«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМІЗДЕ ӨСІМ САҚТАЛУДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Еліміздің экспорттық өнімдеріне сұраныстың біршама азайып отырғаны анық. Оның көптеген себептері бар, олардың ішіндегі ең бастысы әлі де бұлты айығып кете қоймаған әлемдік қаржылық дағдарыс екені даусыз, яғни тұтынушы елдердің төлем қабілеті төмендей түсті. Сондай-ақ оған өткен жылдан бастап жұмыс істей бастаған Кеден одағындағы әділ бәсекелестік тетіктерінің дұрыс жолға қойылмауы да кесірін тигізуде. Осындай күрделі жағдайдың өзінде Қазақстан экономикасында өсу факторларының байқалуы бүтіндей алғанда оның бағыт-бағдарының дұрыстығын аңғартады. Экспорттық өнімге сұраныстың азаюы жағдайында экономиканың ілгерілеуінің негізгі факторы өз ішіміздегі тұтынушылардың жоғары сұранысы және елімізде байқалып отырған инвестициялық белсенділіктің жандануы болып отыр.

 

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің мәліметі бойынша, негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 3,8 пайызға өсті. Құрылыстың өсу қарқыны 2,9 пайызды құрады. Қазіргі әлемдік экономиканың баяу өсуі жағдайында, әрине, елдегі өсу қарқыны жоспарланған мөлшерлерден біршама төмен болғаны рас. Оған сыртқы сұраныстың қысқаруы, сонымен бірге егіншілікте жалпы өнім өндірудің 27,7 пайызға азаюы және мұнай шығарудың жоспарланған 81 миллион тоннадан 79,2 миллион тоннаға дейін төмендеуі себеп болды. Өндіру саласындағы осы аса жоғары емес қарқын қызмет көрсету саласындағы өсіммен шамалас. Өткен жылы көлік қызметін көрсету – 7,2 пайызға, байланыс қызметі 9,6 пайызға артты. Ал көтерме және бөлшек сауда айтарлықтай өсім беріп, 14,6 пайызды құрады.

Жалпы алғанда, 2012 жылы әлемдік сұраныстың баяулауына қарамастан, еліміздің сыртқы сауда айналымы 9,8 пайызға артты. Бұрнағы жылмен салыстырғанда тауар экспорты – 5,3 пайызға, импорт 20,2 пайызға өсті. Өткен жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5 пайызды құрады. Алайда, әлемдік экономикадағы жағдайды талдау көрсетіп отырғанындай, бірқатар мәселелерді шешуде ілгерілеу барына қарамастан, қазіргі үдерісті кез келген уақытта бұзып жібере алатын қатер де жоқ емес. Оған ұрынбауы үшін тоқсан сайын қорытынды талдау жасап, экономикалық бағыт-бағдарды түзеп отырмаса болмайды.

Алдын ала бағалау бойынша 2013 жылдың бірінші тоқсанындағы экономикалық көрсеткіштер оң сипатта. Жалпы ішкі өнім көлемі 4,5 пайызға өсті, 6 базалық салалар бойынша қысқамерзімді экономикалық индекс 103,7 пайызды құрады. Экономиканың өсіміне тұрақты макроэкономикалық жағдай ықпал етті. Жыл басынан бері инфляция 1,9 пайызды құрады. Үш айдың ішінде түсті металдар өндіру – 4,8 пайызға, жеңіл өнеркәсіп – 4,7 пайызға, химия өнеркәсібі 1,6 пайызға артты. Өңдеу өнеркәсібінің өнімдері 1,6 пайызға өсті. Кеден одағы елдерімен өзара сауда айналымы алғашқы екі айда өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 23,5 пайызға артып, 7 млрд. АҚШ долларын құрады. Экспорт – 7,7 пайызға, оның ішінде Ресейге – 7,4 пайызға, Беларуське 37,2 пайызға артты. Жалпы импорт 30,5 пайызға өсіп, ал Беларусьтен келетін импорт 16,8 пайызға қысқарды.

Елдегі жұмыссыздық деңгейі экономикалық жағынан белсенді тұрғындарға шаққанда наурыз айында 5,3 пайызды құрады. Оған “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру айтарлықтай ықпал етті. Бағдарламаны одан әрі жүзеге асыруға 2013 жылы 71 миллиард теңге қарастырылған.

Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, ЖІӨ-нің жылдам өсімі байқалды, оны ұстап тұрған жағдайда экономиканың өсуі бірінші жартыжылдықта 5 пайыздан кем болмауы тиіс. Екінші жартыжылдықта өткен жылғы құлдыраудан кейінгі маусымдық факторларды есепке ала отырып, оның ішінде ауыл шаруашылығында ЖІӨ-нің 6,8 пайыз өсімі күтіледі, ол ЖІӨ өсуін бүкіл жыл бойынша жоспарланған 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бюджет кірісі үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 1 триллион 248 миллиард теңге немесе жоспардың 99,1 пайызын құрады. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, түсім 82,2 миллиард теңгеге артты. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, республикалық бюджеттен 1 триллион 286,8 миллиард теңге жұмсалып, ол есепті кезең жоспарының 88,8 пайызын құрады, оның ішінде даму бюджеті бойынша 125,3 миллиард теңге жұмсалса, бұл былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 51,9 миллиард теңгеге артық. Бюджет шығысының басым бөлігі әлеуметтік бағыттарға жұмсалды. Жалпы шығыс қаржысынан әлеуметтік жәрдем және әлеуметтік қамсыздандыруға 25,2 пайызы, денсаулық сақтауға – 11,5 пайызы, білім беруге 7,3 пайызы бағытталды.

Тұтастай алғанда, бірінші тоқсанның қорытындысы көңіл көншітерлік. Алайда, дүниежүзілік экономиканың дамуының қазіргі жағдайына қарамастан, микроэкономикалық тұрақтылықты сақтау керек. Ол үшін биыл 6 пайыз экономика өсімін қамтамасыз ету қажет. Оған экспорттық мүмкіндіктерді арттыру есебінен ғана емес, сондай-ақ ішкі сұраныстарды да арттыру есебінен қол жеткізу керек.

Міне, осы айтылған жайттар еліміздің экспорттық серіктестері бар Еуропадағы дағдарыстық құбылыстарға қарамастан, экономикалық дамуды тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Тағы бір өте маңызды міндет – индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында тапсырылған барлық нысанның жоспарлы қуатында іске қосылуын қамтамасыз ету. Жыл сайын елдің барлық өңірінде жаңа зауыттар мен фабрикалар ашылуда. Үкімет олардың толыққанды жұмыс істеуін және еліміздің экономикалық дамуына нақты үлесін қадағалайтын болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp