“Динамо” спорт-дене шынықтыру қоғамында облыстың құқық қорғау органдарының дене шынықтыру ұжымдарының арасында жазғы спартакиада өтуде.
Өткен сәрсенбі күні Петропавл қаласының “Динамо” стадионында гір көтеру бойынша жазғы спартакиаданың екінші кезеңі өтті. Оған облыстың құқық қорғау құрылымдарының 70-тен астам өкілінен құрылған 17 дене шынықтыру ұжымы қатысты. “Динамо” спорт-дене шынықтыру қоғамының жетекші маманы Галина Сокрыхтың айтуынша, жарыстың бағдарламасына екі жаттығу енген: гірді бір қолмен жұлқа және серпе көтеру. Екі жаттығудың нәтижесі негізінде әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталды. Жарыстың бағдарламасы бойынша 50, 60, 70, 80 және 90 килограмнан жоғары бес салмақ дәрежесі болды. Командалық жарыста бірінші орынды №6637 әскери бөлімінің дене шынықтыру ұжымы алды. Екінші орынды – Әскери институт иеленді. Ал үшінші орында – мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері.
Жазғы спартакиаданың соңғы кезеңі алдағы уақытта шағын футбол бойынша өтетін болады.
Облыстық Туризм, дене шынықтыру
және спорт басқармасының баспасөз қызметі.