«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗЫНЫҢ БАС ЖҮЛДЕСІ облысымыздың велошабандоздарына бұйырды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Петропавлда велоспорттан 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, жерлесіміз Александр Винокуровтың жүлдесі жолындағы көпкүндік жарыс аяқталды.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бес кезеңде өткен тас жолдағы тартысқа Қостанай, Павлодар облыстарынан және Ресейдің Омбы қаласынан, сондай-ақ өз өңірімізден бес құрама қатысып, барлығы сегіз команда жарысқа түсті.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатын өңір басшысы Самат Ескендіров ашып, жарысқа қатысушыларды және көрермендерді әйгілі жерлесіміздің жүлдесі жолындағы тұңғыш көпкүндіктің өтуімен құттықтады. Ол аталған сынақта қатысушылар жоғары шеберлік пен жақсы дайындық деңгейін көрсеткенін, бұдан былай бұл көпкүндік дәстүрге айналатынын жеткізді. “Қазіргі таңда өңіріміздің жиырма үш велоспортшысы еліміздің құрама командаларының сапында Қазақстан намысын қорғап жүр. Біз оларға табыс тілейміз”, – дей келіп, Самат Сапарбекұлы елімізде осындай жарыстарды өткізу саламатты өмір салтын орнықтыруға ықпал ететінін, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев отандық велоспорттың дамуына ерекше көңіл бөліп отырғанын атап айтты.

 

Жарыстың жабылу салтанатында өңір басшысы Олимпиада чемпионы, “Астана” кәсіби велоспорт командасының бас менеджері Александр Винокуровты дене тәрбиесі мен спортты дамытуға, саламатты өмір салтын насихаттауға және Солтүстік Қазақстанда велоспортты өркендетуге қосқан үлкен үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Көпкүндіктің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттігінің бұйрығымен Петропавлдағы олимпиадалық резервтің велоспортқа мамандандырылған Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Владимир Парахинге “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы” атағы, еліміздің құрамасының мүшесі Дмитрий Лукьяновқа “Халықаралық спорт шебері”, облыс намысын қорғайтын Тарас Воропаев пен Кирилл Пролубниковке “Қазақстан Республикасының спорт шебері” дәрежелері берілді. Оларға бұл марапаттарды облыс әкімі табыс етті.

 

Жарыс бес кезеңде өтті. Алғашқы төрт кезең 100, 105, 110 және 120 шақырым болса, соңғы кезең 26 айналымдағы критериум сынақтың нүктесін қойды. Алғашқы кезеңде үш жүлделі орынды жерлестеріміз иеленсе, жеңіс Владислав Горбуновқа бұйырды. Екіншісінде де біздің үміткерлер жүлдегер болып, Олег Земляков топ жарды. 110 шақырымда павлодарлық Әбдірамжан Ишанов жеңіске жетті. Төртінші кезеңде жерлесіміз Вадим Галеевтің жолы болды. 45 шақырымдық 26 айналымда бас жүлдені жерлесіміз Кирилл Пролубников қанжығасына байлады.

Дипломдар мен бағалы сыйлықтарды өңір велоспорт федерациясының президенті Мұхтар Игібаев, “Астана” командасының спорттық директоры Александр Шефер, ҚР Велоспорт федерациясының мүшесі Серік Рақымов пен техникалық директоры Александр Антышев және А. Винокуровтың әкесі Николай Винокуров тапсырды.

Қостанайлық Артем Головащенко – “Белсенді шабандоз”, солтүстікқазақстандық Александр Самусенко “Жас шабандоз” жүлделерін иеленді. Оларды ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сергей Кручина марапаттады.

Александр Винокуров жекелей жарыстың үздігі, петропавлдық Владислав Горбуновты, жүлдегерлер Олег Земляковты, Әбдірамжан Ишановты, сондай-ақ командалық есепте жеңіске жеткен Солтүстік Қазақстан облысының құрамасын дипломдармен және жүлделермен марапаттады.

Салтанат соңында Олимпиада чемпионы сөз алып, өзінің жүлдесі жолындағы көпкүндік жарысты ұйымдастырғаны үшін облыс әкімі Самат Ескендіровке, өңіріміздің спорт саласының басшылары мен мамандарына, тамаша жетістіктерге жетуіне еңбек сіңірген алғашқы бапкері Сергей Кручинаға алғысын арнап, жастарға саламатты өмір салтына бейімделуге тілектестік білдірді. Ол жарыстың демеушісі – “Технодом” фирмасына бағалы жүлделермен жәрдемдескені үшін ризашылығын білдірді.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp