“Нұр Отан” ХДП Петропавл қалалық филиалы саяси кеңесі бюросының отырысы өтіп, онда “Балапан” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша атқарушы органдардың жұмысы талқыланды.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Шолпан Каринова мәлім еткендей, бүгінгі күні облыс орталығында 51 мектепке дейінгі мекеме қызмет етуде. 2010-2014 жылдарға бағытталған аталмыш бағдарлама аясында биыл балабақшаларда 700-ге жуық қосымша орын ашылады деп күтілуде. Дегенмен, балабақша бойынша кезек мәселесі әлі де өткір тұр. Қазірдің өзінде Петропавл қаласы бойынша 8 мыңнан астам бала өз кезегін күтуде. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, мұндай проблема барлық облыс орталықтарына тән. Оны шешу ұзақ уақытты қажет етеді. Сол себепті Елбасының тапсырмасымен “Балапан” бағдарламасының мерзімі 2020 жылға дейін ұзартылып отыр.
Мәселені шешу мақсатында облыс әкімі Самат Ескендіровтің бастамасымен бұрынғы балабақшалар ғимараттарын қайтару жөнінде іс-шаралар атқарылу үстінде. Шарт бойынша бұрынғы балабақшалар қайтарылған сәтте олардың иелеріне облыс әкімдігі бос ғимарат бөлуі тиіс. Алайда, бұл да оңай шешіліп жатқан жоқ. Петропавл қаласы бойынша бос ғимараттар жоқтың қасы. Облыс орталығында орналасқан бұрынғы тоғыз балабақша ғимаратының санитарлық жағдайы мектепке дейінгі мекеме ашуға сәйкес емес әрі олардың маңында арақ-шарап сататын дүкендер жұмыс істеуде. Бұл да заңға қайшы. Шолпан Каринова қала әкімдігіндегі балабақша мәселесімен айналысатын бөлімдегі кадр тұрақсыздығын да ауызға алды. Балабақша кезегіне қатысты тұрғындар тарапынан шағымдардың көптеп түсуіне орай бөлімде маман тұрақтамайды. Бүгінгі күні аталмыш бөлімде қызмет ететін мамандардың барлығы биылғы жылы қабылданған.
Отырыс барысында Петропавл қаласының алдағы жылыту маусымына дайындығы және депутаттық фракция жұмысы жөнінде хабарламалар, “Нұр Отан” ХДП Жарғысын орындау жөніндегі қалалық мәслихат депутаттарының есебі тыңдалды.