Қайрат ПІШЕНБАЕВ,
“Нұр Отан” ХДП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Елбасы, “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына зейнетақы реформасының мәселелері жөніндегі Үндеуі солтүстікқазақстандықтар тарапынан да кең қолдау тапты. Мемлекет басшысы бұл жолы да Ата Заңымызда жазылғандай, халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі екенін тағы бір паш етіп, елді әрі-сәрі күйге түсіріп, екіұдай ойға қалдырған қиын түйінге нүкте қойды. Осыдан-ақ “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында белгіленген әлеуметтік жаңғыртулар орындалуы тиіс міндет болып қала беретінін анық аңғаруға болады.
Үкімет пен Ұлттық банк бастамашы болған зейнетақы жүйесі туралы заңнама төңірегінде Қызылжар өңірінде ұйымдастырылған талқылаулардың соңы қоғамдық пікірдің екіге жарылуына әкеп соқтырды. Жер-жерлерде өткен кездесулерде заң жобасындағы әйелдердің зейнеткерлік жасын бірегейлендіру, атап айтқанда, 63-ке дейін ұзарту, бұл үдерісті кезең-кезеңмен атқарып, 2014 жылдан бастау ұсынылғанымен, түпкі мәні жете түсіндірілмеді. Қазақстан тұрғындарының зейнетақы реформасына түбегейлі өзгерістер енгізу қажеттілігін қолдайтынына еш күмәнім жоқ. Оны әлем тәжірибесі де көрсетіп отыр. Еліміздегі зейнеткерлердің 70 пайызын әйелдер құрайтынын да жақсы түсінеді. Алайда, зейнетке шығудың заңды мүмкіндіктері айқындалғанымен, насихаттау жағы олқы соқты. Қатардағы заңдардың бірі ретінде қаралуы онсыз да жалақысы аз, жұмысы ауыр әйелдер қауымын шошындырып тастағандай болды. Осындай тығырықты сәтте көшбасшы, саяси ұйымның жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты шешімі “Нұр Отан” ел Президентінің, халықтың партиясы екенін тағы бір дәлелдеп берді. “Нұр Отан” партиясының “Қазақстан. 2017 мақсаттары, ұлттық іс-қимыл жоспары” атты сайлауалды тұғырнамасында “әрбір зейнеткер лайықты өмір сүру деңгейіне ие болуға тиіс” деген жолдар бар. Қазақстандықтар партия Төрағасының көшбасшылығымен бақуатты өмір сүретін, өз болашағына алаңдамайтын, сапалы біліммен, жоғары деңгейлі медициналық қызметпен, жалақысы жоғары жұмыспен қамтылатын, барлық ұлт өкілдері бір-бірімен тату-тәтті тұратын демократиялық мемлекет құруға ұмтылып, сара стратегиялық қадамдарды бірге жүзеге асырып келеді. Осы орайда нұротандықтар Елбасының ойларын іске асыруда негізгі тірек саналары даусыз. Партияның сайлауалды тұғырнамасын орындау күрделі әрі жауапты. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың ең ауыр кезеңінде Елбасының тиімді Стратегиясының, Парламенттегі “Нұр Отан” партиясы фракциясының сарабдал іс-қимылдарының нәтижесінде берген уәделердің толықтай орындалуы қамтамасыз етілді. Партия Төрағасының тапсырмалары жергілікті жерлерде өз шешімін тауып келеді. Облыс әкімі, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы Самат Ескендіров Жолдау талаптарына орай адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты міндеттер қойды. Мәселен, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы шеңберінде “Кедейсіз аймақ құру” жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалып, еңбекақы деңгейін көтеру, жаңа өндіріс орындарын ашу, масылдық пиғылды жою басты назарға алынған. Жергілікті биліктің қызметіне бақылау күшейтіліп, жауапкершілік арттырылды. Саяси ұйым мүшелерінің белсене қатысуымен жұмысымыз одан әрі ширап, тың әдіс-тәсілдер орнықты.
Елдің дамыған экономикасы партия Төрағасы айқындап берген әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға өзгеше серпін берді. Ол қазақстандықтардың өмірлік маңызды мүдделерін шешуге бағытталған. Елбасы тапсырмаларының қай-қайсысы болсын біз үшін өте маңызды. Үндеу үлкен ой салды. Күшімізге сенімділік берді. Дамудың жаңа белестеріне ұмтылдырды. Парламенттегі фракция зейнетақы реформасына қатысты заң жобасын уақыт талабына сай әзірлеуге өз үлесін қосарына сенімдіміз. Алдағы уақытта да халық жанашыры деген атқа кір келтірмейтін боламыз.