«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚСАҚАЛДЫҢ АЛҒЫСЫ ЗОР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Әлемде медициналық қызметкерлердің көмегіне жүгінбеген жан жоқ шығар, сірә. Мен де солардың бірімін. Аяқ астынан науқастанып, аурухананың ота үстелінен бір-ақ шықтым. Ақ халатты абзал жандардың көмегімен дертімнен сауықтым”, – деп қолына дәрігерлердің аты-жөні жазылған бір жапырақ қағаз ұстаған қария келді редакциямызға. Өзін Ескендір Тасбай деп таныстырған зейнеткер осы мақала арқылы оны дертінен емделіп шығуға септігін тигізген дәрігерлерге алғысын білдіргісі келетіндігін айтты. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Қызылжар ауданындағы Петерфельд ауылының тұрғыны Ескендір Тасбай осыдан бірер апта бұрын Бескөл елді мекенінде орналасқан аудандық ауруханаға түседі. Бұрындары да дерттен көз ашпаған қарияның бар үміті осы ауруханадағы дәрігерлердің біліктілігінде еді. Алдымен қарияны аурудың асқынған белгілерімен Петерфельд ауылының медициналық қызметкерлері Бақытжан Жанарыстанов, медбикелер Елена Герасимова мен Алма Қасенова жедел түрде Бескөлге жеткізеді. Дәрігерлердің көмегінсіз аман қалуым екіталай еді деп ағынан жарылған Ескендір Дүйсенұлы ауылдық фельдшерлік пункттің қызметкерлеріне зор алғысын білдіреді.  

 

“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, аудандық аурухананың хирургиялық бөліміне жатқызылған Ескендір Дүйсенұлына хирург дәрігерлер Руслан Әбетов пен Асхат Өтебаев ота жасайтын болады. Науқастың дертінің емі болар отаның оңтайлы түрін таңдаған дәрігерлер көп ойланбастан өздерінің күнделікті жұмысына кіріседі. “Пышаққа түскен оңай ма?” – деген қария ота үстелінде жатып та жан тапсырып кетем бе деген іштегі қорқынышының болғанын жасырмады. Өмірін әуелі – Аллаға, сосын осы дәрігерлерге тапсырған қарияның үміті ақталды. Бірер сағаттан соң аяқталған ота сәтті өтті.

Өмірінің 42 жылын өңірдің оқу-ағарту ісіне арнаған Ескендір Дүйсенұлы тарих және қазақ тілі пәндерінің мұғалімі болып қызмет еткен. Ол аудандық деңгейдегі дәрігерлердің біліктілігіне көзім жетті деп отыр. Ота жасаған хирург дәрігер Руслан Әбетов – өңіріміздің тумасы. Астана қаласындағы медициналық жоғары оқу орнын 1999 жылы тамамдағаннан кейін бескөлдік ауруханада еңбектеніп келеді. Қазіргі таңда хирургиялық бөлімнің меңгерушісі болып қызмет етеді. Оның әріптесі Асхат Өтебаев бөлімнің екінші хирург дәрігері. Екеуі бірлесе жыл сайын 600-ден аса ота жасап, Ескендір Дүйсенұлы сынды көптеген адамдардың жанын арашалап жүр.

 СУРЕТТЕ: Руслан Әбетов.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp