Вероника мен Виктория Миронычевалар – Жамбыл ауданының Мирное ауылының тумалары.
Олардың тату-тәтті отбасыларында әкенің сөзі заң. Қыздардың әкесі Павел Миронычев – аудандық аңшылар мен балықшылар қоғамының төрағасы. Әрине, оның қызметтік ортасы отбасының, әсіресе, қыздардың өмірінің қалыптасуына тікелей әсерін тигізді. Отбасымен бірге олар жиі табиғат аясына шығып, балық, аң аулады. Тұңғыш қызы үй тұрмысына жақын болып өсті. Саналы өмірін медбикелік қызметке арнағаны сондықтан да болар. Екі көпей қыз – егіздер дүниеге шыр етіп келгеннен өздерінің бойындағы ерекшелікті паш етті. Екеуі бала кезден тура ер балалардай тентек болып өсті. Олардың қылықтарына қарап, анасы қыздарды ұл болып дүниеге келуі тиіс еді деп жиі айтатын. Жасынан әкесіне жақын өскен қыздар қару-жарақтың барлық түрлерін меңгеріп алды. Бойжеткендер үшін карабин, автомат, пистолетті қолға алу оңайдың оңайы. Мотоцикл, жеңіл автокөлік, жүк автомашинасын да бес саусақтай біледі.
Қыз бала әдетте жәндік атаулыдан қорқақ келеді. Әсіресе, тышқанды көрсе, төбе шашы тік тұрып, бар дауысына салып, шыңғыратын да дәл осы қыздар. Бірақ бұл Вероника мен Викторияға қатысты емес. Бала кезінен табиғатқа бауыр басқандықтан болар, олардың жан-жануардың үлкені мен кішісіне бүйрегі бұрып тұрады. Қыздар, әсіресе, үй жануарларының тілін бір адамдай түсінеді. Оларды жақсы көреді. Табиғатты қадірлейді. Туып-өскен ауылының ақ қайыңды және көктеректі ормандары мен көлдерінің сұлулығына тәнті болған Вероника мен Виктория әрбір тоғай шетін, демалыс орындарының ең әдемі жерлерін жатқа біледі. Сонымен қатар, үй жұмысына да шапшаң. Тамақ пісіру, үй жинау, кір жуу олар үшін түк емес.
Ұзын бойлы, сымбатты, әдеміше келген егіздер өздерін полиция қызметіне сенімді дайындады. Погонды қызметке екеуі әртүрлі жолмен келді. Мінезі сабырлы Вероника алдымен аудандық полицияда есепші ретінде қызмет атқарып, Жамбыл АІІБ-нің көші-қон полиция тобының инспекторы болып сап түзеді. Виктория ширақтығының арқасында қалалық Ішкі істер басқармасында криминалист қызметін атқарып келеді. Қызметтеріне қарай екеуі бір-бірінен бөлек тұрады. Десе де, екеуі күнде телефон арқылы хабарласып, бір-біріне деген сағыныштарын басып тұрады. Екеуі кездесе қалса, күлкі ешқашан тыйылмайды.
Екі егізді көшеде кездестіру жақсы ырымға баланады. Лейтенанттық иық белгі асынған екі қыз көшеге шыға қалса болғаны, халықтың жапа-тармағай олардан көз алмайтындықтарын байқау қиын емес.
Тентек қыздар өздерінің ұқсастықтарын пайдаланып, достары мен жақындарын кейде “алдаған” кездері де болғанын жасырмады. Қызмет бабында мұндай қулыққа бармағандықтарын айтады олар. Десе де, Вероника: “Қалалық бөлімге кіріп барсам болғаны, барлығы: “Сәлем! Сәлем!… деп қызметке қатысты сұрақтарын қоя бастайды. Ақырында Вика еместігімді мойындауға тура келеді. Туған аудандарында апалы-сіңлілі екі егізді жақсы таниды.
Әке тәрбиесімен бойларына дарыған жауапкершілік, ынтымақ, ынта сақшы қыздардың қызметтерінде де көрініс тапты. Криминалист Виктория үшін оқиға болған жерге бару, оқиға орнын тексеру, дәлелдер жинау – жұмыс қана емес, сүйікті іс. Сондықтан да ол күннің 24 сағатында жұмысқа әр кез дайын. Себебі, оның атқарған жұмысына қылмыстық істің нәтижесі тікелей байланысты. Қалалық жедел-криминалистік бөлімнің басшысы, полиция подполковнигі Ольга Потороча: “Вика – өте зерек. Елгезек. Криминалистік қызметтің ережелерін бірден қағып алады. Алда әлі көп нәрсені білуі, оқуы тиіс. Бірақ оның бойында өз білімін арттыруға деген ықылас мол…”, – дейді.
Вероника жас қызметкерлер слетінде: “Полиция мен үшін – өмір салты. Ата-анам мені қолдайды. Бірақ оларға уақытым жетпей қалғанда менен саған осындай жұмыс керек пе деп сұрайды. Мен керек деп жауап беремін…”, деп қызметіне деген адалдығын қарапайым сөзбен жеткізген болатын.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
СҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі.
Суретті түсірген автор.