«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҢҚАУ АРЫСТАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Бұлақ” кеңшары жаңа құрылған кезде біраз жігіттер жүргізуші болып жұмысқа орналасады. Солардың ішінде жүргізушілік курсты енді ғана бітірген Арыстан Сүлейменов те бар еді. Жұмысқа елгезек болғанымен, аңқылдаған ақ көңіліне сай аңқаулығы да мол болатын.

Бірде Арыстан ауыл сыртындағы жанармай стансасынан машинасына бензин құйып алып, мал фермасына бет алады. Машиналарына бензин құйған екі-үш жігіт те іле соның соңынан шығады. Келе жатса қара жолдың қақ ортасында теңкиіп жатқан үлкен бакты көреді. Жігіттер тоқтай қалып, бакты қараса, бензинге толы екен. “Дәу де болса, бұл Арыстандыкі” деп бакты жабыла көтеріп, қораптарына салып алады. Бір шоқты айналып өте бергенде машинасының капотын шалқасынан ашып қойып, әуре-сарсаңға түсіп жатқан Арыстанды көреді.

 

– Арыстан, не болды, машинаң жарамай қалды ма? – деседі бұлар бірдеңені сезіп.

– Жаңа ғана бензин құйып шығып едім, машинам от алмай, бық-бық етіп сөне беріп тұрғаны, – деді Арыстан күйіп-пісіп.

– Мүмкін, бактан бензин келмей тұрған шығар, багыңды қарашы, – дейді жігіттер жымың-жымың етіп. Арыстан жерге секіріп түсіп, багын қарап, үңірейіп тұрған бос орнын көріп:

– Ойбай-ау, жаңа ғана орнында тұрған жоқ па еді, шайтан қағып кетті ме? – деп аңқылдаған қалпы станса жаққа жүгіре жөнеледі.

– Әй, Арыстан, жаңа біз жолдан бак тауып алдық, мүмкін, сенікі болар? – дейді әлгілер. Кері жүгірген Арыстан қорапқа қарғып мініп қараса, өзінің багы екен.

– Ә, бензин багы түсіп қалады деп кім ойлаған, – дейді өзіне-өзі таң болып. Бақса, машинаның жүргеніне мәз болып, бакты бекітіп қойған белдік темірлердің ағытылып қалғанын да аңғармапты. Содан кейін Арыстан бензин құйған сайын багын жұлқылап тексеруді әдетке айналдырса керек.

Тағы бірде директор Арыстанға бір топ кемпір-шалды көрші Бірлік ауылына батаға апарып келуді тапсырады. Қары қалың қаңтардың іші болса керек. Арыстан қораптың жабылғы болығын қымтап, қалың етіп сабан төсеп, айтқан уақытта кісілерді мінгізіп алып, бірақ тартады. Жаңажолдың грейдерінен қатты келіп қалған ол орталық тас жолға жалт бұрылғанда ағытылып кеткен қорап қалың қардың үстімен сырғанап барып, жол жиегінде күртікке тоқтайды. Қорапта жайғасып отырған шалдардың бірі:

– Мінгеніміз жаңа ғана еді ғой, жетіп қалдық па? – дейді есін жиып үлгермеген қалпы. Оның сөзін жалғастырған екінші шал:

– Бұл бала жын қуғандай қатты жүреді деуші еді. Бірлікке құстай ұшып жеткізгенін қарашы! Ал не отырыс, түсейік, – дейді. Шеттеу отырған шалдың бірі таяғымен болықтың етегін көтеріп, тысқа көз салады да:

– Ойбай-ау, тас жол анда, біз мұнда, бұл қалай, машинамыз жол жиегіндегі күртікке түсіп батып қалған жоқ па өзі? – дейді абыржып. Қиқалаңдаған қалпы тысқа шығады. Бір кезде әлгінің ащы даусы бәрін селк ете түсірді.

– Ойбай, машина жоқ, қардың астына сүңгіп кетпесе қарасы көрінбейді, – деді. Қораптағы шал-кемпірдің бәрі опыр-топыр тысқа шығады. Не болғанын түсінер емес, қар үстінде қалқып қонған қорапқа бір қарайды, тас жолға бір қарайды. Машина да жоқ, жүргізуші де жоқ.

Бұл кезде Арыстан артына бір қарамастан, ызғытқан қалпы Бірліктегі түсетін үйдің ауласына жетіп бірақ тоқтайды. Есік алдында күтіп тұрғандардың бірі құйрығы жұлынған тауықтай сидаңдаған қорапсыз машинаны көріп таңданған кейіппен:

– Шырағым, Жаңажолдан келдің бе, кісілерің қайда? – дейді.

– Қорапта отыр, қазір түсіріп аламыз, – дейді Арыстан кабинадан түсіп жатып. Сосын артына қарап:

– Ойбай, жаңа ауылдан шыққанда қорабым бар еді ғой, шайтан қағып кеткен бе?! – деп сөзге келместен машинасына қайта отыра салып, келген ізімен кейін тұра тартады. Сол ызғытқан бойы жол жиегін қарап отырып, Жаңажолдың бұрылысына бірақ жетеді. Келсе, кемпір-шалдар қорапты ықтасын қылып отыр екен. Абырой болғанда, сол күні ауа райы да жайлы болған.

Арыстан жанталасып ауылдан трактор әкеліп, қорапты орнына қондырып, тас жолға шыққан соң:

– Ана ауылға қайта барамыз ба, жұрт аяғы тарқағанша үлгереміз, – дейді кінәсін жуып-шаймақ болып. Сонда шалдардың бірі:

– Шырағым, ондағы жұрт біздің батамызға келмей тұрғанда аман-сауымызда ауылға жеткіз, – депті. Арыстан осы оқиғадан кейін де жолға шыққанда артына қарап, қораптың болттарын байқап отыратын болса керек. Сөйтіп, аңқаулығымен ағаттық жіберген істерімен ысылған Арыстан кейін “Мереке” кеңшарында ұзақ жыл механик, инженер болып зейнеткерлікке шығып, биыл марқұм болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp