«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМ САУДАСЫНА ҚАРСЫ КҮРЕС ортақ іс-қимылды қажет етеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылдың мамыр айында облыс прокуроры Степан Зайтлердің төрағалық етуімен құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, онда адам саудасына байланысты қылмысты анықтау, тергеу және кінәлі тұлғаларды қылмыстық жауапқа тарту мәселелері қаралды. 

 

Ерлан ӘЛДІКЕНОВ,

Облыстық Прокуратура басқармасының аға прокуроры.

 

Статистикалық талдау көрсеткеніндей, аталмыш санаттағы қылмыс біздің облыста да тамыр жаюда. Мысалы, 2010 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы бойынша (адам саудасы) өңіріміздің қылмыстық қудалау органдары – алты, 2011-2012 жылдары бір қылмыстық іс қозғаған. Тергеу нәтижесі бойынша қылмыстық істер сотқа жолданды.

 

Ал үстіміздегі жылдың өткен мерзімінің өзінде осы санатта бес қылмыстық іс қозғалған, қазір барлығы бойынша іс жүргізілуде. Бұған қоса кеңес отырысы барысында облыс аумағында адам саудасынан зардап шеккендерді анықтау, оларға құқықтық көмек көрсетуде құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастық мәселесі талқыланды. Адам саудасынан жәбір көрген тұлғаларды анықтауда барлық мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар жүйелі жұмыс жүргізуі қажет. Бұл орайда ішкі істер органдарына артылар жауапкершілік жүгі зор.

Қазақстан Орталық Азия аумағындағы өзге елдерден келетін адам саудасы құрбандарының мекеніне айналуда, жыл сайын заңсыз еңбекке және жезөкшелік қызмет көрсетуге тартылған адамдар ел аумағына енуде. Бұдан басқа Қазақстанның өзінде де адам саудасы белең алған проблемалардың бірі болып отыр. Өз азаматтарымыз заңсыз жұмыс күші болып, шетелдерде жүр. Әрі еліміз өзге мемлекеттерге адам саудасы құрбандарын тасымалдауда транзитті аумаққа айналған.

Жалпы алғанда, адам саудасына қарсы әрекет ету жөніндегі ұлттық заңнама кінәлі тұлғаларды жазалау бойынша тиімді шараларды жүргізуге мүмкіндік береді. Осы санаттағы қылмыстардың белең алуына орай елімізде тергеу мен жаза тағайындау көбейген. Алайда, осы саладағы құқық қолдану жағдайын жан-жақты деп айту мүмкін емес, сол себепті осы бағыттағы іс-шаралардың жүргізілуі айтарлықтай нәтиже бермей отыр. Көп жағдайда тергеу тек адам саудасы үрдісінің кейбір элементтеріне қатысты жүргізіледі, ал қылмыстық жазалауға тікелей орындаушылар ғана тартылады. Бұл жағдайда адам саудасының нағыз ұйымдастырушылары тек әкімшілік жауаппен құтылады немесе жазалаудан мүлде тыс қалады.

Саудадан зардап шегуі мүмкін адамдарды нақты және ұқыпты анықтау ең алдымен олардың жеке басы қауіпсіздігі мен конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін қажет, сондай-ақ олардың аса маңызды қызметтерді алуын кепілдендіреді. Адам саудасы құрбандарын дұрыс анықтау көптеген қылмыстарды ашуға мүмкіндік береді. Аталмыш мәселенің орын алуының тағы бір себебі, адам саудасы құрбандарын анықтауда әдістемелік және жүйелі жұмыстың жоқтығы болып отыр. Екінші бір себебі – жәбірленушілер құқық қорғау органдарымен әрекеттесуге ынта танытпай келеді. Бұл көбіне-көп аталмыш органдарға деген сенімсіздіктен және өз басы мен отбасының қауіпсіздігіне алаңдаудан туындауда. Адам саудасының өршуіне осындай қылмыстан жәбір көрген шетел азаматтарының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін шекарадан қуылуы себеп, олар көбіне заң бұзушы ретінде жауапқа тартылады, ал мұндай азаматтарға адам саудасынан зардап шеккендер ретінде құқықтық көмек көрсетілмейді.

Жоғарыда аталған барлық себептер облыс деңгейіндегі құқық қорғау органдарының адам саудасына қарсы күресінің төмен деңгейде екендігін көрсетеді. Бұл қоғамдық проблеманы шешу мақсатында өңірдің барлық мемлекеттік органдары өзара тығыз байланыста жұмыс жүргізуі тиіс. Осы ретте біздің облысымыз бен көршілес Ресей елінің шекаралас өңірлері арасындағы өзара ынтымақтастық та қанағаттандырғысыз жағдайда. Оны жолға қою мәселесі де өзекті.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp