«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кім озар екен, ә?.. немесе бүгінгі Асан мен Үсен

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Байқал БАЙӘДІЛОВ,

журналист.

Асан айдын көлдің жағасынан суырған ақ борықтай аққұба келген, жасына жетпей білінер-білінбес қозықарын байлаған ұзын бойлы бозбала. Үстінде – ине-жіптен жаңа шыққан “ARMANI” фирмасының костюмі. “Diba” фирмалы көйлегінің сыртынан “Kenzo” фирмасының әдемі галстугын тағыпты. Орта мектепті жаңа ғана аяқтап жатса да, қимыл-қозғалысында, жүріс-тұрысында ерекше бір маңғаздық, сырт көзге ілінер-ілінбес өркөкіректіктің салқын лебі есіп тұр. Бүгін Ұлттық бірыңғай тест тапсырып шыққан. Жауаптарына көңілі толмады ма, әлде, басқа бір себебі бар ма, әйтеуір, мектептің алдында ерсілі-қарсылы адымдап жүр. Аяғына киген “Salomon” аяқкиімі Асан қадам басқан сайын жарқ-жұрқ етіп, шарасынан асып төгілген дәулет пен шексіз байлықтың барлығын паш етіп тұрғандай. Жаңа ғана шықса да қолындағы швейцариялық алтын сағатының күн сәулесімен ойнаған жалқын нұрын жарқыратып, қайта-қайта қарайды. Көп кешікпей мектеп алдына су жаңа “Тойота Ланд Крузер” келіп тоқтады. Сыныптастары, сыныптастарыңыз не – күллі мектеп Асанның көлігін қозы көш жерден таниды. Нөмірі “777”. Кәмелетке жасы толмаса да мініп жүр. Кейде әкесінің жүргізушісі жуып әкеп береді. Асан соңғы үлгідегі “Iphon” қалта телефонымен асығыс тілдесті де, жүргізушісін қоя берді.  

 

Биыл жаз ерекше жауынды болып тұр. Әншейінде шайдай ашылатын аспан бірер сәттен соң селдетіп құя салады. Бүгін де Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқтала бергенде өткінші жауын сіркірей жөнелген. Асан қолындағы “Brooks” фирмалық қолшатырын ашып, мектепке қарай беттеді. Дәл осы сәтте Асанның сыныптасы Үсен де тест тапсырып шыққан. Тумысынан ақкөңіл Үсен он жыл бірге оқыған Асанды ол аса жақтырмаса да бауыр тұтады. Бүгін де солай. Әрі ерекше. Енді бірер сәттен соң 10 жыл бойы бауырына басқан, талай қызық күндері өткен білім ошағынан темір қанат балапандарша армандай алыс болашақты бетке ұстап, ұшып шықпақ. Содан соң тағдырдың ұйытқыған желі қай қиырдан шығарарын кім білсін? Үсен арсалаңдап Асанның жанына келгенімен, ол қол шатырына паналата қоймады. (Алтайдан Атырауға дейінгі ен далаға сыйыса алмай жүрген екі қазақтың басы бір қолшатырдың астына сыюшы ма еді?!.).

Үсеннің үстінде – жеңдері қырқылып, шынтағы ақжем болған көнетоз қытай костюмі. Костюмнің ішіндегі қырғыз көйлегі ескі болса да, ұқыпты үтіктелген. Аяғындағы қытай ағайындар тіккен, өкшесі оң жағына жапырылған, киісті көп көрген туфлиі экономикалық дағдарыс кезеңіндегі жалпы халықтың күнкөрісінің, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалының көзге ұрып тұратын көрсеткіші тәрізді.

– Қалайсың, братан? – деді Асан. – Сұрақтарың круто болды ма?

– Жоқ, онша қиналған жоқпын, – деді Үсен. –125 сұрақтың 120-сына анық дұрыс жауап берген тәріздімін.

Мынадай жауаптан кейін Асан онымен сөйлескісі де келмеді. Ішінен сенің 120 сұраққа жауап бергеніңді не қылайын, бәрібір, мен сияқты Америкаға барып оқи алмайсың. Асанның әкесі мектеп бітірісімен Америкаға аттандырамын деп уәде берген.

Баяғыда бала кезінде Асанда ұзындығы бір жарым, ені жарты метр аквариум болған. Астанаға бір барғанда әкесі шылдыр шүмектің басындай қызыл-жасылды, қабыршақтарынан алтын сәулелері жарқ-жұрқ етіп, ойнап тұратын тап-таза мөлдір судың ішінде бір сәт тыным таппай құлдилап жүзетін әдемі балықтар әкеліп берген. Олар бергі жағынан қарағанда ар жағындағы еурожөндеудің бар салтанаты көрінетін аквариумның ішінде әлдебір көзге көрінбейтін қуатты қол сапырып жатқан алтын теңгелер сияқты көрінер еді. Бір күні Асан орталық базардан жеңді білектей балық сатып алды. Әлгі жай емес, жыртқыш балық екен. Келесі күні қараса аквариумдағы алтын балықтардың бірі жоқ. Асан бауыр басып қалған балықтарын қимай жылаған. Сонда өмірден өзінше түйгені көп әкесі былай деген:

– Асанжан, бұл – өмір. Сенің балықтарың да адамдар сияқты. Өмірде де күштілер әлсіздерді осылай жейді. Егер әлсіз болсаң, әлдебіреудің жемі болып кетесің, ол үшін маңайындағыны жайпап-жасқайтын азуың болуы керек. Азулы болсаң ғана мен сияқты ғұмыр кешесің. Адамдар қорыққанын ғана сыйлайды. Сәл әлсіздігіңді көрсетсең, кім-көрінген сені басынып, алдыңдағы асыңды тартып ішеді…

Әкесінің төске балға ұрғандай етіп құлағын шыңылдатып айтқан қатыгездеу тәрбиесі Асанның есінде мәңгілік қалды. Бұдан былай өмір айдынында тістілер мен күштілер ғана жүзе алатынын мықтап түйсінді бұл.

Үсеннің әкесі облыстың ауыл шаруашылығына қатысты мекемеде жұмыс істеген. Кейін қысқарту жүргізіліп, үйінде жұмыссыз отыр. Мамандығы – агроном. Шешесі көптен сырқат. Әкенің бар ермегі – кітап оқу. Содан ба екен, оның да өмірден өз түйгені бар. Бір күні Үсенінің маңдайынан сипап отырып, ақыл айтқан:

– Біз қиындықты көп көрдік. Сендердің де көрешектерің аз емес шығар. Жалпы, бізге дейінгі буынның пешенесіне тым ауыр тағдыр жазылды. Олар өздері көргенді кейінгі ұрпағымыз көрмесін деп балаларын аста-төк молшылықта ұстауға тырысты. Содан барып өмірде ештеңеге ебі жоқ ақсаусақ ұрпақ өсіп шықты. Бүгінгі қоғамның қасіреті де осында…

Әке ақылын өмірлік ұстаным еткен Үсен көршісі Қоныс ағаның ескі машинасын жөндеуге көмектесіп жүріп, өзі де үйреніп алды. Қазір машина жөндеуді, дәнекерлеуді, үйдегі ол-пұл бұйымдардың ақауын жөндеуді жақсы біледі.

…Сәлден соң түгел сынып сынақтан шықты. Бұлардың сыныбындағы ең әдемі қыз Раушан ойыншыны аралас бәйге жариялаған. Шарты – мектептің бір бұрышынан екінші бұрышына дейін жаяу жүгіру. Жүлде сыныптастардың осыдан он жыл бұрын түскен көне суреті. Түгел сынып жарысқа қатысқан. Асан мен Үсен де. Кәдімгі тіршілік үшін жарыс тәрізді. Кім озар екен, ә?..

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp