«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХЫМЫЗДАН СЫР ШЕРТКЕН Талай туындының иесі еді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Сергей Устинов өңіріміздің белгілі қылқалам иесі еді. Ол 1953 жылы Ақмола облысының Ақкөл ауылында дүниеге келіп, 2011 жылы өмірден озды. Өмір сүрген 58 жылдың ішінде еліміздің тарихы жайында сыр шертетін талай туындыны дүниеге әкелді.

 

Әдетте көзі тірісінде шығармашылығы бағаланбаған дарын иелерінің туындылары бұл дүниеден өткеннен кейін ескеріліп жатады. Марқұм Сергей Устиновты да солардың қатарына жатқызуға болады. Оның суреттері АҚШ, Германия, Франция сынды өзіндік мәдениеті қалыптасып үлгерген алпауыт елдердің коллекция жиюшыларының қорынан орын тапты. Бірақ өз елінде оның шығармашылығы әріптестеріне ғана жақсы таныс. Десе де, солтүстікқазақстандықтардың арасынан оның шығармашылығына бас иетіндер кездеседі. Солардың бірі – “Сударушка” көркемөнер салонының иесі Татьяна Мозгель.

– Сергейдің суреттері тыныштық пен өмірдің үйлесімін бейнелейтін. Оның суреттерін кітап сияқты оқуға болады. Талай туындыларын шетел азаматтарына сатқаным есімде. Сол сатып алған коллекция жиюшылар әлі күнге дейін аратұра хабарласып, суреттерін сұратып жатады, – дейді.

Ермексаздан жасаған мүсінін әке-шешесі Ташкент қаласында тұратын белгілі мүсінші әрі туысқаны болып келетін Леонид Рябцевке жібереді. Баланың болмысынан болашақ мүсіншіні көре білген Леонид Рябцев әке-шешесіне Сергейді міндетті түрде Ташкент қаласындағы көркем сурет институтына оқуға жіберуін сұрайды. Кенеп пен майлы бояуға деген сүйіспеншілігі Сергей Устиновтың кескіндеме саласын таңдауына септігін тигізді. Оқуды аяқтап, алғашында Степногорск қаласында қызмет етеді. Кейіннен Петропавл қаласындағы зауыт пен фабрикаларда безендіруші-суретші болып еңбектенеді. Ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстарымен айналысқан суретшінің жұмыстары зауыттың көркі болып осы күнге дейін сақталған. Оның жұбайы Ольга Устинова:

– Біз отбасын құрған алғашқы жылдары Сергей зауытта безендіруші болып қызмет етті. Ол уақытта суретшілердің дәурені жүріп тұрды. Қазіргідей компьютермен сурет салу деген жоқ. Барлық әрлеу мен көркемдеу жұмыстарын суретшілер атқарды. Қайта құру басталған жылдары біздің отбасыға ауыр тиді. Әсіресе, Сергейге. Ол үйде жұмыссыз көп уақыт отырып қалды. Сарыуайымға салынды. Кенеп пен қылқаламы ұзақ уақыт кеуіп тұрды. Осыдан 10 жыл бұрын түсінен шошып оянғандай кенеттен сурет сала бастады. Көбінесе қазақ халқының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі сынды тақырыптарға қызығушылық танытты. Менің ойымша, бұл салаға бет бұруы оның әріптес достары, ағайынды Қалдыровтардың әсері болды. Үйге марқұм Қайырлыбек пен оның інісі Айдарбек Қалдыровтар жиі келіп тұратын. Үшеуі өзара әңгімелесіп, бір-бірінің шығармаларын талдайтын. Болашаққа арман-жоспарлары да көп еді, – дейді.

Армандарының бірі облыс орталығында “Көшпенділер” деп аталатын дәмхана ашу болатын. Ол оның интерьерін қазақы нақышта безендіруге тиіс еді. Бірақ “Жазмыштан озмыш жоқ”, Сергей Устиновтан кейін, оның үзеңгілес әріптесі – сырын ақтарған досы Қайырлыбек Қалдыров та өмірімен қош айтысты. Суретшілердің ортақ мақсаттары орындалмас арман болып қала берді. Бірақ оларды мәңгілік ететін туындылары бүгінде көптеген өнерсүйер қауымның жадында.

Сергей Устиновтың шығармашылығын қазақ халқының салт-дәстүрінен бөлек алып қарауға болмайды. Себебі, ол өмірінің соңғы 8 жыл ішінде салған суреттерінің дені қазақ халқының өмір тұрмысымен тығыз байланысты. Оны этнограф суретші деп толық айтуға болады. Ұлттық тақырыпқа әуестігі ол Ташкент қаласында білім алып жүрген шағында пайда болған. Әсіресе, шығыс халықтарының өмір-тұрмысын өз туындыларында суреттеген этнограф-суретші Василий Верещагиннің шығармашылығын өзінің өнердегі бойтұмары етіп алған. Ол бұл жайлы “Северный Казахстан” газетінің тілшісі Алма Әбілмәжіноваға берген сұхбатында айтқан екен (Провинция. 2007. №2. С.63-66).

Жалпы В. Верещагиннің туындыларын көрген әрбір өнерсүйер қауым суретшінің сыртқы әсемдіктен гөрі ішкі жан дүниеге мән беретіндігін байқайды. Сергей Устинов та қазақ халқының салты арқылы сыртқы бейнені суреттеуден гөрі, халықтың ішкі бейнесіне үңілуді басты мақсат етіп алған. Әрине, В.Верещагиннің шығармашылығы мен жерлес суретшінің шығармашылығын бір қатарға алып қарастыруға болмайды. Дегенмен, Сергей Устиновтың бір айырмашылығы – ол В.Верещагин сияқты суреттегі шыншылдыққа емес, мифологиялық әрі символикалық сарынға мән береді. Сондай-ақ ол қазақ халқының тарихында елеулі із қалдырған тұлғалардың, ақындар мен жазушылардың, қазақ ұлттық музыкасының қалыптасуына септігін тигізген күйшілер мен жыраулардың портреттерін де салған. Қорқыт, Құрманғазы, Ақан сері, Дина Нұрпейісова, Әл-Фараби, Абай Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов – суретші салған тұлғалардың бер жағы ғана болса керек. Себебі, кескіндемеші туындыларының басым бөлігі сатылып кеткен. Өкінішке қарай, кейбір суреттерінің фотосуреттері де отбасылық мұрағатта сақталмаған.

Әдебиет пен тарихқа деген әуестігі суретші шығармашылығының қайнар бұлағына айналған. Тарихи тұлғалар арасынан ол Тұмар патшайым мен Кир патшаның, Шыңғыс хан мен Абылай хан тақырыптарына жиі оралып тұрған. Ұлы даланың ұлы қыздары тізімінде көш бастап тұрған Тұмар ханшаның бейнесін ашуда тарихи-соғыс сюжетті жанр сабақтастығынан шешім тапқан. Тарихтан білетініміздей, Тұмар ханша патшалық құрған тұста дүниенің жартысын билеген парсылардың патшасы Кирмен ашық айқасқа шығып, әділ соғыста жеңіске жетеді. “Шайқас”, “Арпалыс”, “Томирис аңшылығы” атты суреттерінде Тұмар ханшаны ұрыс үстінде көрсеткен автор оның жауынгерлік рухын, батырлық болмысын одан бетер асқақтата түседі. Әдебиетке біртабан жақын Сергей Устиновтың да кейбір суреттері әдеби шығармалар кейіпкерлерінің бейнелерімен үйлесімдік табады. Тіпті, оның әрбір суреті белгілі бір әдеби шығарманың негізінде пайда болды деп айтсам, жаңылыспас едім. Суреттерінің ішінен жазушы Исай Калашниковтың “Жестокий век” тарихи романының, “Қыз Жібек” лиро-эпосының, Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” тарихи романының кейіпкерлерін кездестіруге болады. Мәселен, “Шыңғыс хан” атты сериялы суреттерінде И.Калашниковтың “Жестокий век” романының сюжеттік желісін картинаның композициялық әрі драматургиялық құрылымынан көруге болады. Бірінші планда ойға шомған Шыңғыс ханның бейнесін артқы пландағы Шыңғыс ханның жұбайы Бөрте мен қолына жебе ұстаған болашақ мұрагер Жошы ханның бейнесі толықтыра түседі. Бұл жерде кескіндемеші Шыңғыс ханды жарты әлемді билеген патша ретінде ғана емес, сондай-ақ тарихи романда суреттелген Шыңғыс ханның күдік пен болашаққа деген ой-арманы арпалысқанын суреттейді.

Идея, композиция, сурет, түс – осы қағида бойынша сурет салған Сергей Устинов шығарманың негізгі ойын ашуда символикалық мәтінді қолданған. Оның “Қыз Жібек” лиро-эпосының желісімен салған “Алқызыл көкнәрлар” картинасында Төлеген мен Бекежанның жекпе-жегін ақ қара түсті барыстардың айқасымен бейнелеген. Осылайша автор шығарманың негізгі идеясын символикалық сарында суреттеуді жөн көрген. “Төлегеннің бағынбауы”, “Беташар”, “Жібектің қалауы”, “Жібектің түсі” суреттері де дәл осы “Қыз Жібек” жырының негізінде пайда болған. “Көкпар”, “Қыз қуу”, “Күрес”, “Марқа құлын”, “Сағыныш сарыны”, “Қыпшақ мадоннасы”, “Көңілді кездесу”, “Ұрпақ”, “Сарғалдақтар”, “Бүркітші”, “Самұрық” және тағы басқа суреттері қазақ халқының өмір тұрмысын бейнелейді.

Суретші қазақ ақындарының ішінде Мағжан Жұмабаев пен Абай Құнанбаевтың өлеңдерін сүйіп оқыған екен. Шығыс пен Батыс мәдениетін үйлестіруге тырысқан. Сондықтан да болар, Мағжан Жұмабаев – Сергей Есенин, Абай Құнанбаев – Александр Пушкин, Шоқан Уәлиханов – Федор Достоевский, Аристотель – Әл-Фараби сынды ғұламалар мен ақын-жазушылардың туындыларын негізге ала отырып, шығармашылық паралель жүргізуді көздеген. Оның көптеген картиналары сатылып кеткен. Тек облыстық бейнелеу өнері мұражайында бұл топтамадан “Замандастар” атты Шоқан мен Достоевскийді бейнелеген суретін көруге болады.

Сергей Устинов өмірінің соңғы жылдарында “Балаларға үміт отын сыйла?!” атауымен жүргізілген қайырымдылық акциясына үзбей қатысқан екен. Оның үзеңгілес достары, әріптестері мінезінің жұмсақтығын, болашаққа арман-мақсаттары көп, көкірегі ояу азамат ретінде еске алады. Артынан қалдырған мол мұрасы Сергей Устиновты суреткерлік қырынан ғана емес, сондай-ақ адами құндылықтарды бағалайтын мейірімді жан ретінде де көрсетеді.

СУРЕТТЕРДЕ: (солдан оңға қарай) А.Қалдыров пен С.Устинов.  

Суреттер С.Устиновтың отбасылық мұрағатынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp