«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЫЛҒЫ ҰБТ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстандық мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырып болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша басталып, биылғы жылы оныншы мәрте өткізілген бұл сынақ түріне 95,5 мың түлек қатысты. Республика бойынша орташа балл – 74,5. 7 түлек ең жоғары – 125 ұпай алды. 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов бірқатар қазақстандық жетекші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен сұхбатында 2013 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысына баға берді. Оның айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізе бастаған 10 жыл ішінде осы сынақ түріне талдау жасап, алдағы шешетін мәселелерді нақты айқындауға толық негіз бар. Осы жылдар аралығында 1 миллион 335 мың оқушы ҰБТ тапсыруға қатысқан. Бұл мектептер түлектері санының 80%-ын құраған.  

“Барлық басты көрсеткіштер бойынша 2013 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары”, – деп атап көрсетті Бақытжан Жұмағұлов. Биылғы жылы еліміз бойынша 100-ден жоғары балл жинағандар саны артып, 2013 жылы 11167-ге (2012 жылы – 10756) жеткен. “Алтын белгіге” үміткер 4489 түлектің 1474-і білімдерін дәлелдеді. Оның ішінде 1059-ы – қазақ тілінде, 391-і – орыс тілінде білім алатындар. Қалғандары – өзбек және ұйғыр тілінде оқитындар.

Шектік көрсеткіш 50 балдан жинай алмағандар саны – 27465, бұл өткен жылғыдан 16 мыңға аз. 2012 жылы 50 ұпайға жеткізе алмағандар саны 43163 жеткен. Жоғары балл жинауға тест тапсырмаларының сапасы жетілдірілгені де себеп болған. Оған апелляция нәтижелері дәлел болады. Мәселен, 700 сұраққа апелляция берілсе, соның 156-сы қанағаттандырылған.

Бақытжан Жұмағұлов: “ҰБТ, ең бастысы, оқыту нәтижесін бағалау кезінде “адами факторды” күрт төмендетеді. Осыдан маңызды үш нәтиже шығады. Біріншіден, бағалау барынша әділ жүргізіледі. Екіншіден, жоғары оқу орындарына түсуге тең әрі шынайы қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, ҰБТ жоғары оқу орындарына өздерінің тұрғылықты жерінен ұзап шықпай-ақ түсуге мүмкіндік береді. Бұл ең бірінші кезекте ауыл тұрғындарына тиімді. Үшіншіден, сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол бермейді”, – деген пікір айтты.

Сонымен қатар, Білім және ғылым министрі оқушылар мен ұстаздардың оқуға деген көзқарастарының өзгергенін тілге тиек етті. Олардың қарым-қатынасы өзгеріп, екі жақ та табысқа жету үшін мектепте оқытылатын пәндер бойынша терең білім қажет екенін түсінген. Бұл бағытта Елбасы тапсырмасы бойынша өңірлерде құрылған Білім және ғылым саласындағы бақылау департаменттерінің жұмысын атап айтуға болады.

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу еліміздің 155 тест тапсыру орталығында өтті. Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ның ұйымдастырылуы мен объективті өтуін қамтамасыз етті. Мемлекеттік комиссия құрамына жергілікті атқарушы билік, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуы да ықпал еткендігі кездесу барысында атап көрсетілді.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp