Қайрат Лама ШАРИФ,
ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы.
20 жылдан астам тарихы бар тұғырлы тәуелсіздігімізге бүгінгі күн биігінен көз тастар болсақ, оның біздің елімізге және қазақ халқына орасан зор тарихи мүмкіндік бергеніне куә боламыз. Біз осы уақыт аралығында мемлекеттілігімізді қайта қалпына келтіріп, елімізді дербес даму жолына түсіріп, дәстүрлі рухани құндылықтарымыздың құлдырауын тоқтатып, ата дініміз болып табылатын ислам дінін қайта өрлете алдық.
Исламның басқа да әлемдік діндер тәрізді өзіндік өмір сүру мәнері, пайымдау ерекшелігі, біртұтас өркениеттік негізі бар екендігін дәлелдеп жатудың артық екені анық. Жүйелі сипатқа ие осынау ізгілікті дін мұсылман адамның әлеуметтік болмысын қалыптастыра отырып, оның тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықтағы өмір сүру мәнерін айқындайды.
Сонымен қатар, ислам дінінің тарихи тұрғыдан қалыптасқандығын және өзінің болашақ даму жолдарын іздестіре отырып, бүгінгі күні де сан алуан идеялар мен пікірлер күресі аясында өмір сүруде екенін атап айтқан жөн. Елімізде орын алып отырған үдерістердің өтпелі сипаты Қазақстандағы исламдық кеңістіктің қалыптасуын күрделендіре түсті. Біз бұрынғы кеңес кеңістігіндегі ел мұсылмандарының бір бөлігінің шеттен келіп жатқан радикалды сипаттағы діни идеялар мен ой-пікірлерді белсенді түрде қабылдауына ықпал еткен “жаңа исламдандыру” толқынымен бетпе-бет келіп отырмыз.
Діни экстремизм сипатындағы бұл құбылыс ХХІ ғасырда кең етек ала бастады. Қазіргі күні оның ықпал ету аймағы ұлғайып, экстремистердің іс-қимыл аумағы өзгеріп отыр. Бастапқы кезеңде экстремистік топтардың әрекеттері мұсылман елдеріндегі шетелдік субъектілерге (саяси, әскери және т.б.) қарсы бағытталған болса, бүгінгі күні мұсылман қауымының өзі олардың нысанасына айналып отыр.
Сондықтан діни экстремизмнің ең қауіпті түрлерінің біріне айналған тәкфіршілік туралы сөз қозғаймыз. Алдымен Қазақстандағы тәкфіршілердің іс-әрекетінің шынайы мәні мен үрдістерін айқын түсіну үшін тәкфіршіліктің пайда болу тарихы мен оның негізгі сипаттарына назар аударалық.
Тәкфіршілік – ол діни арман-тілектерді алдау және психологиялық манипуляциялау; ол жастарды рухани қорлау және оларды мәңгүрт ету; ол өз діні мен халқына сатқындық жасау.
Уаххабилікті ұстанушылардың барлығына фундаменталды исламда табиғи түрде кездесетін тәкфір және жихад туралы түсініктер тән. Ислам дініндегі осы жалпы ұғымдарды өз мақсаттары үшін пайдалана отырып, уаххабилер олардың мәнін адам танығысыз етіп бұрмалайды. Мәселен, уаххабилер “дінге сенбеу” (куфр) және “көпқұдайлыққа жол беру” (ширк) тәрізді ұғымдарды шектен тыс абсолюттендіре отырып, тәкфір нысандарын өз еріктеріне қарай кеңейтеді. Бір Құдайға сенушіліктің мәнін адамдарға Қасиетті кітапта берілгендей неғұрлым толық және дұрыс түсіндіру мақсатын ұстанатын ислам заңгерлерінен, теологтарынан және философтарынан уаххабилердің басты айырмашылығы – олар Құран мен сүннет мәтіндерін құқықтық, теологиялық, философиялық тұрғыдан түсіну мүмкіндігін толығымен жоққа шығарады.
Тәкфір – ол уаххабилікті ұстанушылардың, тұтастай алғанда, фундаменталистердің идеяларын мойындамайтын адамдарды “кәпір” (“куфр” – дінсіз) ретінде айыптау. Тәкфіршіліктің нысанасына ең алдымен ислам діні жөніндегі олардың түсінігімен келіспейтін мұсылмандар ілігеді. Осы жерде мынаны ескеру маңызды: мұсылман еместер тәкфіршіліктің басты нысанасына жатпайды, өйткені олар иудейлер мен христиандарды, жалпы басқа діндерді ұстанушылардың барлығын басынан-ақ “дінсіздер” қатарына қосып қойған.
Көріп отырғанымыздай, дәстүрлі исламды ұстанатын қарапайым мұсылмандар тәкфіршілер нысанасына айналып отыр. Басқаша айтқанда, тәкфіршілер ислам дінін өздері бірден-бір дұрыс бағыт деп сенетін уаххабилік түсінік бойынша ұстанбаған мұсылмандардың барлығын “кәпірлер” – “дінсіздер” деп жариялайды. Ал бұл жағдайда, кәпірлікпен айыпталған мұсылмандар “діннен шыққан” (арабша “муртадд”, яғни “исламнан безген”) деген атқа ие болады. Яғни, дәстүрлі исламды ұстанатын мұсылмандарға қарадан-қарап күйе жағылады.
Мұндай жаңсақтық өз кезегінде “мазхабсыздар” атанып жүрген тәкфіршілердің исламдағы дәстүрлі төрт мазхабтың мәнін бұрмалауына соқтырады. Мәселен, олар “біз тек Құран мен сүннетті басшылыққа аламыз, ал Құран мен пайғамбар сүннетінде мазхабтар туралы ештеңе айтылмағандықтан, ондай түсінікке орын жоқ” деген идеяны алға тартады. Қазақстандағы тәкфіршілердің Әбу Ханифа мазхабына және оны ұстанушыларға не үшін сынай қарайтыны осыдан түсінікті болады. Тәкфіршілер осы себептен жергілікті мешіт имамдарын да мойындамайды.
Енді уаххабилер мен ханафилердің діни ілімдеріндегі қағидаттық айырмашылықтар мен қарама-қайшылықтар неден көрініс табады деген мәселеге үңіліп көрелік.
Біз ұстаным тұрғысынан сунниттік бағыттағы имам Матуриди ас-Самарқанди ашып түсіндіріп берген Әбу Ханифа ақидасын ұстанамыз. Алайда, “мазхабсыздар” имам Әбу Мансур Матуридиді “кәпір” деп, ал оның ізбасарларын “адасқандар” деп санайды. Яғни, тәкфіршілер біздерді, яғни ханафи мазхабын ұстанушыларды өз дінінің, өз әрекеттері мен жүріс-тұрыстарының мән-мағынасын түсінбейтін адамдар деп есептейді.
Уаххаби идеологтарының пікірінше, діннен шыққан мұсылмандар (муртадд) – бірқұдайлық қағидаларынан “аздап жаңылғандар”. Уаххабилер әдетте әулиелерді құрметтеуді, бейіт басында Құран бағыштауды, жұлдыздарға қарап болжам жасауды (астрология), сәтсіздіктердің алдын алуға көмектеседі деген ырыммен бойтұмар тағуды немесе басқа да заттарды ұстауды осындай “жаңылысуға” жатқызады.
Қазіргі уаххабилік ілімді ұстанушылардың (неоуаххабилер) көзқарастары тұрғысынан бида’а – (“дінге жаңашылдық енгізу”) түсінігіне сонымен қатар туған күнді тойлау, “сәрсенбі – сәтті күн” деп айту, әртүрлі сипаттағы діни мерекелерді, мерейтойларды атап өту, атақты адамдарға ескерткіштер орнату, аза рәсімін өткізу, қаралы жиында әртүрлі “жаңашылдықтарды” қолдану (мәселен, қайтыс болған адамды жоқтау), бейіт басына құрылыс салу, т.б. енгізілген.
Алайда, суннит-ханафилер дүниеден өткен туған-туыстарының, соның ішінде ата-анасының бейіттерінің басына баруды және оларға Құран бағыштауды маңызды сүннет деп санайды.
Тәкфіршілер зиратта, бейіттің басында және басқа да орындарда марқұмның аруағына бағыштап Құран сүрелерін оқуға болмайды деп есептейді.
Ал Мұхаммед пайғамбар өз хадисінде: “Кімде-кім бақилық болған ата-анасының бейітіне барып, оларға арнап “Ясин” сүресін оқыса – Алла тағала оның күнәсін кешіреді және оны ата-анасына тағзым ететін адамдардың қатарына қосады” деген. Тағы бір шынайы хадисте “бақилық болған адамның басына оның фәни дүниеде жақсы көрген адамы келген уақыт – марқұмның жаны жай табатын ең жақсы сәт” екені айтылады.
Осы жерде атадан қалған “Өлі риза болмай, тірі байымайды” деген ұлағатты сөз бар екенін айта кеткім келіп отыр.
Тәкфіршілер өздерінің жеті атасын білмейтін, мұсылмандық міндеттерін толық орындамағаны үшін, тіпті, өз ата-аналарын да жазғыратын мәңгүрттерге айналуда. Ал Құран мен Пайғамбарымыздың сүннеті бізді ата-анамызға құрметпен қарауға шақырады. Алла тағала Құранда былай деген: “Жаратқан Иең өзіне ғана ғибадат етулеріңді және әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда жүріп қартайса, оларға “Туһ” деме. Оларға зекіме, сыпайы сөз сөйле. Оларға кішіпейілдік пен мейірімділік құшағын жай да: “Жаратқан Ием! Олардың мені кішкентай кезімде тәрбиелегеніндей, Сен де оларды рақымыңа бөлей гөр де” (“әл-Исра” сүресі, 23-24 аяттар).
Мұхаммед пайғамбарымыз сонымен қатар былай деп айтқан: “Ата-аналары тірі жүрген кезде оларға өлгенше азап келтіретін пенделер де болады. Алайда, ата-аналары дүниеден өткеннен кейін ондай бейшара адам солар үшін үнемі Құран бағыштап жүрген болса, онда Алла тағала оны кешіре алады және оның атын өз ата-аналарын ардақтаған жандардың қатарына жазып қояды”. Бұдан шығатын қорытынды – марқұм ата-анасының бейітіне барып жүретін ұрпағы оларға бас иіп тағзым еткен, оларға Алла тағаладан “марқұмдарға бұ дүниеде берген жақсылығыңды о дүниеде де бере гөр” деп дұға жасап, олардың алдындағы өзінің қасиетті борышын өтеп жүрген мұсылман болып саналады. Мұхаммед пайғамбарымыз тағы бір хадистерінде: “Мен осыған дейін сендерге бейіттерге баруға тыйым салған болатынмын. Бұдан былай бейіттерге барсаңыздар да болады. Ол шынында жүректерді жұмсартады, көздеріңе жас толтырады және ақыретті еске түсіреді”; “Мұсылман адам қайтыс болғанда оның жасаған үш ісінен басқасының барлығы тоқтайды: берген садақасы; басқалар пайдаланатын ілімі; Алла тағалаға ол үшін дұға бағыштап отыратын ізгі ұрпағы” деген.
Бұл орайда аса көрнекті ойшыл, хадисші (мухаддис), атақты мұсылман заңгері (факих), ханафи мазхабының негізін қалаушы Имам Ағзам Әбу Ханифа: “Егер хадис сенімді болса – онда ол менің мазхабым” деген болатын.
Мұхаммед пайғамбар мұсылмандарға бейіттерге баруды тегіннентегін бұйырған жоқ. Өйткені, оның бейітке барған адамға да, ондағы әруақтарға да берер пайдасы зор. Әрине, бейіттерге баруда және басқа да істерді жасауда шариғат шеңберінен шығып кетпеуді ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан белгілі бір уақыттарда өз жөн-жосығымен қайтыс болған туыстардың, дінге қызмет еткен әулиелердің, ғұламалардың бейіттеріне барып, оларға Алла тағаладан шарапат тілеп, дұға бағыштап отыруға тырысуымыз керек. Бұл тек туған-туыстарды еске түсіру ғана емес, сонымен қатар тарихты да еске түсіріп отыру деген сөз. Өйткені, өзін құрметтейтін және өркендеуге ұмтылатын кез келген халық секілді қазақ халқы да өз тарихын, оны жасаған және қазақ халқын ұлт ретінде қалыптастырған тұлғаларды білуі тиіс.
Енді “бида’a” (“жаңашылдық”) ұғымының түсінігін талдап көрелік.
Тәкфіршілер осынау араб сөзін “дін бұзарлық”, “адасушылық” деп түсінеді. Мәселен, олар Мұхаммед пайғамбардың туған күнін – Мәуліт ән-нәбиді тойлауға ашық қарсылық білдіреді. Дегенмен, бұл мереке Сирия, Алжир, Тунис, Марокко және басқа да мұсылман елдерінде 1207 жылдан бастап тойланады. Ал тәкфіршілер Мәуліт мерекесін дінде тыйым салынған жаңашылдық деп санайды.
Біз, керісінше, Мұхаммед пайғамбар өмірге келген Мәуліт күнін сүннетке сай және дәстүрімізден берік орын алған мереке деп санаймыз. Жыл сайын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман күнтізбесіндегі Раби’ аль-аууал айында еліміздің барлық өңірлерінде ауқымды және салтанатты іс-шаралар өткізеді.
Мәуліт ән-нәби мерекесін атап өтуден бас тартатын тәкфіршілер өздерінің туған күндерін де тойламайды және өз орталарында ата-аналары мен туыстарының туған күндерін тойлауға тыйым салады. Уаххабилердің жалған ілімінің жетегінде кеткен жас қаракөздеріміз намаз оқымайтын өз ата-аналарын “кәпір” деп айыптауға дейін барып жатады.
Имам әл-Бухари “Жеке тұлғаның әдептері” (“әл-Адаб әл-муфрад”) атты еңбегінде Мұхаммед пайғамбардың “Ата-ананы көзіне жас алғызуға дейін жеткізу – бағынбаушылық және үлкен күнәлардың бірі” деген хадисін жеткізеді. Өз кезегінде имам Әбу Ханифа өзінің “әл-Фикһ әл-акбар” (“Үлкен фикһ”) еңбегінде: “Адамдардың ең үлкен қателіктерінің бірі – олардың бірін-бірі кәпір деп айыптауы. Ал ахл ас-Суннаның (“Алла елшісінің жолымен жүрушілер” – сунниттер) жақсы тұсы – ол адам қателігін көргеннен кейін де оны дінсіз ретінде айыптамауы” деп жазады.
Бүгінгі күнде уаххабилер мұсылман елдеріндегі билік басшылары мен өкілдерін, сол мемлекеттерді қорғауды және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп отырған құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдарды, уаххабилерді қолдаудан бас тартқан адамдарды “діннен безгендер” деп айыптап, оларға тәкфір жариялауда.
Осыдан келіп: “Зұлымдықтың тамыры қайда жатыр?” деген заңды сауал туындайды.
Тәкфіршілер ешқашан өздерінің террористер екендігін мойындамайды. Ал тәкфіршіліктің шынайы мәні мемлекеттік құрылысты, оның саяси жүйесін бұзу, билікті тартып алу тәрізді лаңкестік пиғылдар мен әрекеттерге негізделеді. Тәкфіршілердің негізгі мақсаты – қазіргі мемлекеттік құрылысты өзгертіп, оның орнында шариғатқа негізделген ислам мемлекетін құру.
Заманауи тәкфіршілік египеттік “Мұсылман бауырлар” (“Ихуануль-муслимун”) партиясынан бөлініп шығып, “ат-Такфиру әл-хижра” (“дінсіздікпен айыптау және өз дінін сақтау үшін басқа жаққа көшу”) деген атауды алған ультрарадикалдық бағыт болып табылады. Бұл ағымның негізін 1966 жылы Египет билігінің үкімімен өлім жазасына кесілген радикал идеолог Саид Қутбтың билікті күшпен тартып алу идеясын басшылыққа алған Мұстафа Шукри қалады.
Адамдарды экстремистік арбаудың бастапқы сатысы ретінде көрінетін аталған идеологияны Египет президенті Ануар Садатты өлтіруді іске асырған Абдассалям Фараждың “әл-Жихад” террористік ұйымынан бастап, одан кейін пайда болған барлық лаңкестік ұйымдар басшылыққа алды.
Абдассалям Фараж тәкфір теориясын салафилік ақидамен біріктіре отырып, одан әрі дамытты. Жекелей алғанда, тәкфіршілер жихад жариялау үшін алдымен мемлекет басшысы мен мемлекеттік қызметкерлерге, әскерилер мен құқық қорғау органдарының өкілдеріне “тәкфір” (дінсіз деп айыптау) үкімі шығарылатын ауғандық үлгі бойынша әзірленген жихад тәжірибесіне баса мән береді. Яғни, жоғарыда атап өткен мемлекеттік құрылымдардың барлық қызметкерлері “дінсіздер” деп айыпталады және мұсылмандық құқықты тәкфіршілік идеялар негізінде пайымдау тұрғысынан олардың билігі заңсыз деп танылады.
Одан бөлек, тәкфіршілер зайырлы мемлекет пен оның басшыларын адамдар үшін әкімшілік бағыну нысандары емес, керісінше, діни сыйыну нысандарына айналып кеткен деп айыптап, оларды “тагуттар” – “пұттар” деп жариялаған. Осы пікір тәкфіршілердің идеологиялық ұғымдарында негізгі орын алады және ол жекелеген мұсылмандардың діни санасын психологиялық арбаудың негізі ретінде көрінеді.
Осының барлығы тәкфіршіліктің мемлекет құраушы ұлт өкілдері болып табылатын қазақ жастарының психологиясы мен діліне айтарлықтай күшті соққы бере алатындығын көрсетіп отыр. Олар осы мақсатта қазақ жастарының бойында өзінің және ата-бабаларының тарихына қатысты “ұялу” сезімін тудыруға және азаматтық сезімдер мен Отанға деген табиғи сүйіспеншіліктің үстінен үстемдік жүргізетін ислам космополитизмін сіңіруге күш салады.
Тәкфір – қараңғылық пен надандықтың белгісі. Бүгінде уаххабилер қазақ халқының тарихи тұрғыдан ислам дініне қатыстылығына күмән келтіре отырып, қазақтарды сынға алуда. Тәкфірмен айыптау өз Отанына, өз бауырларына қарсы қарулы жихад жүргізу мүмкіндігінің идеялық негізі болып табылады. Алайда, тәкфіршілер ислам құқығы бойынша діндестердің өз дініндегілерге қарсы ешқандай жихад жүргізуіне болмайтынын ұмытқан.
Олар, сонымен қатар, біздің ата-бабаларымыз ислам дінін Х ғасырда қабылдағандарын да естерінен шығарған. Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында өмір сүрген Қарахандықтар мемлекеті Орталық Азиядағы ең алғашқы мұсылман мемлекеті болды. Одан кейінгі ғасырларда Қазақ хандығының билеуші элитасы толығымен ислам дінін ұстанды. Қазақ хандығы дәуірінде ислам діні қазақтарды саяси біріктіруші рәміз рөлін атқарды – бұл жерде XVI-XVIII ғасырларда Қазақ хандығының астанасы мұсылман әлемінің көрнекті ойшылдарының бірі болып табылатын Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орналасқан Түркістан қаласында орын тепкендігі және сол жерде үш жүздің танымал батырлары мен билерінің, қазақ хандарының көпшілігінің жерленуінің өзі көп жайтты аңғартса керек.
Демек, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі әрі діни рәміз, әрі барлық қазақ рулары мен жүздерінің ежелден ортақ саяси санаға ие болғандығын көрсететін көрнекі материалдық дәлел болып табылады, қазақстандық ұлттық тарихнамадағы оның мәні аса зор. Түркістандағы “пантеон” тәрізді сенімді дәлелдің болуы ұлттық тарихымызды бұрмалауға талпынатын қандай да бір әрекеттерге жол бермесі анық.
Осы ретте Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бір мезгілде қазақ мемлекеттілігінің, сонымен қатар, Орталық Азиядағы исламның рәмізі ретінде оларды бір-бірімен тығыз және ажырамас бірлікте байланыстырып отырады.
Мұның барлығы, сунниттік бағыттағы ислам заңды түрде қазақ халқының дәстүрлі діні саналатындығын білдіреді, ал бұл өз кезегінде ұлтымыздың мұсылман өркениетінің маңызды бөлігі екендігін айғақтайды. Басқаша айтқанда, ислам діні және онымен байланысты ұлтымыздың тарихи-мәдени мұралары қазіргі қазақ қоғамын біріктіріп отырған басты тұғыр болып табылады. Осынау айғақты дерек еліміздің әрбір азаматының дінге, әсіресе, исламға қатысты жеке ұстанымы мен көзқарастарына тәуелсіз, айқын түрде мойындалуы тиіс.
Қорыта айтқанда, тәкфіршіліктің діни радикализмді, экстремизм мен терроризмді тудыратын идея екендігін баса айту қажет. Олардың пиғылдары діни емес, саяси мақсаттарды көздейді. Демек, бұл дегеніміз – олар қазіргі зайырлы және демократиялық даму жолындағы мемлекеттік, конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге және өз түсініктеріне сай халифат орнатуға талпынып, билік үшін күрес жүргізуде деген сөз. Дәл осылай басталған үдерістердің қандай салдарларға алып келгенін бүгінгі күнгі Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінің ауыр жағдайынан анық көруге болады.
Осындай радикалды идеяларды, дүниетанымды, ортағасырлық өмір сүру мәнері мен рухын бойларына сіңірген Орталық Азия мен Кавказ елдерінен шыққан шолақ балақты, қауға сақалды жасөспірім-тәкфіршілердің бүгінгі күнде “Араб көктемін” бастарынан өткеріп отырған елдерде ислам халифатын құру мақсатында жүргізіліп отырған соғыстар мен қантөгісті қақтығыстарға қатысып жүргені көп нәрсені аңғартса керек.
Өкінішке орай, діни экстремизм мен терроризмнің осындай қауіпті түрі діни сауатсыздықтың, өз тарихын жоққа шығарудың, ата-бабалардан жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды ұстанбаудың, зайырлы мемлекеттің саясатын исламдандыруға талпынудың және тағы басқа да келеңсіз факторлардың салдарынан біздің елімізде де бой көрсете бастады. Исламдағы ашық агрессивті бағыт ретінде сипатталатын тәкфіршілік өз ұстанушыларынан күнделікті өмірде шариғат заңдарына қатаң бағынуды талап еткен болып көрініп, шын мәнінде оларды түпсіз қараңғылық пен ойсыз надандыққа итермелейді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына Жолдауында: “Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс. Діни экстремизм қаупі ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Біз Жаратушыға деген кіршіксіз сенімнің агрессиялы және қырып-жойғыш фанатизммен алмасуына жол бермеуіміз керек. Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын ханафи мазхабына қарама-қайшы” деген болатын.
Осы ретте Мемлекет басшысы: “Қазақстандағы экстремизм мен терроризмде идеялық емес, қылмыстық негіз бар. Жалған діни көпірмеліктің артында қоғамның негізін күл-талқан еткісі келетін қылмыстық іс-әрекет жасырынып жатыр.
Бұл – біздің еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа шабуыл. Бұл – біздің мемлекеттігіміз бен азаматтық кемелдігіміздің мықтылығының сынға түсуі” деп атап өтті.
“Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін-өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды” деп атап көрсетті Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев.
(“Айқын” газеті,
2013 жылғы 7 маусым).