Петропавл қалалық ІІБ-нің қызметкерлері облыс орталығының ойын-сауық орындарын тексерді.
Рейдке учаскелік полицейлер, кинологиялық қызмет мамандары мен иісшіл иттер, кәмелеттік жасқа толмаған балалар ісі жөніндегі инспекторлар, жедел әрекет ету тобының сарбаздары мен Петропавл қалалық ІІБ есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілдері қатысты. Жылжымалы полиция пункті әрбір ойын-сауық отауына тоқтап, тәртіп сақшылары мекемедегі әр адамның құжатын тексеріп, қылмыстың алдын алу мақсатында кеңес өткізді. Мекеме иелері өткізілген шараға жақсы көзқарас білдірді. Есірткі бизнесіне тосқауыл қоя отырып, кәмелетке толмағандардың заң бұзушылығының алдын алып, сондай-ақ түнгі қаланың криминогендік жағдайын жақсартуға болады, – дейді тәртіп сақшылары. Үш сағатқа созылған рейд барысында 10-нан астам түнгі клуб тексерілді.
Жыл басынан бері ІІД-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы улы заттардың заңсыз айналымына байланысты 34 қылмыстық істі тіркеген. Қара базардан 7 кило әртүрлі есірткі тәркіленді. Жалпы алғанда, облыс бойынша полиция қызметкерлері есірткіге қатысты 51 қылмыстың бетін ашқан. 45 килоға жуық наша тәркіленді. Табылған нашаның 1 килограмнан астамы – героин. Жыл басынан бері есірткі заттарын пайдалану, психотропты заттарды қолдану бойынша 119 әкімшілік хаттама толтырылып, есірткі заттарын тұтынған күйінде автокөлік жүргізген 51 адам ұсталды.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.