Орал ҚАППАСОВ,
Қызылжар ауданының әкімі.
Мемлекет басшысы электр қуатын үнемдеу саласында ішкі жалпы өнімге энергия жұмсауды 2015 жылға дейін кемінде 10 пайызға, ал 2020 жылға дейін 25 пайызға азайту міндетін қойып отыр.
Қызылжар ауданында шаруашылықтың барлық саласында электр қуатын үнемдеу және электр қуатының тиімділігін арттыру басым міндет болып саналады, өйткені ол энергетикалық, экологиялық және экономикалық міндеттерді кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық энергетиктер мен экономистердің пікірі бойынша, жел қуатын пайдалану зор әлеуетке ие. “Қазсельэнергопроект” ҒИИ деректеріне қарағанда, Қазақстан жан басына шаққанда жел энергиясы қорының күш-қуаты бойынша дүниежүзінде бірінші орынды иеленеді. Еліміздегі желдің жылдық жиынтық энергетикалық әлеуеті 1,8 трлн. кВт/сағ. деңгейінде бағаланады, сонымен бірге жел қуатының тығыздығы кейбір жерлерде бір шаршы шақырымда 10 МВт.-ты құрайды.
2012 жылы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен өткен тікелей телекөпірде “Зенченко және К” КС Новоникольское ауылында қуаттылығы 1,5 МВт NEG MICON NM 750 (WEA) жел-энергетикалық қондырғысын іске қосты. Жобаның жалпы құны – 174 млн. теңге. Онда өндірілетін электр қуаты коммандиттік серіктестікте пайдаланатын болады және елді мекенді энергиямен қамтамасыз етеді.
Сол сияқты энергетикалық мақсатқа биомассаны, атап айтқанда, дәнді дақылдардың сабанын пайдалану да тиімді жоба саналады.
Ондай жоба Асаново ауылында жүзеге асырылып жатыр. “Аби-Жер” ЖШС Германия мен Польшада шығарылған “HEIZOMA” және “EKOPAL” қазандықтарын сатып алды, онда жағуға ұсақталған ағаш сүрегі, ағаш қабықтары мен үгіндісі, сабан пайдаланылады. Қазандықтар өз құнын екі жылда өтейді. Сабанмен және шөппен жұмыс істейтін RM үлгісіндегі “EKOPAL” қазандығына толық жанып кететін экологиялық отынның барлық түрін пайдалануға болады. Сөйтіп, бұл қондырғы жақсы жылуды қамтамасыз етеді әрі қоршаған ортаға айта қаларлықтай зиян келтірмейді.
Мысалы, алаңы 200 шаршы метрлік тұрғын үйді 6 ай бойы жылыту үшін 8 тонна сабан қажет. Мұндай сабан 5 гектар егістік алқаптан алынады.
Бүгінгі күні “Аби-Жер” ЖШС “METALARG” фирмасының ресми өкілі ретінде келісім негізінде осындай қазандықтарды сату, оларды орнату, іске қосу-жөндеу, жағу материалдарымен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысады. Бұл қазандықтар кәсіпорындар арасында зор беделге ие. Қазақстан бойынша сондай 30 қондырғы орнатылған.
Ауданның кәсіпорындары, бюджеттік ұйымдары мен мемлекеттік мекемелері электр қуатын тұтынуды азайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Оған көптарифті есептегіш құралдарын орнату және тұтынған электр қуатын тәуліктік кезеңдер бойынша төлеу, энергия үнемдейтін шамдарды сатып алу, энергияны аз жұмсайтын ауа сығымдағыштарды пайдалану, ескірген генераторларды заманауи құрал-жабдықтармен ауыстыру шараларын жатқызуға болады.
Үстіміздегі жылы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында “Молсервис” ЖШС сүт зауытын қайта құруға 100 млн. теңгеден астам қаражат тартылды.
Электр қуатын тұтынатын аспаптар саны үнемі өсіп келеді. Келесі қадам – ғимараттарды осызаманғы үнемді электротехникалық құрал-жабдықтармен жарықтандыру (мысалы, ықшам люминесценттік шамдармен, жарық реттегіштермен, таймерлермен бағдарланатын фотореле қозғалысының датчиктерімен, іңірлік ажыратқыштармен, басқалармен). Бұл біршама шығындануды қажет етеді, алайда ол шығындардың орны тез толтырылатындығын және энергия мен бюджетті үнемдеуді қамтамасыз етіп қана қоймай, жайлы тұруға жағдай жасайтындығын тәжірибе көрсетіп отыр. Кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары қызулы шамдарды пайдалануды азайту және оларды люминесценттік шамдармен алмастыру, қызметкерлер арасында энергия үнемдеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Бескөл ауылын жылу жүйесімен қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыру аясында облыстық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен Қызылжар ауданы әкімдігі арасында 20 МВт.-тың орталық қазандығын салу, жылумен жабдықтау желілерін тарту бойынша келісім жасалды. Соған орай мақсатты трансферттер аясында республикалық бюджеттен 619,0 млн. теңге бөлу қарастырылған. Аталмыш құрылысты іске қосқан кезде көпқабатты тұрғын үйлер, бюджеттік, мемлекеттік мекемелер орталық жылумен қамтамасыз етілетін болады. Бұл жобаны жүзеге асыру экологиялық көрсеткішті жақсартуға, энергия қорларын үнемдеуге, сол сияқты аудан экономикасының энергиялық тиімділігін арттыруға жағдай жасайды.
Энергия мен жылу үнемдеу мақсатында 2012 жылы №2 Бескөл орта мектебіне 20 млн. теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді (есік-терезелері ауыстырылды, линолеум төселді, кәріздері жөнделді). Осындай жұмыс “Вагулин ауылдық Мәдениет үйі” ММ (26 000 мың т.) мен Большая Малышка орта мектебінде де (13450 мың т.) атқарылды. Бюджет мекемелеріне күрделі жөндеу және қайта жаңғырту бойынша жүргізілген жұмыстардың арқасында жылу энергиясының шығыны азайды.
Біз ірі астық өндіруші өңірміз, соған орай энергия мен су қорларын тұтынудың негізгі үлесін ауданның агроқұрылымдары құрайды. Соған байланысты тамшылатып суару жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде, ол су қорларын үнемдеуге және көкөніс дақылдарының шығымдылығын арттыруға мол үлес қосады. “Жасмин” ШҚ және “Базис-Қызылжар” ЖШС 20 гектар аумаққа көкөніс өсіру үшін өз қаражаты есебінен 7,5 млн. теңгенің құрал-жабдығын орнатты.
Өткен жылы “СБИ-Агро”, “Шағала-Агро” ЖШС-лері мен “Брушкевич” ФШ “Djondir”, “Rapit”, “Borgo” маркалы 3 себу кешенін сатып алды. Аталмыш техникалар дәнді және майлы дақылдар егісін нөлдік технология бойынша жүргізеді, бір өзі 10 операцияны атқарады.
Энергия мен энергия тасымалдау бағасының жоғары қарқынмен өсуі жағдайында аудан өнеркәсібінде бәсекелестікті сақтау және энергия тиімділігін арттыру үшін біз қор үнемдеу инвестициялық жобаларын жүзеге асыруға және энергия үнемдеу технологияларын пайдалану тәжірибесін кеңейтуге басымдық береміз.