Бұрнағы күні облыс орталығында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған Патриоттар форумы өтті. Дәл осындай шара еліміздің әр өңірі мен ауыл-аймақтарында ұйымдастырылды.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бұл күні облыс орталығында “Өз еліңнің Туын таны!” атты акция да өтті. Онда еріктілер қалалықтарға бірнеше Тудың үлгісін көрсетіп, оның ішінен Қазақстанның Туын тауып алуды ұсынды. Ел Туын жазбай танығандарға Мемлекеттік рәміздер бейнеленген сыйкәделер таратылды. Сондай-ақ Ту ұстаған балалар мен жасөспірімдер велоспорт мектебінің 50-ге жуық велосипедшісі мен 20-ға жуық автокөліктің қатысуымен вело-автошеру ұйымдастырылып, олар “Менің Қазақстаным!” тақырыбындағы әдебимузыкалық композицияны ойнатып, қала көшелерін аралады. Орталық алаңға шыққан вело-автошеру қатысушылары жиналған қауымның алдынан өткеннен кейін Патриоттар форумы басталды. Алдымен сахна төріне еліміздің Мемлекеттік рәміздері салтанатты түрде шығарылып, Гимн ойналды.
Мемлекеттік рәміздер күнін тойлауға “Есіл” регатасы ерекше сый жасады. Олар он күн ішінде Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласынан бастап, облыс орталығына дейін 300 километрден астам қашықтықты жүзіп өтпек. Дәл мұндай бастама облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Осы орайда сөз алған “Есіл” регатасының жетекшісі Василий Бородай Отанға деген сүйіспеншілік елдің тарихын білу ғана емес, табиғатымыздың тазалығын сақтаумен де өлшенеді, деді. Он кісіден жасақталған топ Мемлекеттік рәміздер күні жүзулерін бастамақ. Күн сайын 30 километр жүзуді жоспарлаған олар 10 күннен кейін облыс орталығына жетеміз деп отыр. Патриоттар форумы барысында жас ақын Аманжол Зағыпар Отанымызға арналған жырын оқығаннан кейін, салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.