«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАНЫСЫҢЫЗДАР: “FreeBoySKz” тобы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“FreeBoySKz” тобының өнер жолына бет бұрғанына көп болған жоқ. Үстіміздегі жылдың наурызында құрылған топтың құрамында Саян Ғабдрашитов пен Нұрлан Тоғаев эстрадалық әндер айтады. 

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бір қызығы, екеуінің де таңдаған мамандықтары өнерден бөлек, дәлірек айт­қан­да, Нұрлан – жеке фирмада, ал Саян халықаралық компанияда қызмет етеді. Алайда, екеуі де саз әлемінен алыстағысы кел­мейді. Сол себептен болар, екі жастың топ құру жөніндегі ойы бір жерден шығып, олар продюсерлік қызметпен айналысатын қызылжарлық Данияр Маекеновтің көмегіне жүгінген.  

 

Данияр бұрын “Арна” тобында ән айтқан болатын. Аталмыш топ тарап кетсе де, ол өнерден бас тарта алмай, продюсерлік қызметке ауысқан. Бұл ісін 2008 жылы бастаған. Сол уақыттан бері Даниярдың бас-көз болуымен бірнеше топ құрылды. Ал “FreeBoySKz” тобына деген үміті ерекше. Бүгінде қаржыгерлік мамандығымен қатар, шоу-бизнес саласында еңбектеніп, өнер жолына жаңадан аяқ басқан жас әншілерге сахнаның сәніне айналуына қол ұшын беріп жүр. Әрі Данияр “FreeBoySKz”-тің мүшелерімен дос. Жігіт жасы – 25-ке келген серілер тырнақалды әндерін жазып, сахнада өнер көрсетуге алғашқы қа­дам жасады. Әуені жақсы болғанмен, сөз құдіретінсіз әннің бағы жануы тағы да екіталай. Екеуі бір жерден үйлесім тапқаннан кейін ғана ол жүректерге жол тартады. Біз осыған көп мән береміз, дейді топ мүшелері бірауыздан.

Нұрлан бос уақытында ән айтып, хореографияның қыр-сырын меңгергенді ұнатады. Ән айтумен қатар, спортпен шұғылданады. Топ сахнаға шыққанда, оны бимен әрлеу осы Нұрланның мойнында. Әрі әндерге мәтін жазу қабілетімен де байқалып жүр. Арнайы музыкалық бағыттағы білімі болмаса да, сазгерлік қабілеті зор Саян Ғабдрашитов – Мағжан Жұмабаев ауданындағы Құралай ауылының тумасы. Кішкентай кезінен өнерге біртабан жақын болып, есейе келе ән шығара бастаған. Фортепьяно мен гитарада еркін ойнайды.

Сахнада ән айтып, өнерлерін шыңдап жүрген жалынды жас әншілер қала көлемінде өтетін әрбір мерекелік шараға жиі қатысып тұрады, әрі жастар арасында ұйымдастырылатын кештердің белсенді мүшелері. “Бұлақ көрсең, көзін аш” дегендей, продюсер Данияр Маекенов облыс орталығындағы мәдени-сауық орындарымен келісіп, топтың танылуына атсалысып жүр. Сөйтіп, достарының үлкен сахналарда ән салуына жол салуда.

“FreeBoySKz”-тің өнерлі жігіттері түрлі той-томалақтарға да шығып, бұқараның көңілінен шығуда. Той бизнесі арқылы да шеберлігіңді шыңдап, ел арасында танылуға мүмкіндік аласың, дейді олар.

Топ бүгінгі эстрада жұлдыздарының әндерін орындап қана қоймай, өздері де ән жазып, авторлық ән шығарумен айналысады. Талабы таудай жас әншілер жақында өздері дайындаған “Bile” жаңа әнін тыңдармандар назарына ұсынбақ. Бұл топ әндерді кавернұсқамен орындайды. Бұл жанрда танымал әншілердің музыкалық композициялары басқа бір орындаушының немесе ұжымның өзіндік стилімен орындалады. “FreeBoySKz” тобы жаңа әрленген элементтерді қосу арқылы танымал музыканы өзгеше етіп жарыққа шығарады. Алдағы уақытта музыканың барлық бағытында ән айтуды мақсат етіп отыр.

Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттер брейк биін шебер орындайды. Сахнаға шыққанда әнді бимен астастырып, жастардың көңілін аулауға тырысады. Аталмыш топ қайырымдылық акцияларына жиі қатысуды көздеп отыр. “Біз иман жолындағы жастардың қатарынанбыз. Өнеріміз арқылы қолдау мен көмекке құштар жандардың көңілін жадыратып, оларды рухани байыту мақсатында жұмыс істегіміз келеді”, – дейді Данияр Маекенов.

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) С. Ғабдрашитов, Д. Маекенов пен Н. Тоғаев.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp