«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЛЫСТАҒЫ АҒАШ – ЖҰРТҚА, ЖАҚЫНДАҒЫ ТОҒАЙ – КӘСІПКЕРГЕ” болып жүрмесін! Облыс әкімінің тапсырмасы осындай

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында табиғатты қорғау заңнамалары саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев өзі басқарып отырған ведомство І санатты нысандарға мемлекеттік экологиялық бақылау жасау және табиғатты пайдалануды реттеу жұмыстарымен айналысатындығын атап айтты. Ал ІІ,ІІІ және ІV санатты нысандардағы қоршаған ортаны қорғау жергілікті атқарушы органдарға берілген көрінеді.

Данияр Балтабайұлының айтуына қарағанда, жыл басынан бері 147 тексеріс жүргізіліп, 243 табиғат қорғау заңнамасы бұзылғандығы анықталған. Соған байланысты 14 млн. теңгеден астам 241 әкімшілік айыппұл салынып, соның 10 млн. теңгедейі бюджетке өндіріліп алынған. Қоршаған ортаға келтірген зиянның орнын толтыру туралы сомасы 16,2 млн. теңгенің 43 талабы қойылған.

 

Соңғы 5 айда елді мекендерде тұрмыстық қалдықтарға байланысты экология талаптарын жиі бұзу және экологиялық төлемдерді төлеуден жалтару оқиғалары азаяр емес. Облыс бойынша 630 күл-қоқыс орны болса, соның 620-сы заңсыз: оларда заң талаптары сақталмайды және жобалық құжаттары жоқ.

Облысты дамытудың бағдарламалық құжаттарының бірде-біреуінде ауылдық полигондарды пайдалану және коммуналдық қызмет құру бойынша ешқандай шара қарастырылмаған. Биыл жоспар бойынша 900,0 млн. теңге сомасында экологиялық түсім түсу жоспарланса, экологиялық шараларға бөлінгені 50 млн. теңге (6 пайыз) ғана. Бұл – республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. Облыста 400,0 мың тоннадай қатты тұрмыстық қалдық жиналатын болса, соның төрттен бірі ғана заңдастырылған полигонға орналастырылады.

Коммуналдық кәсіпорындардың жұмысына байланысты кінәлі тұлғаларды айыппұлдан босату – қызметті асыра пайдалану және сыбайлас жемқорлыққа ұрыну болып табылады. Департамент, міне, осыған жол бермеуге күш салуда.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасов мекемеде 4 адамнан тұратын тәртіптік комиссия жұмыс істейтіндігін, ол прокуратураның ұсынысы бойынша 3 отырыс өткізгендігін атап айтты. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты атқарылып жатқан шаралар басқарманың сайтында да орналастырылады және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағында табиғат қорғау заңнамасын бұзу және заңсыз ағаш босату фактілерін анықтау мақсатында жоспарлы тексерулер жүргізілуде. 2012 жылы мемлекеттік орман қорғау мекемелерінің 59 қызметкеріне тәртіптік жаза қолданылған. Табиғат қорғау заңнамасын бұзуға байланысты 357 хаттама толтырылып, әкімшілік тәртіпте 280 айыппұл салынған. Хаттамалардың 157-сі – өрт қауіпсіздігін бұзуға, 76-сы – заңсыз ағаш кесуге, 28-і ағынды сулармен орманның зақымдануына байланысты жасалған. Осы жылы 53 материал соттың қарауына жіберіліп, оның 5-еуі қаралды, 5-еуі Ішкі істер департаментіне жолданған.

Облыс әкімі Самат Ескендіров жергілікті тұрғындардың шағымдарына байланысты атқарылып жатқан шаралар жайын сұрап білді. Биылғы жылы Мағжан Жұмабаев ауданында болған кездесуде айтылғандай, арыз биыл қайталанбайтындығын, ол үшін тиісті жұмыс атқарылып жатқандығын Қабиден Сәдуақасов атап айтты.

Самат Сапарбекұлы өзіндік құны арзан болу үшін отындық ағаштарды жергілікті тұрғындардың өздері дайындауын ұйымдастыру мақсатында ауылдық округ әкімдерімен жұмыс жүргізуді тапсырды. Билеттер беруде тағы да “Алыстағы ағаш – жұртқа, жақын тоғай – кәсіпкерге” болып жүрмесін деп қатаң ескертті.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp