«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІР, ШІРКІН, ТӘТТІ ҒОЙ!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаңажол ауылының ең қарт тұрғыны Шекен Тайқашқаров әкеммен түйдей құрдас еді. “Соғыста мені бір ажалдан құтқарып қалған” деп әкемді туған бауырындай жақсы көретін. Әкем тоқсанның бесеуіне келіп қайтыс болғанда жаназасын өзі шығарып, қырық күн зират басына барып дұғасын оқып отырды.

Бірде ауылға әдейі барып, әкемнің басына дұға оқытуға әлгі кісіні үйінен алып шықтым. Ауылдың үлкен молдасы да сол кісі болатын. Жолда әңгіме айтып отырған қариям:

 

– Біз жасарымызды жасадық, асарымызды асадық. Енді Алла тағала кісіге күнімізді салмай, жайымен о дүниеге алып кетсе, айтар өкпеміз жоқ, – деді. Бір кезде машина бір шұңқырға шойнаң ете түсті.

– Алла, жаным, өзің сақтай гөр! – деді қапысыз отырған қариямыз қатты абыржып.

– Ата, жаңа ғана “Алла о дүниеге алып кетсе, өкпеміз жоқ” деп отыр едіңіз ғой, – деймін күліп.

– Е, шырағым, жарық дүниеге не жетсін! Өмір, шіркін, тәтті ғой, оған кім тойған, – деді де сөзін қайта жалғастырып: – Балам, өмір туралы бір әңгіме айтайын. Дүниеге тіршілік атаулы пайда болғанда Жаратқан Иеміз соларға ғұмыр бөліп берсе керек. Адамға – қырық, есекке – қырық, итке – қырық, маймылға қырық жас беріпті. Адамның көзі тойған ба, өмірдің қызығын көре бастаған соң Жаратқан Иемізге қайта келіп:

– Маған аз ғұмыр беріпсің, жасыма тағы азырақ жас қос, – деп өтініш білдіріпті. Жаратқан Иеміз сәл ойланып:

– Өмірдің қадірін ұққан адам ғана екен, жаңа есек келіп, маған ұзақ ғұмыр беріпсің, арқам ауыр жүктен бір арылмай, қайыстай болып қатып қалдым, жарты ғұмырымды кейін ал деген соң оның жиырма жасын, одан соң ит келіп, кісі есігінде жүріп, үйін күзетіп, малын бағып қалжырадым деген соң оның жиырма жасын, олардан қалмай маймыл келіп, балаша мәз болып жүгіруден, секіруден басқа ісім жоқ, қартайғанда оны атқарар күшім жоқ деген соң оның жиырма жасын алып қалып едім. Алсаң, солардың жасын саған қосайын, – дейді. Сөйтіп, адам өзінің қырық жасына алпысты қосып, жүз жаспен үйіне қайтады.

Қылшылдаған қырық жасты өткізіп, алпысқа қадам басқан адам үйін жасандырып, балашағасын киіндіріп, асырау үшін бар ауыртпалықты арқасына салып тасиды. Бұл есектен алған жиырма жастың тұсы екен. Алпыстан асып, қарттыққа қараған шағында келін-баласы жұмысқа кеткенде үй күзетіп, немере-шөберелерді күтіп, күй кешеді. Біреу үйге келсе: “Ол неге келді”, біреу бірдеңе сұраса: “Ол не алды” деген сауалды да жиі қояды. Бұл иттен алған жиырма жас екен. Сексеннен асып, тоқсанға ұзап қартайған адам балаша көңіл танытып, айтқанын аңғармай, қойғанын ұмытып қалады. Бұл маймылдан алған жиырма жастың кезі екен. Міне, адам қандай жағдай болса да өмірдің қызығына тоймай, жарық дүниеге құштар болған. Әлгінде Алла, жаным, өзің сақтай гөр дегенім содан болар, – деді қариям.

Арада бірер жылдан кейін ол кісі Құдай берген ғұмырдың тоқсан сегіз жасын жасап, қайтыс болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp