«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨШ БАСЫНА ШЫҚҚАН КӘСІПОРЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Өндірістегі жаңғырту деп осыны айт!” деген таңданыс менің ғана тілімнің ұшына оралмай, басқалар да осындай ойда болары сөзсіз. “Молпродукт” ЖШС-нің өндіріс алаңының осыдан екі жыл бұрынғы көрінісі бүгінгі жаңа ғимараттың шаңына да ілесе алмайды екен. Ең бастысы – осындай өзгерістен кейін кәсіпорын агроөнеркәсіптік тауар өндірушілердің көш басына шыққан. Осыған орай серіктестіктің директоры Роза Сүлейменоваға жолығып, көкейдегі сұрақтарымызға жауап алған едік.

Роза Сүлейменова:
Серіктестіктің республика аумағында 18 сауда орталығы бар. Тәулігіне өндірілетін 250-300 тонна өнімнің басым бөлігі басқа облыстарға жіберіледі. Біз өз облысымызға аз ғана тауар таратамыз. Бұл жерлес әріптестерімізге өз тауарларын өткізуге үлкен мүмкіндік береді. Өйткені, олар сырт аймақтарға бізше оңай шыға алмайды. Сондай-ақ тауардың сапа көрсеткіші мен сақталу мерзімін ұлғайтудың арқасында тауарларды экспортқа шығару бағыттары кеңеюде. Ресейдің нарығын бағындыра бастағанымызды мақтанышпен айта аламын. Омбы, Новосібір, Екатеринбург, Иркутск, Краснодар, Дондағы Ростов сияқты аймақтарға біздің тауарларымыз үздіксіз жіберілу үстінде. Біздің мақсат – Ресейдің шығыс өңірлерін толық қамту. Сондай-ақ болашақта Беларусь, Моңғолия елдеріне сауда көпірін орнатсақ деген ойымыз да бар.

 

– Роза Әбдіғалымқызы, “Молпродукт” ЖШС-і жаңа имиджбен жұмыс істеп жатқанына көп болған жоқ. Осы аралықта қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?

– 2012 жылдың 18 қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы келіп, кәсіпорынның жаңа ғимаратының тұсауын кескен болатын. Содан бергі 10 айдың ішінде біз айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткіздік. Бұрын серіктестік тәулігіне 20 тонна сүт және сүт өнімдерін өңдесе, бүгінде бұл көрсеткіш 250-300 тоннаға дейін көтерілді. Бұл да межелі деңгей емес. Бүгінгі заманауи техниканың арқасында серіктестік өнімділігінің қуаттылығын 500 тоннаға дейін жеткізуге болады. Сондай-ақ бұрын кәсіпорында 40-50 ғана адам жұмыс істесе, бүгінде мұнда 216 адам еңбекпен қамтылып отыр.

– Зауыттағы өнімділікті арттырып, жұмыс орнын көбейтудің мүмкіндігі техникалық жаңғыртудың арқасы дегіңіз келеді ғой?

– Әлбетте! Біз кәсіпорын ғимаратын іргетасынан бастап қайта салдық, сондай-ақ оның ішіндегі құрал-жабдықтарды да толық жаңарттық. Жаңартып қана қоймай, өндірісті заманауи техникалармен жабдықтадық. Бұл, әрине, үлкен қаражатты талап етті. Серіктестік екінші деңгейлі банктің өңірлік филиалы арқылы алған 3,5 миллиард теңге несиесін бүгінде нәтижесі оң көрініп жатқан жобаға жұмсады. Оның үстіне бұл несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесіне “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша демеуқаржы беріліп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Сондай-ақ кәсіпорын өзінің автопаркін жаңартты. Енді бұл қарызды 7-10 жылдың аралығында жауып шығуды өзіне міндет етіп отыр.

– Мұндай жаңғырту сапа көрсеткішіне де үлкен әсерін тигізген болар?

– Әрине. Швеция, Голландия, Франция елдерінен әкелінген еуропалық стандарттарға сай құрал-жабдықтар өнімділікпен қатар сапа көрсеткішіне де өзгеріс енгізді. Осындай заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанған зауыт өңіріміз тұрмақ, Қазақстанда жалғыз кәсіпорын. Бұл өндіріс орнының басқа бәсекелестеріне қарағанда басты айырмашылығы – мұндағы жұмыс үдерісінің толық автоматтандырылғандығы. Өндірісте бұрынғыдай қолмен бұрап істелетін тетіктер жоқ, адамдар тек компьютердің басында отырып, ондағы ноқаттарды басу арқылы өз міндеттерін атқарады. Яғни, өндірістен адами факторлар мүлде алшақтатылған. Біздің зауыт осептикалық тәсілмен жұмыс істейді. Бұл дегеніміз – өндірілетін шикізат жабық ыдыстар мен құбырлар арқылы ауамен ешбір тоғыстырылмай тазартылады, пісіріледі, өндірістік үдерістерден өтеді. Бүгінде біз олардың өнімді жоғары сапалы ететін заманауи құрылғылар екендігіне көз жеткіздік. Сондықтан біздің зауыттан шыққан өнімдердің сапасы қандай тексерістен өтсе де, күмән тудырмайды. Осы осептикалық өңдеудің арқасында өнімдердің сақталу мерзімі де әлдеқайда ұзартылды. Енді олардың қаптамасында 40 күннен бастап, бір жылға дейін сақталу мерзімі көрсетіледі.

– “Табиғи сүт тез бүлінеді” деген түсінік бар емес пе?

– Иә, дұрыс айтасыз. Бірақ бұл ескіше жұмыс істеген кездегі нәтиже. Қазіргі техникалық даму үдерісі сүт өнімдерінің табиғи құнарын ұзақ мерзімге дейін сақтауға мүмкіндік береді. Осептикалық тәсілмен сүт және сүт өнімдерін өңдеген кезде ондағы адам ағзасына қажетті микроэлементтердің барлығы қалдырылып, шикізаттың құрамын бұзатын бактериялар мен оттегі толығымен сорылып алынады. Ол жаңа құрал-жабдықтарда оңай жүргізіледі. Мәселен, сүтті пастерлеу кезінде шикізат бұрын 80-90 градус ыстықта 20 минут ұсталса, қазір өнім 130 градуспен 2 секундтың ішінде тазаланып шығады. Осылайша тазартылған тауардың сақталу мерзімі де ұзарған.

– Тауарлар мерзімінің ұзартылуы кәсіпорынға басқа игілікті ала келген болар?

– Әлбетте. Сүт және сүт өнімдерімен жұмыс істеу оңай емес. Бұл тамақ өнеркәсібі болғандықтан, оған қойылатын талап та қыруар. Азық-түліктегі ең басты көрсеткіш – сапа. Ендеше біз өнімнің сапалы болу мерзімін ұзарту арқылы тауардың сатылу географиясын кеңейттік. Бұрын осы солтүстік өңірге ғана тауар өндіретін кәсіпорын бүгінде Қазақстанның барлық облыстарын қамтып отыр. Өйткені, сақталу мерзімін ұзартқаннан, олардың сатылу уақыты созылды. Серіктестіктің республика аумағында 18 сауда орталығы бар. Тәулігіне өндірілетін 250-300 тонна өнімнің басым бөлігі басқа облыстарға жіберіледі. Біз өз облысымызға аз ғана тауар таратамыз. Бұл жерлес әріптестерімізге өз тауарларын өткізуге үлкен мүмкіндік береді. Өйткені, олар сырт аймақтарға бізше оңай шыға алмайды. Сондай-ақ тауардың сапа көрсеткіші мен сақталу мерзімін ұлғайтудың арқасында тауарларды экспортқа шығару бағыттары кеңеюде. Ресейдің нарығын бағындыра бастағанымызды мақтанышпен айта аламын. Омбы, Новосібір, Екатеринбург, Иркутск, Краснодар, Дондағы Ростов сияқты аймақтарға біздің тауарларымыз үздіксіз жіберілу үстінде. Біздің мақсат – Ресейдің шығыс өңірлерін толық қамту. Сондай-ақ болашақта Беларусь, Моңғолия елдеріне сауда көпірін орнатсақ деген ойымыз да бар. Шетелдерге тауар шығару үшін өнімдер халықаралық стандарттардың талаптарына сай болуы керек. Өндіріс басында басталған тексерістер тауар тұтынушысына жеткенге дейін бірнеше мәрте қайталанады. Біздің тауар ол талаптардың барлығына төтеп бере алады. Өнімдер саудаға темір жол қатынасы мен автотрасса арқылы жөнелтіледі.

– Жаңғыртылған өндірісте жаңаша жұмыс істей білетін мамандар болу қажет. Бұл мәселені қалай шешіп жатырсыздар? Жалпы кәсіпорында адам еңбегі қалай бағаланады?

– Әзірге бұл мәселе бойынша қиындық көріп жүрген жоқпыз. Әңгімеміздің басында біз зауыттағы құрал-жабдықтар шетелдерден алынды, дедік емес пе. Сол зауыттардың мамандары және екі араға дистрибьютерлік қызмет көрсеткен мәскеулік компания қызметкерлері келіп, біздің еңбеккерлерді жаңа станоктарда жұмыс істеу үдерісіне оқытады, үйретеді. Зауыттағы жұмыстарға жергілікті тұрғындар тартылуда. Әсіресе, жастар. Еңбеккерлердің орташа еңбекақысы – 67 мен 71 мың теңге аралығында. Сондай-ақ ғимараттағы бос орындарда балмұздаққа арналған сұйық қоспа, йогурт пен қаймақ шығаратын желілер ашу жоспары жақын арада жүзеге аспақ. Осы кезде де жаңа жұмыс орындары пайда болады. Еңбекшілерге жұмыс жағдайы жасалуда. Бізде жұмыстан кейін жуынып-шайынатын орын, демалатын жер бөлінген. Болашақта асхана ашу жоспарланып отыр. Өйткені, оған жұмысшылар саны көбейген сайын қажеттілік өсуде. Өндіріс құрал-жабдықтары 24 сағат жұмыс істеп, тек 3-4 сағатқа тазарту шарасына ғана тоқтатылады. Жұмыс екі ауысымда жүргізіледі.

– Зауыттың толық қуаттылығына қашан жетесіздер?

– Ол үшін бізге шикізат қоры жетпей отыр. Әсіресе, қыс айларында өнімділік төмендеп кетеді. Сондықтан қыс мезгілдерінде арасында құрғақ сүтпен жасалатын сүт өнімдерін шығарамыз. Біз облыстың барлық аудандарынан шикізат жинаймыз. Тіпті, Ақмола облысына да қатынай бастадық. Шикізаттың құрамын бүлдірмеу үшін арнайы тоңазытқыштармен жабдықталған көліктер жеткілікті. Кейбір елді мекендерде қабылдау қосындарын аштық. Осы орайда бір айта кететін мәселе – сүттегі ақуыздың төмендігі. Оның жалпы мөлшері 2,5-2,6 пайыз ғана. Біз үшін бұл нашар көрсеткіш. Ақуыз 3,0-3,1 пайыз болу керек. Тайынша ауданынан алдырылатын сүттің құнары жақсы. Бұл, әрине, жемшөптің құнарлығына, малдың күтімі мен тұқымына байланысты екендігі сөзсіз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp