Қажыбай АЙТИБАЕВ,
Мамлют мәдени орталығының
директоры.
Мәдениеттердің үйлесімін біз алыстан іздемейміз. Оған өз өмір-болмысымызда дәйектер жетерлік. Егер Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл елімізде 408 ұлттық-мәдени орталықты біріктіріп отырса, біздің өз ауданымызда республиканың негізгі ұлты – қазақ халқынан басқа, орыстар, украиндар, немістер, татарлар және басқалар тұрады. Демек, осы ұлттардың әрқайсысының ежелден қалыптасқан төл мәдениеті бірге жасай береді. Мұны тілге тиек етуімнің себебі – біз өз жұмысымызда сол ұлттық мәдениеттердің өркендеп, тұрғындар арасында кеңінен қанат жаюына жағдай жасаймыз.
Қандай бір мемлекеттік маңызды салтанаттарда, дүбірлі думандарда жалғыздара халықтың ғана өнерімен шектелуге болмайды. Сондықтан аудандағы көптеген ұлттардың өнерінің бұқараға жол тартуына күш саламыз. Мәселен, мен басқаратын мәдени орталық 2012 жылғы 1 желтоқсанда алғаш рет тойланған Тұңғыш Президент күніне арнайы даярланып, “Біздің елдің Көшбасшысы” деген концертті және театрландырылған көріністі көрермендерге тарту етті.
Бағдарламамызды кеңейте және жаңарта отырып, 16 желтоқсанда аталып өткен Тәуелсіздік күніне арнап осындай концерт және театрландырылған көрініс ұсындық. Бұл жерде бір айта кетерім, концертпен бірге театрландырылған көріністі бағдарламаға енгізуім – менің өз тарапымнан қосқан жаңалығым. Өйткені, мен – сахнагермін. Артистік жолды ерте бастағанмын. 1999 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын тамамдап, 2005 жылға дейін Қызылжардағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында сахнагер болдым. Одан соң Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Шаңырақ” студенттер драма клубын басқарып, режиссер, көркемдік жетекші ретінде бірнеше қойылымдарды сахнаға шығардым. Демек, театрландырылған көрініс – менің оңтайлы ісім.
Осындай күш-жігермен орталық қызмет-керлерін және ауданымыздың беткеұстар өнерпаздарын қатыстыра отырып, Жаңа жыл мерекесіне арналған концерт ұйымдастырған едім. Ол көпшілік көрермендердің көңілінен шығып, жұртшылық алғысына бөленгеніміз жігерімізді жани түсіп, талап-талпынысымызды одан әрі қанаттандырды.
Есте қаларлық бір ісіміз деп “Қазақстан – 2050” Стратегиясына арнап аудандық ақындар айтысын өткізуді қолға алғанымды айтар едім. Бұған дейін Мамлют ауданында мұндай өнер сайысы өте қоймаған екен. Ауыл-ауылдардан сөзсайысқа қабілеті барларды іздестіріп, ақыры айтыс өткіздік. Көпшілікке үлкен әсер етті. Онда республикалық “Мұқағали оқуының” бас жүлдесін иеленген Нұргүл Оқашева үздік болды. Ол Науырыз мерекесінің құрметіне арналған облыстық айтыста да мерейге бөленіп, үшінші орын алды.
Облыстық “Солтүстік – 2013” спорт мерекесі, Халықаралық әйелдер күніне арналған концерт пен театрландырылған көрініс, “Наурыз мейрамы”, Қазақстан халқының бірлігі күні, аудандық “Мамыр жұлдыздары” атты әскери-патриоттық әндер сайысы, Жеңіс күніне арналған мерекелік бағдарлама – біздің мәдени орталықтың тікелей басшылық жасап, ұйымдастыруының нәтижесінде атқарылған мәдени шаралар.
Халқымыз “Ел іші – өнер кеніші” деп тегін айтпаған. Ауданда, оның орталығында домбыра тартатын, қобыз шертетін, басқа халықтардың ұлттық аспаптарында ән-күйлер орындайтын, көздің жауын алып билейтін өнер иелері баршылық. Тек оларды жұртшылық ішінен тауып, көпшіліктің алдына шығып, өнерін көрсетіп, ысылуына жағдай жасауымыз керек.
Мамлютка қаласы.