Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының алдында қазақ халқының аса көрнекті ақыны, алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 120 жыл толуына орай “Мен жастарға сенемін!” атты жастар акциясы өтті.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін!” – деп осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын жырлаған Мағжан ақынның рөлін сомдаған қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі Аманжол Зағыпар осы өлеңмен шараның шымылдығын ашты.
Жерлес ақынның құрметіне ұйым-дастырылған шара барысында “Қуанамын” би студиясы, “Арай” ұлттық би ансамблі, жас әншілер Қазбек Байтеміров – “Дайдидау” әнін, Набат Қайыңбаева – “Сүйемін”, “ART-Думан” тобы – “Қазақстан”, “Азия-Саунд” тобы – “Балқадиша” және “Мұңайма” әндерін, “MIX-ART” тобы “Атамекен” әндерімен көпшілікті өзіне баурап алды. Сондай-ақ бір топ жас Мағжан ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Атап айтқанда, Бағила Шеріматова, Айымгүл Қадырменова, Шәкет Ажданова және Руслан Құсайынов оқыған ақынның “Жан сөзі”, “Қазағым”, “Туған жер”, “Сырым” өлеңдері жұртшылық көңілінен шықты. Аманжол Зағыпар ақиық ақынға арнап жазған өзінің “Өлеңмен жазылған дұға” өлеңін шабыттана оқығанда қол соқпаған жан қалмады.
Өткізілген іс-шара барысында Мағжанның қысқа болса да өнегелі өмірі мен тағылымдарына шолу жасалды. Ұлт жанашырының 120 жылдық мерейтойына арналған шара жиналған өскелең ұрпаққа “Мағжандай елдің мақтанышы болыңдар!” деген игі тілекпен аяқталды.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.