Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қазақстанның электрондық лицензиялау жүйесінің әлемнің 64 елінің жобалары ішінде үздік атануы ұлттық ақпараттық технологияның ілгері дамып отырғанын көрсетеді. Ал мұның ел экономикасына да ықпалы бар, әсіресе, орта және шағын бизнесті дамытуда өндірістік кәсіпорындардың лицензия алуын жеңілдетудің тиімді тұстары жетерлік. Женевада өткен халықаралық конкурста Қазақстанның электрондық лицензиялау жүйесі өз санатында үздік жоба деп танылып, конкурсқа қатысқан 280 жобаның ішінде жеңімпаз атанды.
Осы бүкіләлемдік форум аясындағы жоғары деңгейдегі кездесуде қатысушылар ақпараттандырылған қоғам мәселелері бойынша жоғары деңгейлі мамандар тобының отырысын, тақырыптық семинар-практикумдар өткізеді. Қазақстандық лицензиялау желісі туралы осындай өзекті мәселе бойынша форумның қатысушылары алдында “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ басқармасының төрағасы Руслан Еңсебаев баяндама жасайды. Біздің өте жас ұлттық ақпараттық технологиямыз үшін оның өзі зор мәртебе.
Әрине, ақпараттандыру жүйесі арқылы көп жайға қанығып, экономикалық күйзелістің ауыр тұстарын да бірден дөп басып отыруға болады. Ол, әсіресе, ірі қаржы институттары үшін өте қажет. Міне, осындай толық ақпараттандырылудың нәтижесінде Еуротобы елдері Испанияны дағдарысқа қарсы реформа жүргізуді жалғастыруға шақырады. Еуроаймағы елдерінің қаржы министрлері экономикалық теңгерімсіздікті жақсарту үшін Испанияның “айтарлықтай күш-жігер” жұмсап отырғанын атап өтті, алайда оларды жүргізіліп жатқан реформаларды одан әрі жалғастыруға шақырды. Еуротоптың басшысы Йерун Дейсселблумның мәлімдеуінше, Испания үкіметі жағдайды жақсарту үшін айтарлықтай-ақ күш салып отыр, алайда әлі де қазіргі қарқынды реформа екпінін сақтауы тиіс. Еуротобы Испания мен Словенияның шектен шығып бара жатқан теңгерімсіздік көрсеткіштерін қарады, сол сияқты олардың қалыптасқан жағдайдан шығуы үшін жүргізіп жатқан реформаларын талқылады. Ол бойынша қорытынды шешім қабылдау Еуропалық комиссияның қорытынды есебіне дейін кейінге қалдырылды.
Бұдан бұрын БҰҰ-ы өз болжамын жариялады, ол бойынша Испанияның ЖІӨ-і 2013 жылы 1,4 пайызға төмендейді, ал Еуростат ондағы жұмыссыздық деңгейін биылғы жылы 28 пайызға жетуі мүмкін деп жариялады. Соңғы ресми деректерге сәйкес елдегі ресми тіркелген жұмыссыздар деңгейі тұңғыш рет 6 миллион адамнан асты. Кейінде жарияланған Дүниежүзілік валюта қорының баяндамасына сәйкес Испаниядағы жұмыссыздық 27 пайызды құрады, ЖІӨ-нің құлдырауы 1,6 пайыз деңгейінде. Ал Еуропалық комиссия биыл елдің ЖІӨ-і 1,4 пайызға кемиді деп есептейді.
Еуровалюта аймағынан тысқары отырған Ұлыбритания Еуроодағымен қарым-қатынасы туралы референдум өткізуді ойластыруда, бірақ ол 2017 жылдан беріде болмайтын сияқты. Бұл жайында корольдік үкімет басшысы Дэвид Кэмерон мәлімдеді.
“Референдумды бірден қазір өткізу біздің ұлттық мүддемізге сай келмейді, – деп хабарлады ел премьері Вашингтонда АҚШ президенті Барак Обамамен бірлескен баспасөз конференциясында. – Бұл жағдайда британдық азаматтарға реформаланбаған Еуроодақта қалу немесе одан шығу арасынан таңдау жасауға тура келеді”, – дейді ол.
Дэвид Кэмеронның айтуы бойынша, қауымдастықтың қазіргі түрінде одан әрі өмір сүруіне “жол беруге болмайды”. Ұлыбританияның ұлттық мүддесі Еуроодақтың реформаланғанын, неғұрлым ашық бола түскенін, бәсекеге қабілетті және икемді болуын қалайды. Онда, әрине, Ұлыбританияның қауымдастықтағы рөлін де өзгертуге тура келеді. Соңғы уақытта ел премьері көшбасшысы болып табылатын Консерваторлар партиясының өз ішіндегі ықпалды топтар оған референдум өткізудің ең таяу уақыттағы қажеттігін айтып, қысым жасап келді. Кэмерон бұрын жарияланған ақпараттың бәріне нүкте қойып, плебисциттің кейінірек мерзімге қалдырылғанын кесіп айтты. Британдық қауымдастық үшін бұл мәселенің маңыздылығын парламенттің қауымдар палатасында болған жуырдағы аралық сайлаудың нәтижесінің өзі көрсетті. Дауыс берудің қорытындылары бойынша консерваторлар Еуроодақтан шығуды жақтайтын екі партиядан ұтылып, тек үшінші орында ғана қалды.
Өз кезегінде Германия мен Франция Еуроодақ жастарының арасындағы жұмыссыздықпен күрестің жаңа жоспарын ұсынып отыр. Өйткені, одақтың жекелеген елдерінде бұл көрсеткіш 50 пайыздан асып барады. Осы “Еуропаның жаңа бағыты” бағдарламасы жастар үшін жаңа жұмыс орындарын құратын компанияларға миллиардтаған еуро кредит беруді қарастырады. Еуроодақтың терминологиясында 16-дан 25-ке дейінгі жастағы тұлғалар жастарға жатады. Кредитті Еуропалық инвестициялық банк береді деп күтілуде. Алдын ала бағалау бойынша осы екі ел 2020 жылдың соңына дейінгі кезеңге Еуроодақтан 6 миллиард еуроға дейін мақсатты қаржы алып, бағдарлама бағыттары бойынша өздерінің кредит босатуына мүмкіндік алады. Германияның канцлері Ангела Меркельдің айтуынша, Еуропадағы жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі өте өткір тұр.
Еурокомиссияның болжауларына сәйкес еуроаймақтың ЖІӨ-і биыл екінші жыл қатарынан азайып, ал жалпы жұмыссыздық рекордтық 12,2 пайыздық көрсеткішке көтерілді. Өткен наурыз айында блоктағы жастар арасындағы жұмыссыздық 24 пайызды құрады, ал ол Испанияда – 56 және Португалия мен Италияда 38 пайызға жетті.