысалы, Қызылжар өңіріне келердің алдында қорық-мұражайдың жәдігерлерімен көкшеліктер танысты. Біз көрсетілетін бұйымдардың көшірмелерін пойызға тиеп әкелдік. Енді “Абылай хан” резиденциясында жүз жиырма жәдігер бір ай бойы көрермендерге көзайым болады деген ойдамыз.

– Біздің естуімізше, ежелгі ғасырлардағы қазақ жеріндегі қалаларда бүгіндері қолданылып жүрген құрылыстар, қатынас жолдары, жер-су байланыстары болыпты. Солардың қатарында “Сауран кәріздері” де бар екен. Бұлар туралы не айтар едіңіз?

– Сауран кәріздері туралы алғашқы дерек ХVІ ғасырдың бірінші жартысында кездесіпті. Бұлар жер асты суларын жоғарыға шығару үшін қолданылған сорғылар немесе бір-бірімен жалғасып жатқан құдықтар жүйесі. Олар Қытайда, Иранда, Ауғанстанда өте ерте замандарда қолданылыпты. Бұл елдерден қазақ даласы арқылы өтіп жүрген елшілер, саудагерлер, жиһангездер тұрмысқа қолайлы мұндай құрылыстармен яссылықтарды таныстырып, бұл жүйелер осы қарым-қатынастардың арқасында осында қолданылысқа енгізілгені түсінікті.

Сауран қаласын ауызсумен және егіс далаларын арықтар жүйесімен қамтамасыз етіп отырған кәріздер бірнеше шақырымдарға созылады. Кейіндері жер бедерін зерттеушілер бұған анық көз жеткізіп, “Сауран кәріздері” көне тұрмыстың сырларына бойлатады.

– Түркістанды, оның тарихи орындарын жыл сайын тамашалайтындар да жетерлік болар?

– Бұл анық. Мысалы, өткен бір жылдың ішінде ғана он сегіз мыңнан аса көрермен ықылас білдіріп, қаланың тарихымен, қорық-мұражаймен танысты, кесененің ішін аралап көрді, ортағасырлық сәулет өнерінің ғажайыптарына таң-тамаша болды. Олардың ішінде шетелдерден келген меймандар жетерлік. Бәрі де тарихын сақтай білген Қазақстан Республикасының бүгінгі рухани өрлеуіне зор баға берді, бізде жүзеге асырылып жатқан “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасының игіліктерін көздерімен көріп, зерделеріне түйді.

Біздің қорық-мұражайымыздың қанаты кең жайылған. Онда бүгінде 140 мәдени орталық пен 8 мұражай топтастырылған. Осының бәрі Түркістан тарихы, оның атақты тұлғалары, ғасырлардың жалғас тауып келіп, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасына ұласуы туралы баяндайды.

Қорыта айтсам, Түркістанның еліміздің мәдени-рухани келбетіндегі орны өлшеусіз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың наурыз айында Түркістанға келген сапарында біз ғасырлар бойы жасап келген игіліктерімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, ол ұрпақтарымызды өткеннің нұрымен шалқытып, болашақ биіктерге бастай беретінін атап көрсеткен еді. Сіздердің ұлы жерлестеріңіз Мағжан Жұмабаев:

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған

Түріктің Тәңірі берген несібі ғой, –

деп өлең арнаған киелі де қасиетті жеріміздің тарихы осындай.

Әрине, кейбір алып та зор жәдігерлеріміздің көшірмелерін ғана әкелдік. Олар ірі болған соң қозғауға жатпайтыны түсінікті болса керек. Алайда, осылардың өзінен де нағыз тарихи ақиқаттарға көз жеткізіп, бойға ұялатуға болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: М. Садықбек.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp