«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛЫНА АДАЛ АЗАМАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күлшат ІСЛӘМҚЫЗЫ.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырында адам баласы – өз өмірінің ұстасы. Құбылып тұрған осынау заманда бойындағы адамгершілік қасиетін, отаншылдық сезімін сақтап, аянбай еңбек еткен адам ғана өмірдің күрделі сынағынан сүрінбей өтіп, шынайы бақыт шыңына көтерілері хақ.  

 

Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданы, Рощино ауылының беделді тұрғыны Әбушахиман Шаяхметов – өз елін, өз жерін шынайы сүйетін, ата жолын қастерлейтін азамат. Еліміз Тәуелсіздігін иеленіп, қайтадан құрыла бастаған күрделі кезеңде аталмыш ауыл тұрғындары жан-жаққа бытырай бастағанда Әбушахиман Кәріпұлы талай тиімді мүмкіндік туындаса да, ата-анасының ізі сайрап жатқан осынау бір шағын, басқа ұлты басым, орталықтан шалғай ауылды қимай, өз еркімен қиындыққа мойынсынған болатын… Сұраусыз есік қаққан нарыққа тойтарыс бере алмай, қиналып жүрген қазақ отбасыларына ақыл-кеңес беріп, жалғыз дүкен жабылғанда ескі автокөлігімен орталықтан азық-түлік тасымалдап, көрші-қолаңға қарызға беріп, талай отбасыларын тығырықтан шығарып, жасаған игі істерінен өзі де қуат алып, ертеңге деген сенімін жоғалтпады. Осылайша, жеке кәсіпкерлік іс пешенесіне жазылғандай, тасы өрге домалап, кейіннен шағын азық-түлік дүкенін ашып, жастайынан ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп келген зайыбы Майра екеуі күні-түні аянбай еңбек етіп, бүгінде маңдай тердің нәтижесін енді көре бастаған жағдайлары бар. Әлия, Самал, Динара есімді үш қызына лайықты тәлім-тәрбие, жоғары білім беріп, құтты орындарына қондырды. “Мыңжылдық” құдаларымен төс қағысып, құйрық-бауыр асасып, немерелерінің қызығына тоймай, пендешілік бақытқа бөленуде.

Жақында Әбушахиман ағамыздың зейнеткерлік жасқа жетіп, құрметті демалысқа шығу тойы болып өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, соның ішінде Алматы, Астана сияқты еліміздің бас қалаларынан да келген құда-құдағилар мен жақын-туыстар, дос-жарандар той иесінің қуанышымен бөлісіп, жүректен шыққан ақ тілектер көлдария боп ағылды. Көл-көсір молшылық пен сыйластықтың аясында өткен аталмыш той – жастары ұлғайған бауырлардың бір-біріне деген ыстық сезімін, ерлі-зайыптылардың шынайы махаббатын, балалардың ата-анасына деген перзенттік сүйіспеншілігін, жергілікті қазақ халқының ауызбірлігін, ұлттық салт-дәстүрдің жаңғыруын паш етіп, мақтаныш сезімін ұялатты. 30-40 жыл көріспеген ауылдастарды, замандастарды қауыштырды. Марқұм әке-шешелеріміз дәмдес болғандықтан және көз алдарында еркелеп өскенімдіктен, мен де бұл тойдың куәсі болдым. Кездесуден алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Үйге қолтығыма қанат біткендей болып оралдым.

Әбушахиман Кәріпұлы – орта буынның өкілі. Елбасымыз биылғы дәстүрлі Жолдауында осы толқынға айтқан алғысында: “Сіздердің еншілеріңізге алып империяның күйреп, Тәуелсіз жас мемлекеттің түлеген кезеңі дөп келді. Сіздердің күрделі де қиын шешімдер арқылы жинаған өлшеусіз тәжірибелеріңіз – қиындықтардан сыр бермей өтуімізге қажетті баға жетпес қазына” – деп, ұрпақ сабақтастығын мойындап, еңбектеріне жоғары баға беріп, үлкен үміт артты. Олай болса, Шаяхметовтар отбасысы ақыл-кеңестің қайнары, үлгілі шаңырақ ретінде Қазақстанның дамуына әрі қарай өзіндік үлестерін қоса бермек.

СУРЕТТЕ: Әбушахиман Шаяхметов.

Ақмола облысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp