Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ерлі-зайыпты Евгений мен Татьяна Жилиндер – өткен ғасырдың 80-ші жылдары Ресейдің Свердловск қаласындағы орман техникалық институтын бітіріп, ұзақ уақыт Тайынша қаласындағы жиһаз фабрикасында еңбек еткен жандар. 1999 жылға дейін бұл кәсіпорын көптеген жергілікті тұрғындардың жұмыс көзіне айналды. Сондықтан болар, бұл елді мекенде ағаштан бұйым жасайтын шеберлер көптеп саналады. Солардың бірі – Жилиндер отбасы. Білімдері мен біліктіліктері ағаш өнеркәсібі саласы бойынша дамыған мамандар фабрика жабылған соң жұмыссыздықты ауыздықтау үшін өздерінің жеке кәсіпкерлігін қолға алуды жөн көреді.
– Фабрика жабылып қалғаннан кейін қол қусырып қалдық. Отағасы қайтсе де отбасын асырайды ғой, бірақ әр жұмысқа тиіп-қашып жүрген жанның ісінде береке жоқ. Дегенмен, жұбайым қолы бос кезінде өзінің сүйікті ісімен айналысуды ұнататын. Қорадағы шағын шеберханада маған асүй жиһазын жасап берді. Оның бізге ұнағанын көріп, балалардың бөлмесіне керекті жиһаздарды тағы жасады. Бұл жаңартуларымызды үйге келген қонақтар мен көрші-қолаңдар көріп, қызығушылық танытты. Жасаған бұйымдарына осындай көзқарастан кейін отағасының өзіне деген сенімділігі артып, қолынан келетін істі дөңгелетуге бел буды. Оның бұл шешімі маған да ұнады. Біз ағаш өңдейтін станок сатып алып, шеберхана үшін ғимарат жалдап, жұмысты бастап кеттік. Оның үстіне ержетіп келе жатқан ұлымыздың да білімі мен қабілеті бұл шешіміміздің дұрыстығын нығыздай түсті. Отбасымыздың ұйғарымымен ұлымыз Алексейдің атына жекеменшік кәсіпкерлігін құжаттап, басқарушылық билікті соның қолына ұстаттық. Енді бүгін өзіміз күн демей, түн демей баламыздың қасында жүреміз, шаруашылық жағын басқарып, еңбек етеміз, – дейді Татьяна Васильевна.
Осылайша 2006 жылы “Жилин” жекеменшік кәсікерлігі бой көтерген екен. Әзірге олардың шығарған тауарларын аудан тұрғындары тұтынады. Десе де, отбасылық кәсіпті дамытуды қолға алған олардың алға қойған мақсаттары зор. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің экономика факультетін бітірген Алексей Жилин ата-анасының қолдауымен бәрін де жоспарлап қойған. Олар осыдан бес жыл бұрын жекеменшік дүкендерін іске қосса, бүгінде сол дүкеннің жанынан жиһаз жасайтын цех ашпақ. Оның құжаттарын пысықтап қойған кәсіпкерлер құрылысты биылдан қалдырмай жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ол үшін отбасы “Халық банк” АҚ-ның өңірлік филиалынан несие алыпты.
– Әрине, жаңа өндіріс орнындағы құрал-жабдықтардың барлығы жаңғыртылары сөзсіз. Бүгінде жиһаз жасау технологиясы жылдан-жылға дамып келеді. Заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеу шағын кәсіпорнымыздың жұмыс сапасы мен өнімділігін арттырады. Біз тауарымызбен облысты жаулап аламыз деп болжам жасамаймыз, өйткені біздің ауданның өзінде жиһаз жасауда бәсекелестік тудыратындар қатары қалың. Бірақ ұлымыздың ештеңеден жасқанбай, ортақ бастамамызды одан әрі жалғастыруды көздеп отырғандығының өзі бізді қуантады. Яғни, ол болашақта бұл істі абыройлы алып жүре алады, – дейді қамқор әке Евгений Александрович.
Бүгінде жекеменшік кәсіпорында 10 адам еңбек етеді. Алдағы жылы жаңа өндіріс орны іске қосылса, тағы қосымша жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Ал заман талабына сай өндіріс орнын қалыптастыру кәсіпкерліктің тізгінін нығыз ұстау мақсатынан туындаған. Бастапқыда тауар өндірушілер қытайлық құрал-жабдықтарды пайдаланса, жаңғырту барысында италиялық станоктарға көз тігіп отыр.
– Біз өзімізге ұнайтын, қолымыздан келетін іспен айналысып отырмыз. Сондықтан да оның болашағына деген сенім зор. Ал ұлымыздың өндіріс жұмыстарын ұйымдастыра білу қабілеті бізді, тіпті, жігерлендіре түсті. Бойымызда күш-қуатымыз бар кезде ұлымызға көмектесуден жалықпаймыз, – дейді Татьяна Жилина.
СУРЕТТЕ: цехтан көрініс.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.