«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРДІ СҮЙСЕҢ, МАРЛАНША СҮЙ!..

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Марланның массаж жасауды кәсіп еткенін бұрыннан білуші едім. Мені қызықтырғаны зағип адамның өз кәсібін тауып, жұрт қатарлы еңбектеніп қана қоймай, жұртшылықтың ризашылығына бөленіп жүрген беделі еді. “Жігерлі жігіт шығар” деймін өзіме әлі бейтаныс адаммен сұхбаттасуға бара жатып. Ал Марлан Сарымсақовпен жүздескеннен кейін менің санамда өмір туралы, денсаулықтың қадірі мен еңбектің нәсібі жайында жаңа көзқарас пайда болды.

Өзінің 20 шаршы метрлік массаж кабинетінде еркін қозғалып жүрген Марланды бір қарағанда зағип адам деп айту қиын. Әңгімелескен кезде де қара көзілдіріктің астындағы жанарын саған тіктеп тұрған сыңайлы көрінеді екен. Бойын тік ұстап, сабырлы сөйлеп, әр сөзіңді мұқият тыңдап отырған әңгімелесіме қарап, мен де артық қимыл жасамай, әр сөзіме мән беріп сөйлеуге тырыстым. Бір-бірімізді түсінгендіктен болар, әңгімеміз жарасып кетті.

 

Туғаннан зағип жаралған адамға жолыққан кезде мені олардың қоршаған ортаны, айналасын, өзіне таныс адамдардың бет-бейнесін бір рет те көрмегендігі қапаландыратын. Мәселен, түстердің қандай болатынын түйсінбеген адам оны қалай ажырата алады деп ойлаймын. Осындай ойдан кейін оларға ерекше аяушылық сезіммен қарайтынмын. Ал Марланмен әңгімені бастаған кезде менің көмейіме: “Қашаннан бері көзің көрмейді?” деген сауал тіреліп тұрса да, сұрауға бата алмадым. Алайда, Марланның өзі әңгімені соның төңірегінде өрбітіп әкетті.

– Мен жігіттік шағымда екі көзден айрылдым, – деп әңгімесін бастаған кезде оның санасында қоршаған ортаның көрінісі туралы естеліктердің бар екендігі мені қатты қуантты ма, көңілім көтеріліп қалғандай болды. Одан әрі ол болған оқиғаны ретретімен баяндай бастады.

Марлан Жамбыл ауданының Благовещенка ауылында туып, сонда орыс мектебінде оқыпты. Оның бала кезден еті тірі, еңбекқор, кішіпейіл болғандығы әңгімесінен байқалып тұр.

– Маған тарих пәні қатты ұнайтын. Сондықтан мектеп қабырғасында жүрген кезде осы сала бойынша мамандық таңдаймын деп ойладым. Бірақ ол кездері тарих факультетіне құжат тапсыратындар қатары қалың, конкурстан өту оңай болмайтын. Сондықтан мен басқаларды орап кету үшін сынағы аз математика факультетіне түсіп, кейін тарихқа ауыспақ болдым. Өкінішке қарай, математиканы нашар білгендіктен, бұл қулығым жүзеге аспай қалды, – деді күліп, балалық қияңқылығын еске алған Марлан.

Жоғары оқу орнына жолы болмаған бозбала ауылда бір жыл түрлі жұмыс атқарып, табыс тауып, келесі жылы ағасының кеңесімен медицина саласын таңдайды. Осылайша ол Петропавл қаласындағы медициналық училищеге құжаттарын тапсырып, екі жылдан кейін медицина қызметкері болып шыға келеді. Әрине, өмір жолы енді басталған жігітті арман алысқа жетелері сөзсіз. Оның кезекті мақсаты білімін одан әрі жалғастыру, яғни Целиноград медициналық институтына түсу болады. Бірақ тағдырдың өз жазуы бар екен…

1999 жылы дәрігерлер Марланның дертіне жасөспірімдер глаукомасы, жоғары көз қысымы деген диагноз қояды. Әрине, жанарын сақтап қалу үшін ол туғандарымен бірге дәрігерлердің есігін тоздырып, бірнеше ота жасатыпты. Бірақ ауыр дерт өз дегеніне жетіп, 2003 жылы жас жігіттің қос жанары қараңғы тұңғиыққа батады. Осылайша Марланның көздері сәуле сезбей қалғанымен, оның санасы мен жан дүниесі одан сайын жарықтана түскендігін оның бүгінгі ой-түсінігінен, өмір сүру салтынан байқамау мүмкін емес еді. Алайда, ер жігіт сол уақытта бастан кешкен жағдайдың кері әсері туралы сыр ашпады. Керісінше, тағдыр оны тығырыққа тіреген кезде өзінің және өзіне сенген туған-туыстарының еңсесін түсірмеу үшін жасаған күрес жолдарын баяндаған жігіттің бойында батырға тән мінездің бар екендігі мені тәнті етті. Әлбетте, ауру адамның жайын сау адамның түсінбесі анық. Сондықтан ол дерттің бастапқы кезінде қасында болған туған-туыстарын өз қайғысымен мазалай беруді әділсіздікке балап, өз бетінше өмір сүрудің қамын жасауды үйренуге бел буады. Сондықтан Марлан Петропавлдағы зағиптар қоғамына хабарласып, өзіне орта табудың әрекетін жасайды. Олардың өмір сүру салтын, болашаққа деген сенімдерін, туған-туыстарға деген жанашырлық сезімдерін үлгі көрген Марлан көп ұзамай өз-өзін қолға алып, жұрт қатарлы өмір сүрудің жолына аяқ басады. Осылайша өмір жалғаса береді…

Бейнет басқа төнгенге дейін бір қыздың әкесі болған Марлан отбасын асыраудың амалдарын жасауға кіріседі. Училище бітіргеннен кейін ол өзіне уқалаушының мамандығын таңдап, облыстық балалар ауруханасында еңбек жолын бастаған күндері әлі алысқа ұзай қоймағанды. Аздаған тәжірибесі болғандықтан, бұл мамандықты өзіне кәсіп етуді оң көрген Марлан 2003 жылы облыс орталығындағы №3 моншада массаж кабинетін ашады. Өз жағдайында бұл саладан табыс табуға болатынына көзі жеткен ол 2008 жылы оған жеке кәсіпкерліктің құжаттарын толтырады. Содан бері ол бұл салада дәрігерлік білімі бар, білікті маман.

– Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, көру қабілеті нашар немесе мүлдем көрмейтін адамдар осы массаж жасау қызметін таңдайды екен. Өйткені, басқа мамандықтарға зағип адамның мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан үлкен бауырым маған медицинаға бар деп ақыл берген кезде жүрегінің түкпірінде менің болашағымды болжай білген болу керек. Көздерімнің сау кезінде медучилищені бітіріп алғаным қандай жақсы болды! – деген кезде сөздері қуанышты естілді.

Адамның бір сезім мүшесінің қабілетін жоғалтқан кезде басқа мүшелері өз қызметтерін белсенді атқара түседі екен. Сондықтан Марланның бойында сылап-сипау арқылы адамның ағзасындағы кем-кетікті анықтау қабілеті басым. Ал массаждың қыр-сырын танып-білу үшін өрісін өз бетінше кеңейтуге мәжбүр. Өйткені, біздің елде зағип адамдарды бұл кәсіпке үйрететін арнайы оқу орны жоқ. Кейіпкеріміздің тағы бір мамандық бойынша еңбек етуіне мүмкіндігі бар екен. Ол 2008-2011 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік университетін дефектолог мамандығы бойынша сырттай тамамдап алған. Әзірге бұл мамандық бойынша жұмыс істеудің реті туып отырған жоқ. Өйткені, біздің өңірде көзі нашар көретін немесе мүлде көрмейтін балаларға арналған мектеп жоқ, ал саңырау балаларға арналған арнайы оқу орнында Марлан зағиптығынан еңбек ете алмайды. Егер статистикаға сүйенер болсақ, облыста зағип балалар саны жыл сайын көбейіп келеді екен. Ендеше оларға арнайы білім беретін мекеменің болғаны, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Марланның табысы жеке кәсіпкерлікте. Оған қосымша мемлекеттің жәрдемақысы бар. Барды қанағат тұта білетін отағасы ержетіп келе жатқан қызы мен ұлының болашағын ойлап, биыл ипотекаға үш бөлмелі пәтерді де қорықпай алған.

Көптеген зағип жандар отбасын құрудан тайсалады. Өйткені, оларға төленетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері аз, жұмыс табу қиын, алайда отбасының жағдайын жасау – кімге болсын парыз. Ал Марлан сияқты қайратты болу үшін екінің бірі өзін жанкешті ете алмайды.

Марлан – әр тарапты спортшы, жеңіл атлетикадан спорт шебері. Бүгінгі таңда оның ден қойып жүрген спорт түрлері – суда жүзу мен дойбы ойындары. Әңгіме кезінде ол: “Спорт менің өмірге деген сүйспеншілігімді арттырып, тірлік жасауға еңсемді көтерді”, – деген сөздерді қайталаудан жалықпады. Әуесқой спортшы жыл сайын республикалық жарыстарға қатысып, онда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Жақында тағы да Тараз қаласына дойбы мен суда жүзуден өткен республикалық жарысқа қатысып қайтты.

Марлан үлкен толғаныспен: “Адам өзін қоғамда қажетті сезінсе, өмір сүруге, еңбектенуге, ізденуге деген қабілеті артады”, – деген ойын білдірді. Ол өзін түсінген, көмек қолын созған адамдарды, тіпті пір тұтады. Жақында “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның өңірлік филиалының “Даму-Көмек” бағдарламасы арқылы петропавлдық “Содэль” бухгалтерлік фирмасы” ЖШС-нің, дәлірек айтқанда, оның басшысы Наталья Алексееваның шын көңілмен, ақ ниетпен кәсіпкерлігіне қолдау көрсеткенін Марлан үлкен ризашылықпен жеткізді. Олар оған жаңа массаж кереуетін сатып әперген. Кәсіпкерлікті дамыту үшін жоспарлы әрекетпен жұмыс істеу қажеттігін ұққан жігіт Петропавл медицина колледжінде біліктілікті арттыру курсында оқып, сертификат алыпты. Енді ол – медицина саласымен толыққанды айналыса алатын кәсіпкер.

– Массаж адам денесінде болып отыратын зат алмасудың бәріне әсер етеді. Ол жүйке жүйесінің қозғыштығы мен тежелуін теңестіруге көмек жасайды. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, массаждың әсер етпейтін жері жоқ. Ол орталық жүйке жүйесіне, бұлшық ет қан тамырларына, ағзаның өзге жүйелеріне үлкен әсер етеді. Массажды физиотерапия немесе емдік гимнастикамен қоса қабылдаса, оның нәтижесі бұрынғыдан да аса түседі. Өйткені, ол адам денесіне жан-жақты күш түсіреді. Ғалымдардың айтуынша, массаж әлсіреген денеге әл береді, шаршаған ағзаға күш қосады, бұзылған мүшені қалпына келтіреді. Тек әдісін дұрыс білу керек. Қысқасы, әр аурудың өзіне тән қолданатын массаждың тәсілдері бар. Оны әр маман өзінше жасап, тәжірибе мен біліктілігін арттыра түседі. Массаж техникасы ауруларға түрлінше пайдаланылады. Сондықтан емдік массажды тек медициналық білімі бар адамдар ғана жасай алады. Әр маман алдына келген адамға не керек екендігін өзінің біліктілігімен шешуі керек. Қолға алған кәсібіңді жақсы көріп, үлкен ізденіспен еңбектенсең, әр тұтынушы сенің тұрақты клиентің болып қалады, – деген Марлан қорытынды әңгімесінде өмірден өз орнын тапқан адамның сыңайын анық танытты.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp