Облыстық мәслихаттың мәжіліс залында ауылдық округтер мен аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері сайлауына әзірлікке және оны өткізуге арналған оқыту семинары болып өтті. Семинар жұмысына Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова, Орталық сайлау комиссиясы заң бөлімінің меңгерушісі Әділхан Бижанов, облыс әкімі аппаратының басшысы Владимир Дудов, аудандық, қалалық мәслихаттардың хатшылары, әртүрлі деңгейдегі депутаттар, аудандық, қалалық сайлау комиссияларының мүшелері, аталмыш науқанға атсалысатын ведомстволардың басшылары қатысты.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Биылғы тамыз айында ауылдық округтер мен аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері сайлауын өткізу туралы Қазақстан Республикасы Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығы шыққан болатын. Аталмыш Жарлықты жүзеге асыру және шешімін күткен мәселелерге орай нақты жауап алу үшін бүгінгі оқыту семинары ұйымдастырылып отыр, – деді аталмыш шараны ашқан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова елімізде жергілікті әкімдерді сайлау байқап көру ретінде 1999 жылғы 27 мамырдан бері үш рет өткізілгенін, оның біреуіне Қызылжар өңірінің жекелеген аудандарының сайлаушылары мен таңдаушылары да қатысқанын айта келіп, тамыз айында өткелі отырған сайлауға әзірліктің негізгі міндеттеріне, соған орай қабылданған нормативтік актілерге, әкімге үміткерлерді ұсыну және тіркеу, таңдаушылардың дауыс беруін ұйымдастыру, оларды санау және қорытындысын шығару жағдайларына тоқталды. Татьяна Витальевнаның айтуына қарағанда, биыл республика бойынша 47 қалалық және 2411 ауылдық округтің әкімдері баламалы түрде сайланады. Бұл науқанға қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары ретінде 2602 таңдаушы қатысады. Олардың жұмысын қалалық және аудандық сайлау комиссиялары ұйымдастырады.
Семинар барысында әкімдікке үміткерлердің кірісі туралы декларациясы, үміткерлермен кездесулер ұйымдастыру, олардың сайлау алдындағы қызметі сияқты мәселелер де көтеріліп, алдағы жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныстар мен нұсқаулар әзірлеу қажеттігі сөз болды.
Сонымен жергілікті әкімдер сайлауы тамыз айында облыстың 194 әкімшілік-аумақтық бірлігінде өтетін болады. Оған әзірлік басталып та кетті.