«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АИТВ ЖҰҚТЫРҒАНДАР АЗАЙЫП КЕЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

XXI ғасырдың індеті – жүре пайда болатын иммунитет тапшылығының синдромы (ЖИТС). Дертпен күрес осы күнге дейін тоқтаған емес. Десе де, ЖИТС, АИТВ инфекцияларының бүгінгі таңға дейін емі табылмай отыр. Сондықтан да бұл жұқпалардан құрбан болғандардың саны күн санап артып келеді. Өңіріміздегі АИТВ, ЖИТС бойынша жағдайды білу үшін ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі облыстық орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айман Сыздықоваға жолыққан едік. 

 

– Біздің облысымызда АИТВ/ЖИТС бойынша жағдай қалай?

 

– Қазіргі таңда облыстың 400-ден астам тұрғыны АИТВ- ті жұқтырғандар болып есептеледі. Қазіргі уақытта АИТВ жұқпасының дерті тұрақтандырылды. Тіпті, аурудың азаюы байқалады. Бұл дерттен өлім-жітім мәселесіне келер болсақ, науқастар көбінесе аталмыш дерттің салдарынан емес, есірткіні пайдалану мен өзге себептерден қайтыс болып жатады. Егер де науқастар дәрігерлердің айтқан нұсқауларымен саламатты өмір салтын ұстанса, олардың өмірлерінің сапасы әлдеқайда жақсара түседі.

– Адамдардың дертке деген көзқарастары өзгерді ме?

– Әрине, өзгерді. “Сақтансаң сақтайды” демекші, бүгіндері ақпараттың толысқан заманында адамдар өздерінің денсаулықтары үшін бұл дерттің пайда болуы, онымен күрес жолдарын ғаламтор арқылы оқып, біліп жатады. Алған білімдерін өз денсаулығын қорғау үшін пайдаланады.

– Дәрігерлердің басым бөлігінің пайымдауынша, дерттің белгілерін ерте анықтау емделуге себін тигізеді. АИТВ, ЖИТС жағдайында да осы қағиданың маңызы бар ма?

– Ауруды ерте кезеңде анықтау дертті дені сау адамға жұқтырудан сақтандырады. Науқасты дер кезінде диспансерлеуді, оған психологиялық көмек пен кешенді терапия жасауды, әлеуметтік оңалтуды уақытында қамтамасыз етеді. Дерттің белгілері ерте кезеңде анықталса, аурумен күрес өз жемісін береді. Дегенмен, ЖИТС-ті түп-тамырын жеңу туралы айту ерте болғанымен, қазіргі таңда медицина бұл салада көптеген жетістіктерге жетті. Дәрігерлер адам ағзасындағы АИТВ жұқпасын тоқтатумен қатар, бұл дертке шалдыққандардың өмірін ұзартуға септігін тигізуде. Келешекте медицинаның жетістіктері дертті түбегейлі жеңеді деген сенімдемін.

– Тұрғындар арасында бұл дертпен нашақорлар мен жезөкшелер ғана ауырады деген пікір қалыптасқан. Сондықтан да мұндай ауруға шалдыққандарға жағымсыз қарайды. Бұл әділетті ме?

– АИТВ жұқпасын алғашқы жұқтырғандар дәл осы нашақорлар мен жезөкшелер, гомосексуалистер болғандықтан, осындай пікір қалыптасқан. Бұл дертті “жаман адамдардың” індеті деген пікірдің қалыптасуы да орынды. Уақыт өте дертке шалдыққандар арасында әлеуметтік жағдайы әртүрлі адамдар кездесуде. Өкінішке қарай, АИТВ жұқпасы дені сау адамдарда, әсіресе, әйелдерде жиі кездесуде.

АИТВ жұқпасынан қорқу спидофобия деген психологиялық аурудың пайда болуына әкеп соқтырады. Қалай дегенмен де мұндай адамдармен қарым-қатынас жасаудан қорықпау керек. Тек, бұл ауруды жұқтырып алу жолдары жайында барынша ақпараттандырылу жеткілікті.

– АИТВ жұқпасы бар адамдарға қоғам қалай көмектесе алады?

– Әрине, жақын арада бұл дертті жеңудің тәсілі табылады деген үміттеміз. Шындығында да, бұл дертке шалдыққандардың көбісі – нашақорлар. Олардың басым бөлігі ауруды тамыр арқылы жұқтырады. Бұл дертке шалдыққандықтарына өздері кінәлі болуы да әбден мүмкін. Десе де, өз диагноздарын білгенде олар өкініп, тәубелеріне келеді. Сондықтан да ондай адамдармен араласудан қорықпаңыздар. Себебі, ауруды жұқтырудың тәсілдері шектеулі. Оларды шеттетуден аулақ болыңыздар.

– Әңгімеңізге рақмет!

(Өз тілшімізден).

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp