«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТУҒАН АУЫЛЫМДЫ ТҮЛЕТСЕМ ДЕЙМІН”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алтын бесік – ауылды көркейтуге бүгінде мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. Бұл мақсатқа жету үшін білікті де жаңашыл жас мамандардың ауылға бет бұруына бар жағдай жасалуда. Алайда, жастардың барлығы бірдей ауылға барып, еңбек етуге құлшыныс білдірмейді. Десек те, “Ауылды мен көтермесем, кім көтереді?!” деген ұстанымы бар, ел алдындағы азаматтық борышын сезіне білетін қыз-жігіттер де жоқ емес. Сондай жас мамандардың бірі – Эльмира Ищанова. 

 

– Эльмира, мамандығыңыз қандай?

 

– 2006 жылы Николаевка орта мектебін бітірген соң Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінде “Мемлекеттік тілде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығын алдым. Оқуымды бітіргеннен кейін “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша өзім білім алған Николаевка орта мектебіне маман болып орналастым. Бүгінде М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің сырттай бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде білім алудамын.

– Замандастарыңыздың көбі қалада қалуға тырысады. Ал Сізді ауылға жетелегені қандай күш?

– Қазіргі таңда ауылдан қашудың ешқандай қисыны жоқ. Біртіндеп ауылдың көшелері жөнделіп, әр үйге ауызсу мен телефон тартылып, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етілуде. Интернет жүйесі де кейбір ауылдарда қосулы. Сондықтан жаңалықтан шет қалам деп айта алмайсың. Ата-бабаларымыз ауылды алтын бесік деп бекер айтқан ба?! Қазақы қасиет, қаймағы бұзылмаған ұлттық құндылық ауылда. Сол ауылдарды көркейтуге, дамытуға Елбасымыз ерекше көңіл бөліп отыр. Елдің азаматы ретінде біздер неге сол бастамаға қолдау білдірмеске?! Туған ауылымызды өзіміз көркейтпесек, шеттен ешкім келіп, гүлдендіріп бермейтінін ұмытпағанымыз жөн. Өз басым Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжін тамамдаған соң еш ойланбастан ауылға келдім.

Еңбек жолымды Николаевка орта мектебінде бастағаныма қуаныштымын. Себебі, мектеп ұжымында тәжірибелі мамандар көп. Қазіргі уақытта қамқоршы жандардың қолдауымен ұстаздық қабілетімді жетілдіріп жүрмін. Білім ошағында оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беремін. Сабақ барысында жаңа технологияларды пайдаланып, әр сабағымды қызықты өткізуге тырысамын.

– Жас маман ретінде ұстанымыңыз қандай?

– Тәжірибелі әріптестерімнен үйренерім әлі де көп. Сонымен қатар, жыл сайын облыс орталығында өз біліктілігімді арттырып отырамын. Алға қойған негізгі мақсаттарымның бірі – саяси сауатымды арттыру. Бүгінде аға буын өкілдерінен “Жастардың саяси сауаты төмен” деген әңгімені жиі естиміз. Рас, қоғамда орын алып жатқан жайттарға қызықпайтын, күнделікті жаңалықтарды тамашаламайтын замандастарымыз баршылық. Бірақ ондайлар ілуде біреу ғана. Өз басым күн сайын жаңалықтарды көріп, мерзімді баспасөзге зер саламын. Жалпы “Болашағым жарқын болсын!” деп тілейтін жас қоғамдық өмірде белсенді болуы керек.

– Оқушыларыңыз сеніміңізді ақтап келе ме?

– Жыл сайын әртүрлі олимпиадаларға, шығармалар сайысына, оқуларға, қашықтықтан оқыту олимпиадаларына белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болып отырған шәкірттерім бар. Атап айтсам, үстіміздегі жылы 10-шы қазақ сыныбының оқушылары Әйгерім Тұрмыс аудандық “Жарқын болашақ” олимпиадасынан – 3-орынды, Нұрбану Есімсейіт аудандық пәндік олимпиадада – 1-орынды, Диана Нұрсейітова “Мұрагер” олимпиадасынан – 3-орынды, қашықтықтан оқыту олимпиадасынан Зарина Рсаева 1-орынды жеңіп алды. Ал қазақ бөлімінің 6-сынып оқушылары Дариға Сатыбалдина, Жанна Ахметова, Айнажан Атантаева және Бақытгүл Есмағанбетова аудандық Абай оқуларынан 2 және 3-орындардан көрініп, мектебіміздің атын шығарып жүр. Мұнан өзге де талантты жастар аз емес. Олардың дені өз саласының маманы болуға ниетті.

– Өзіңіз білім саласына қалай келдіңіз?

– Әр адам бойында қашан да биік мақсат, асқақ арман болады емес пе? Ұстаз болуды бала күнімнен армандаушы едім. Сол себепті ұстаздықтың ауыр жү­гін арқалауды өз жүрегімнің қа­лауымен таңдадым десем де болады. Оқушы кезімнен-ақ қазақ тілі мен әдебиетіне қызығушылығым артқан. Мектеп қабырғасындағы ақылшы ұстаздарымның тәлім-тәрбиесі, сабақ өткізу барысындағы шеберлігі мұғалімдік жолға жетеледі. Орта мектепті ойдағыдай тамамдаған соң алдымда бір ғана жол тұрды. Ол қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық жол еді. Кезінде ұстаздарымыз: “Мұғалімдік қызметті кез келген адам атқара алмайды. Себебі, олар әмбебап болуға тиіс”, – дейтін. Бізді асқақ арманға ұмтылдырған да ардақты ұстаздарымыздың жігерлі өсиеттері болатын. Сондай-ақ менің ата-әжем де өз өмірлерін бала тәрбиелеуге арнаған жандар еді. Ал қазір анам, тәтем, сіңлім ұстаздық жолында нәтижелі еңбек етіп жүр. Жан-Жак Руссоның “Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, бас­қаның бақытын аялау” демекші, менің түсінігімдегі ұстаз – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен та­бандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратушы.

– Ауылға келген жас мамандардың бірі ретінде “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының шапағатын көріп отырсыз ба?

– Бағдарлама аясында мен сияқты жас мамандарға әлеуметтік пакет ретінде мемлекет 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бастапқы біржолғы жәрдемақы төлейтіні, оның үстіне 630 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі баспана алуға арналған төмен пайызды несиені 15 жыл мерзіміне беретіні көңілге қонымды. Бағдарлама туралы бұрын естігенмін. Бағдарлама өзіміз сияқты ауылға келгісі келген жас мамандарға қолжетімді екен. Сонымен құжаттарымды білім және ауыл шаруашылығы бөліміне өткіздім де, көп өтпей бірреттік көтерме жәрдемақы алдым. Таныс жас мамандардың төмен пайызды несие алып, баспаналы болып жатқанына қуандым. Талайлардың бас ауруы болған баспана мәселесі осылай мемлекеттің қолдауымен шешілгеніне өз басым ризамын. Ал өзім әзірге Николаевкада пәтер жалдап тұрып келемін. Демалыс күндері ауылыма барып тұрамын. Алдағы уақытта отбасымды құратын болсам, өзім де бағдарлама аясында несие рәсімдеуге құжаттарымды жинауым ғажап емес. Елбасыға, облыс, аудан басшыларына алғыстан басқа айтарым жоқ. Мемлекет осылай қолдау көрсетіп жатқанда бізге қол қусырып, қарап отыруға әсте болмайды. Бар жағдай жасалған екен, енді белімізді бекем буып, ауылдың өркендеуіне үлесімізді қосуға тиіспіз.

– Алдағы мақсатыңызбен бөліссеңіз?

– Елбасының: “Біз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататындығын ұмытпауға тиіспіз”, – деген қанатты сөзі ауылдан түлеп ұшқан әрбір түлекке алтын бесігі үшін тер төгіп, еңбек етуге міндеттеп тұрғандай. Мен де өз кезегімде әрдайым биік белестерден табылуды басты мақсат санаймын. Адам баласын биікке бағыттайтын да, шыңға алып шығатын да – білім. Сондықтан жас маман болсам да, білімді де тәрбиелі ұрпақтың өсіп-өнуіне өз үлесімді қосуды бұлжымас парыз деп білемін. Білім саласында қызметімді жалғастырсам деймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp