Роза Исина (суретте) – мамандығы бойынша химия және биология пәндерінің мұғалімі. Бірақ ол саналы өмірін тәрбиешілік қызметке арнаған. 18 жыл бойы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта тәрбиеші болып қызмет етіп келеді.
Облыс орталығынан алыстағы аудандардың дарынды балалары интернатта жатып оқитын оқушыларға ананың орнына – ана, әкенің орнына әке болып жүрген Роза Васильевна – Тимирязев ауданының тумасы. Әкесі Түменде туған соң ұлты қазақ болса да, Василий атанады. “Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болуды” қалаған әкесі тарихи Отанына 80-ші жылдардың соңында көшіп келіп, Қайыржан атанып кетеді. Содан бері Роза Исина құжат бойынша ғана Васильевна болып, өз ортасында Қайыржанқызы болып танылады.
Әкесінің қалауы бойынша ұстаздық жолды таңдаған Роза ол кездегі Ушинский атындағы педагогикалық институт, қазіргі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің химия және биология факультетін 1990 жылы тамамдайды. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген уақытқа тап болғандықтан, бастапқыда “Голубок” бала-бақшасына тәрбиеші болып жұмысқа қабылданады. Бірақ ол кезде алғашқы жұмысы оның тәрбиеші болуына жолдама болатындығын білмеген де еді. Балабақшадағы жұмысынан кейін гимназия-интернатқа тәрбиешілік қызметке ауысады. 1993 жылы өз қарамағына буыны қатая қоймаған оқушыларды алады.
– Олар ол кезде тіптен кішкентай еді. Ата-аналарының қасынан енді жыраққа кетіп, сағыныштарын баса алмай, көздері жасқа толып жүретін. Олар менің бойымнан анасының жылы алақанын көргілері келетіндіктерін түсіндім. Сондықтан да, оларға жас болсам да, барынша отбасылық жағдайды туғызып, аналық мейірімді шашуға тырыстым, – дейді ол.
Облысымыздың алыс-жақын аудандарынан келіп, интернатта жатып оқитын балалар да көп. Туып-өскен ауылдарынан, туған үйінен білім іздеп, қалаға келген балалар интернаттағы өмірге бастапқы уақытта үйренісе алмай, көзден жасты талай сорғалатады. Бірі анасын сағынса, бірі үйін, ауылын сағынып жатады. Осындайда баланың бар көңілін оқуға бұрып, білімге деген сүйіспеншілікті ояту интернаттағы ұстаздарға қалай байланысты болса, тәрбиешіге де тура қатысы бар. Тамақтандыру, бөлме мен киім тазалығын қадағалау, үйге берілген тапсырмаларды орындау, оқушылардың сабақ үлгерімін бақылау бұл интернаттағы тәрбиешінің атқаратын қызметінің бір бөлігі ғана.
Әсіресе, қыздар тәрбиесіне ерекше ден қойған Роза Қайыржанқызы оларға ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес. Қыз балаға жеке басының тазалығынан бастап, үстіне киген киіміне дейін мән беруді үйретіп келеді. Бүгінгі күні жоғары санатты тәрбиеші – гимназия-интернаттың 6-сынып оқушыларының тәрбиешісі. Гуманитарлық бейімдегі аталмыш сыныпта 25 оқушы білім алса, оның ішіндегі 15-і – интернатта тұратын балалар. “5 ұл, 10 қызым бар” деген ол әрбіреуін өз баласындай қабылдайтындығын айтады. Оқушылар арасында әр өңірден келген балалар бар. Ең шалғайы – Ақмола облысы. Краснояр ауылы мен Көкшетау қаласының өзінен интернатта тұрып оқитын балалар да бар. Балалардың үлгерімі жақсы. Әртүрлі ғылыми жұмыстар мен сайыстарға қатысып жүрген оқушылардың аяқ алысы жаман емес, дейді тәрбиешісі.
– Мектеп-интернатты 2004 жылы бітірген түлектерді 2-сыныптан тәрбиеледім. Олардың дені қазір еліміздің түкпір-түкпірінде алған мамандықтары бойынша қызмет етуде. Барлығының бала-шағасы, өз отбасылары бар. Олармен әлі күнге дейін хабарласып, хал-жағдайларын сұрасып, білісіп тұрамыз. Одан кейінгі түлектерім 2011 жылы мектепті бітірген болатын. Бүгіндері олар еліміздің беткеұстар жоғары оқу орындарында білімдерін шыңдауда. Олардың әрқайсысы менің көз алдымда ержеткен соң әрбіреуі маған ыстық, өз баламдай болып кетті, – дейді Роза Исина.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.