«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ СӘБИТ АҒА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Сәбит Жүкенов 1970 жылы Шал ақын ауданының Жаңаталап ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бала жасынан қазақтың әдет-ғұрпын, салт-жораларын санасына сіңіріп өскен ол ұлттық нақышты ұлықтауды өмірлік парызым деп есептейді. Себебі, осы күнге дейін бірнеше мамандыққа қызыққанымен, нәтижесінде қолөнерді таңдаған. “Отбасымда 8 бала болғанымен, әкем мен атамның ісін жалғастырушы – жалғыз менмін. Бүгінде ағаштан ою ойып, асүй құралдарын жасаймын. Домбыра мен қобыз сияқты ұлттық аспап шабатын да өнерім бар. Бірде ұзатылып бара жатқан қыздың жасауын салатын ағаш сандық жасаған едім. Бұл – бетіне ою салынған тұрмыстық бұйым. Бұрындары ата жолын қуып, қолөнерші болам деген ой болған жоқ. Бірақ уақыт өте келе шеберлікті таңдадым. Дегенмен, бұл қолөнерге амалсыздан, шарасыздықтан келдім деген сөз емес. Жалпы жас кезімнен ағаштан түрлі бұйымдар, мүсіндер жасауға епті едім. Сондай-ақ Жүкен атам мен Жолаушы әкем ағаш жону өнеріне қара жаяу болмаған көрінеді. Яғни, бұл өнер қанымда бар”, – дейді шебер.  

 

Сәбит ағаның бір кездері әншілікке де көңілі ауыпты. Жаңаталап орта мектебінде 4 жыл оқушыларға өнер және сызу пәндерінен дәріс берген ол білім ордасы қабырғасында “Наурыз” тобын құрып, мерекелік іс-шараларда халық әндерін орындау арқылы ауылдастарының көңілінен шығып жүрген. Уақыт өте келе күнкөрістің қамымен “Рауан” шаруа қожалығын ашып, егіншілікпен айналысқан. Ал 2000 жылы “Жолаушы” шаруа қожалығын құрып, 34 гектар жерді 5 жылға жалға алған. Оның 14 гектар жеріне қырыққабат, сәбіз, қияр және тағы басқа көкөніс ексе, қалған 30 гектары шабындық болды. Бастаған ісі сәтті жалғасып, еңбегінің жемісін көрді.

Біртіндеп ісі оңға басқан ол өмірлік жары Баяндымен танысып, 2003 жылы отбасын құрған соң Жаңажол ауылына көшіп келген.

Алайда, нарық заманында бәсекелестік ортада өмір сүру оңайға соқпады. 2005 жылы қожалықты жапса да, қолөнерге апарар сара жолы айшықтала түскен. Жұбайы Баянды Жаңажол орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәндерінен сабақ беріп жүрген кезде Сәбиттің үйде бала бағып отырған кездері де болды. Бірақ өмірдің қиыншылығына мойымаған Сәбит сарайда көп жылдардан бері ұмыт қалған атасының шапашоты мен қашауын алып шығып, әр нәрсені ермек қылған. Алғашында қолөнермен айналысуды ұйғарған ол қолы босай қалса, үй шаруашылығына жарамсыз заттарды немесе ағаш тамырларын жонып, ұсақ-түйек туындылар жасай бастапты. Осылайша атасының шапашотын серік қылған Сәбит араға көп уақыт салмай ауылдағы ісмер жандардың бірі атанды.

“Бұл жайттар менің қазіргі сүйікті ісіммен шұғылдануыма себепкер болды. Бұрын армандаған мамандықтардан гөрі, осы қолөнердің рөлі басымырақ. Қазір осы салада жүргеніме еш өкінбеймін”, – дейді шебер.

Ауылдасының өтініші бойынша қазақтың қара қобызын жасаған шебер “Қойлыбайдың қобызы” туралы аңыз есіне түсіп, қиялынан туған ат бәйгесін қылқаламмен бейнелегені әлі есінде. Ал кейін жеке өзіне арнап басқа қобыз жасаған. Соңғы 11 жылдың ішінде талай өнер туындыларын жасаған ол: “Алғашқы кезден-ақ барлығын бірден керемет жасап кеттім деп айта алмаймын. Білмегенімді сұрап, қателескен тұсымды түзеп үйрендім. Мені бұл өнерге үйреткен әкем мен атам десем, артық айтпағаным. Олар ағаштың бабын табатын мықты шеберлер болған. Маған қажетті ағаш таңдауды, оны кептіру мен қыру-жону тәсілдерін үйретті. Қазір шүкір, қолдан келген бұйымдардың түр-түрін жасап жүрмін”, – деген қолөнершінің қолынан асүй бұйымдарынан бөлек, сандық, дөңгелек үстел, ағаш мүсіндер және тағы басқа қолөнер туындылары шыққан.

Қазіргі кезде ел арасында ұмытылып бара жатқан ұлттық өнердің тамырына қан жүгіртіп, оны қайта жаңғыртуға сүбелі үлесін қосып жүрген Сәбит Жүкеновтің айтуынша, шотпен жұмыс істеу шығармашылықты, аса ұқыптылық пен шыдамдылықты қажет етеді. Бұл қасиеттерсіз қаншалықты дарынды, он саусағынан бал тамған қолөнерші болып тұрсаң да, мықты шебер болуың неғайбыл. Себебі, шотпен ағаш ойған кезде қырынан қарамасаң, қалай ойып жатқаныңды көрмейсің. Әрі шоттың басы бір рет тиген жерге қайта дәл тиюі қажет. Әйтпегенде, материалды бүлдіріп алуың мүмкін.

Бүгінгі таңда қолөнершінің бұйымдары сұранысқа ие. Туындыларына қызыққан жұрт алыстан ат терлетіп келіп алады. Ауылаймақтан бөлек, Көкшетау, Алматы қаласынан да тапсырыс түсіп тұрады. Ал бұрын ол қолға түскен ағаштан жонып, дайындаған асүй ыдыстарын ағайындарға қонаққа барған кезде сыйлық ретінде апарған. Тек бертін ұлттық қолөнерге деген сұраныс артқаннан кейін ғана жасалған бұйымдарын сата бастаған. Тұтынушылары мерейтойлар мен атаулы күндер үшін арнайы тапсырыс береді екен. Дегенмен, олардың арасында ұлттық өнерге қызығып, өзіне сатып алатындар да бар. “Бірте-бірте сатып алушылардың қатары қалыңдай түскен соң кәсіби сауда-саттыққа арнап, қолөнер бұйымдарын жасауға бел будым. Дегенмен, тапсырыстарды көп алмаймын. Себебі, жанымда көмекшім болмаған соң алған тапсырмаларды уақытында жасап үлгере алмауым мүмкін. Күн батып, мал қораға кіріп, үй шаруасы ыңғайланған кезде қайың, үйеңкі ағаштарынан қолөнер бұйымдарын жасауға кірісемін. Өкінішке қарай, күнделікті күйбең тірлік сүйікті іспен күні-түні айналысуға мұрша бермейді. Себебі, істеген заттың ойдағыдай болуы үшін шабыт пен уақыт керек. Мысалы, ел арасында астауға деген сұраныс көп. Бір астауды жасау үшін бір жарым айдай уақыт қажет. Оны үйеңкі ағашынан дайындап, кептіріп, кейін сыртынан лакпен бояймын. Ал қолқанат болатын балаларым әлі жас”, – дейді қолөнерші.

Жалпы өнер десе ішкен асын жерге қоятын Сәбит аға соңғы жылдары аудан және облыс көлемінде ұйымдастырылатын қолөнер байқауына Шал ақын ауданының атынан жиі қатысады. Ұсталар мен қолөнер шеберлерінің еңбегі бағаланатын шараларға олар жүлде үшін емес, өзін шыңдау үшін қатысады. Осы орайда қолөнершінің жасаған дүниелері аудан, облыс көлемінде ұйымдастырылатын көрмелерде тиісті бағасын алып жүр.

Өнерге етене жақын Сәбит аға балаларының да өнерге деген сүйіспеншіліктері оянып, өз жолын қуса екен, деп армандайды. Бүгінде Жаңажол орта мектебінің 3-сыныбында оқып жүрген Ғалымбек пен бірінші сыныптың табалдырығын аттағалы отырған Санжар есімді ұлдары қазірдің өзінде ермексазбен ойнап, түрлі мүсіндер жасауға әуес. Сондай-ақ әкесі қолөнершілікпен айналысып жатқан кезде құрал-саймандарын әперіп тұрғанды ұнатады екен.

Балаларының бойынан ұлттық өнерге деген оң көзқарасты аңғарған ерлі-зайыптылар оларды аудандық, одан әрі облыстық деңгейдегі өткізілетін “Мөлдір бұлақтан” және басқа дәстүрлі байқауларға ертіп баратын болған. Көздегендері – балаларға сахна әдебі мен мәдениетін үйрету, оларды жұртшылықтың алдында өздерін еркін ұстай білуге баулу және ұлттық өнер деген таңғажайып әлеммен жете таныстыру.

Халқымыздың “Сегіз қырлы, бір сырлы” деген сөзі Сәбеңе қарата айтылғандай. Себебі, Сәбит Жүкенов қолөнершіліктен бөлек домбырада, синтезатор, қобызда ойнағанды ұнатады. Бала күніндегі музыкаға деген әуестігі ұмыт қалмай, есейе келе өз бетінше түрлі аспаптарда ойнауды үйренген.

Бұл отбасының табысы – сауда-саттық. Шебердің қыс мезгіліндегі басты ермегі – қолөнер. Еңбектеніп жасаған астауы мен қазақтың дөңгелек үстелін сатып, отбасы бюджеті 15-25 мың теңгеге көбейеді.

Болашақта аз-кем ақшасын жинап, өз шеберханасын ашуды мақсат еткен Сәбит Жүкеновтің өнері мен талабы таудай.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp