13 маусым күні Астана қаласында “ТМД елдеріндегі діндердің рөлі” тақырыбында Халықаралық конференция өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Армения елдерінің өкілдері қатысты.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аталмыш шараны ашқан Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф:
– ТМД елдері тұрғындарының біраз бөлігі діншіл екендігіне қарамастан, дін ықпалынан елеулі арылған елдер болып табылады. Сондықтан діннің және дін қызметкерлерінің мүмкіндіктерін шынайы бағалауымыз қажет. Өйткені, әлеуметтік және адамгершілік құндылықтардың қайта өрлеуі мемлекеттік институттар мен діни ұйымдардың ортақ күш-жігерлері мен ынтымақтастықтары арқылы ғана мүмкін бола алады. Біздің қоғамымыздың дұрыс дамуы үшін адамдардың ортақ мүдделерінің ескерілуі аса маңызды. Ал, керісінше, болған жағдайда оның тайталастар мен әртүрлі қақтығыстарға ұласып кету қаупі бар, – деп діндарлар мен дінге сенбейтіндердің бір-бірімен қарым-қатынаста өзара құрметі мен төзімділігінен тұратын мәдениетті қамтамасыз ету азаматтық ауызбіршілік пен келісімнің алғышарты мен негізі екендігін жеткізді.
Ол өз сөзінде дін қызметкерлері және оларды даярлау мәселесіне тоқталды. Бұл мәселені зерттегенде діни тәрбиемен осы уақытқа дейін ТМД елдеріндегі медреселерде Сауд Арабиясынан, Ливаннан, Түркиядан, Иорданиядан, Үндістаннан келген миссионерлердің немесе шетелдік исламдық діни оқу мекемелерін бітірген азаматтардың айналысқаны белгілі болған.
Ал Қырғызстанның Дін істері мемлекеттік комиссиясының директоры Абдилатиф Жұмабаев өз елінде діни ахуал тәуелсіздік алғаннан кейін күрт өзгергендігін жеткізді. Бүгінде айырқалпақты ағайындар елі діни конфессияаралық қарым-қатынасты ушықтырғысы келетіндер үшін оңтайлы мемлекет болып отыр. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен шетелде тұратын отандастар істері агенттігінің федералды басқармасының басшысы Вячеслав Пугачев Ресей елінің діни, қоғамдық және мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуда атқарып жатқан жұмысына тоқтала келе, кириллицаның тағдырына алаңдаушылық білдірді. Украина мәдениет министрлігінің дін істері және ұлттар департаменті директорының орынбасары Михаил Подюк өз елінде түрлі конфессияларға жағдай жасауға көңіл бөлініп отырғандығын жеткізіп, мұсылмандардың Қырым мен Одессада көп шоғырланғандығын айтты. Халықаралық конференция барысында Өзбекстан мен Армениядан келген өкілдер өз елдерінің толеранттық мемлекеттер екендіктерін жеткізіп, дін және саясат жөнінде жергілікті ахуалды баяндады.
Түстен кейін аталмыш халықаралық конференция 3 секция бойынша жұмыс істеді. Онда ТМД елдеріндегі ислам, христиан, буддизм, иудаизм және тағы да басқа діндер жөнінде әңгіме қозғалды.