Қазіргі таңда ел ертеңінің тұтқасын ұстаған жастарымыздың білімге деген ынтасы жоғары. Сөзімізге айғақ ретінде өңірімізде іргелі оқу орны саналатын, 75 жылдық тарихы бар М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де білімін шыңдап жүрген жастарды айтуға болады. Осы орайда СҚМУ-дің “Шет тілі: екі шет тілі” мамандығының 4-курс студенті Дана Сүлейменованы ерекше атап өтуге болады.
Дана Сүлейменова – Петропавл қаласының тумасы. 2009 жылы облыс орталығындағы А.Слухаевский атындағы жалпы білім беретін бірінші қалалық лицейді үздік бітірді. Ол өзінің талантты да талапты шәкірт екендігін бала күнінен-ақ байқатқан болатын. Мектепте озат оқи жүріп, алғырлығымен көзге түсті. Жыл сайын өтетін пәндік олимпиадаларға қатысып, үздік жетістіктерге қол жеткізді.
2009 жылдан бастап М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің филология факультетіне өз күшімен грантқа оқуға түскен бойжеткен қазір осы факультетте “Шет тілі: екі шет тілі” мамандығы бойынша білім алуда. Өз ісіне жауапты, сабағына ұқыпты Дана – университеттің үздік студенттерінің бірі. Студент атанғандардың басым бөлігі күнделікті сабағына барып-келгеніне қанағаттанып, сонымен шектеліп қалса, бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері алғаш студент атанған күннен бастап қоғамдық өмірге белсене араласып, жастар ұйымдарының көшбасшыларының бірі атанды. Мысалы, 2010 жылы педагогика бойынша өткен республикалық олимпиадада 2-орынды жеңіп алды. “Педагогикалық айтыс – 2011” университеттік студенттер олимпиадасында “STAR” құрамасы 1-орын алды. Әскери институтта өткен “Дін ұстану еркіндігі және діни экстремизм: қазіргі заманның өзекті мәселелері” тақырыбындағы “дөңгелек үстелге” қатысты. Сол жылдың мамыр айында ҚР Білім және ғылым министрлігінің “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген “Дарынды балаларға – талантты ұстаз” атты VI республикалық педагогикалық олимпиадасына қатысып келді. Ал өткен жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 50 жылдығына арналған “Шоқан тағылымы” атты халықаралық конференцияға қатысып, баяндама жасады. Үстіміздегі жылы кәсіби шеберлігі мен адал еңбегі үшін және Халықаралық әйелдер күніне орай университет грамотасымен марапатталды. Бір атап өтерлігі, “Шет тілі” мамандығына 2009 жылы түскен студенттер тобы 2011-2013 жылдардағы рейтинг көрсеткіші бойынша тіл және әдебиет институтында үздік деп танылуда.
Ал өткен жылы сабағын өте жақсы оқығаны және университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып, өзге құрдастарына үздік нәтижелерімен үлгі болғаны үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Дана Сүлейменоваға “Президенттік шәкіртақы” тағайындады.
“Президент шәкіртақысына” ие болу үшін алдымен үздік оқу қажет. Және көптеген ғылыми конференциялардан тыс қалмай, ғылыми жұмыстар жазып, жетістіктерге жету керек”, – дейді Дана Сүлейменова. Сондай-ақ ол Нұрсұлтан Назарбаев атындағы шәкіртақы иесі атану үлкен мақтаныш екендігін ерекше атап өтті.
“Ендігі біздің мақсат – ғылыммен айналысып, оны дамытуға бар күш-жігерімізді салу болмақ”, – деген Дана Сүлейменова 2010 жылдан бастап университеттің ғылыми қоғамдастығын басқарып келеді. Екінші курстан бастап білім ордасының жас ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Әр уақытта жас ғалымдардың басын қосып, жиындар өткізеді. Алдағы уақытта да қоғамдық жұмыстармен қатар ғылыми ізденістерін жалғастырмақ ойы бар студенттің мақалалары СҚМУ-дің және Көкшетау қаласындағы университеттердің жаршыларында жарияланды. Сондай-ақ жастайынан жазу өнеріне жақын болған Дананың мақалалары республикалық басылымдарда, РФ-ның Омбы қаласының жергілікті басылымдарында жиі жарық көріп жүр.
– Мен үшін Елбасы шәкіртақысының иегері атану – үлкен жауапкершілік. Өзім шет тілі маманы ретінде қазіргі уақытта шет тілінің әлемдік деңгейдегі орнын нығайту бағытында зерттеулер жүргізу үстіндемін. Бұл туралы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Қазақстан білім қоғамы жолында” атты интерактивті дәрісінде білім, ғылым, инновация үштігі тұрғысынан да айтып өткен болатын. Осыған байланысты мен де болашақта ғалым болуды мақсат етемін, – деген Дана Сүлейменова бұл өмірде кез келген мақсатқа қол жеткізуге болады және тіпті, ең асқақ армандардың да орындалуы әбден мүмкін екендігін айтады. Арманнан еңбек етуге мәжбүрлейтін мақсат туады, ал табанды еңбектің арқасында бәріне қол жеткізуге болады, – деген ойымен бөлісті.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.