«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕК ТҮГІЛ, МИҒА ДА ЕМ ІЗДЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мына суреттегі дәрігердің аты-жөні – Асхат Молжігітов. Ол науқасқа нақты диагноз қою үшін тамыры арқылы катетер өткізу үстінде. Мұндай іс-шараны медицина саласында коронография деп атайды. Науқас ауруханаға жүректің ишемиялық ауруымен түскен екен. Сырқатқа күрделі ота алдында нақты диагноз қойып, емдеу тәсілін анықтау үшін осындай іс-шара жасалатын көрінеді. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Небәрі 28 жасында осындай күрделі оталардың басықасында жүрген Асхат Асқарұлы – өңіріміздің тумасы. Мұны біз ол ота жасап болғанша сыртта оның іс-әрекеттерін монитор арқылы бақылап тұрған әріптестерінен сұрап білдік. Ота 50-45 минутқа созылды. Осынша уақыт бойы науқас есін біліп жатты. Әдетте ота жасар алдында науқасқа наркоз берілсе, мұндай ота наркозсыз жасалады. Тамыр арқылы катетер өткізіліп, жүрек тұсының шаншуын туғызған коронарлы артерияның қаншалықты дертке шалдыққанын анықтайды. Катетермен жүректің тамырларына рентгенге қарама-қарсы сұйықтық құйылып, тамырдың зақымданған тұсын монитордан анық бақылай алады. Мұндай тәсілді медицинада жүректің ишемиялық ауруына дұрыс диагноз қоюдағы “Алтын стандарт” деп аталып кеткен. Асхат Асқарұлының әріптесімен әңгімелесіп болғанымызша, дәрігердің өзі де жұмысын аяқтап болды. Сыртқа шығысымен, кардиологтер науқасқа қандай ем қолдану қажет болатындығы туралы өзара пікір бөлісті. Бір таңғаларлығы – кардиологиялық орталықтағы дәрігерлердің жартысынан көбін жастар құрайды екен. Оларды жас та болса, өз ісінің білгірлері, дейді облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бейбіт Мұстафина. Ол кісі Асхат Молжігітовтың өз туған жерінде қызмет етуіне себепкер болған екен.

 

– Асхатты мен Қарағанды қаласына барған бір сапарымда кезіктірдім. Ол онда медициналық оқу орнының соңғы курсында оқып жүрген еді. Қатарластарынан озық тұрды. Жүзінде мейірім белгісі байқалды. Бұл әр дәрігердің бойында болуы тиіс ең бірінші қасиеттердің бірі деп санаймын, өз басым. Сондықтан да Асхатты бірден ол кезде енді ашылғалы жатқан кардиологиялық орталыққа қызмет етуге шақырдым. Себебі, солтүстікқазақстандық тұрғындардың денсаулығы осындай талапты жас мамандардың қолында, – деген Бейбіт Мұқышқызы басшы әрі Асхат Асқарұлының әріптесі ретінде бүгінгі күні оның кардиологиялық орталықта атқарып жүрген еңбегінің маңыздылығы жайында айтып берді.

Стенокардия, миокард инфаркты сынды жүректің ишемиялық ауруын тудыратын дерттерді емдеу ісі бүгінгі күні бірінші орында. Себебі, бұл дерт жас талғамайды. Қазіргі таңда жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан жасы небәрі 25 жасқа толған жастарды да жолықтыруға болады. Сондықтан кеселмен ашық күреске шығу үшін білім және біліктілікпен шыңдалған Асхат сынды мамандар қажет, деді Бейбіт Мұқышқызы.

Асхат Асқарұлы – №2 орта мектептің түлегі. Мектепте сүйіп оқыған пәндерінің бірі химия мен биология болған екен. Ақ халатты абзал жандар оның отбасында кездеспесе де, мектеп партасынан өзін тек дәрігер бейнесінде елестеткен екен. “Дәрігер болуды неге таңдадың?” деген сұраққа: “Балалық арманым” деп қысқа қайырған Асхат Молжігітов алдымен кардиолог дәрігер ретінде кардиореанимацияда 3 жыл қатарынан қызмет еткен екен. Білімін толықтыру үшін Израильдің Тель-Авив қаласының клиникасында 2 ай бойы тәжірибе жинақтаған. Интервенционды кардиолог мамандығын меңгеру үшін Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында білімін шыңдапты.

Интервенционды кардиология – медицина саласындағы жаңа мамандықтардың бірі. Рентгенология мен кардиохирургиядан тұратын интервенционды кардиология жүректі ғана емес, сондай-ақ мидың да қан айналымын зерттейді. Соған қарағанда Асхат Молжігітов, жасына қарамастан, бесаспап дәрігер.

СУРЕТТЕ: Асхат Молжігітов ота жасау үстінде.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp