Марат МҰСТАФИН,
Қазақстан Республикасы
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы.
Мемлекет басшысы 2012 жылғы 28 қарашада барлық деңгейдегі әкімдермен өткізген кеңесте энергияны, жылу мен суды үнемдеу, сондай-ақ реттеліп көрсетілетін қызметтерді есептеу аспаптарын орнату мәселелерін тұрғындар арасында түсіндіру бойынша шаралар қолдану қажеттігі жөнінде міндет қойды.
Экономиканың өсу қарқынын қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік тарифтік реттеу жүйесінен мына жағдайларды қамтамасыз ету талап етіледі:
– инфрақұрылымдық салаларды дамыту;
– реттелетін секторлардың инвестициялық тартымдылығын арттыру;
– тұтынушылар құқығын қорғау;
– энергия үнемдеу және ресурс үнемдеу міндеттерін шешуге әсерін тигізетін жағдайларды қамтамасыз ету.
Осыған орай, тарифтік саясаттың негізгі үш бағытын көрсетуге болады:
бірінші – жаңа әдістерді қолдана отырып, реттелетін секторларды жетілдіру;
екінші – тұтынушылар құқығын қорғау;
үшінші – “жасыл” экономикаға көшу.
Реттелетін сектордың инвестициялық тартымдылығы және оны жетілдіру шеңберінде суға тариф белгілеудің жаңа тетіктерін енгізудің 2013-2015 жылдарға арналған кешендік жоспары қабылданды.
Кешендік жоспар су каналдарын кең масштабты жетілдіруді және қайта жаңартуды, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді, оның мақсаты суды үнемдеу, инвестицияларды қаржыландыру көздерін көбейту.
Энергоресурстарды тиімді пайдалануға және тариф шамасына әсерін тигізетін негізгі факторлардың бірі нормативтік-техникалық ысыраптар деңгейі болып табылады. Агенттік қолданыстағы заңнамаға сәйкес нормативтік және нормативтен тыс ысыраптарды төмендетудің мөлшерін орнатқан және айқындаған.
Сонымен қатар, пәрменді ынталандырусыз бұл істе ілгері жылжу болмайтындығын ескере отырып, департамент субъектілерге нормативтен тыс ысыраптарды да, нормативтік-техникалық ысыраптарды да жою бойынша ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оны іске асыруды міндеттеді. Бұл бағытта жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде электр, жылу және сумен жабдықтау желілерінде олардың жыл сайын төмендеу үрдісі байқалады.
Нәтижесінде әр салада (жылу, электр, сумен жабдықтау) жыл сайын ысыраптарды 1,5%-дан 4%-ға дейін төмендету көзделген.
Сонымен, ысыраптар деңгейі ең төменгі параметрлеріне жеткенге дейін осы шаралар қолданылатын болады. Өйткені, ысыраптарды қысқарту – ақшалай алғанда мыңдаған миллион теңгемен саналатын кәсіпорынның нақты шығындарын төмендету ғана емес, кәсіпорынның қолда бар активтерін қалпына келтіру, жаңарту мен кеңейту және ұсынылатын қызметтер сапасын жақсартуға бағытталуға тиіс қосымша пайда табу мүмкіндігі.
Заңнаманы жетілдіру есебінен энергия үнемдеу бойынша жұмыстар шеңберінде сараланған тарифтерді енгізу мүмкіндігі туды:
– электр энергиясына – тәулік зоналары бойынша, әлеуметтік жағынан осал тұрғындар топтары үшін электр энергиясына төлемдер төлеген кезде қолайлы жағдайлар жасау мақсатында, тұтыну көлемдеріне қарай (тұрғындар үшін 3 деңгейлік тарифтер);
– суға – сумен жабдықтау қызметіне аса жоғары тариф белгіленетін өндірістік кәсіпорындарға және бюджеттік ұйымдарға суды үнемдеп тұтынуды ынталандыруға бағытталған тұтыну көлемдеріне қарай тұтынушылар тобы бойынша;
– жылу энергиясына – есептеу құралдарының болуына немесе болмауына байланысты.
Облыста сараланған тарифтер әдісін енгізу 2009 жылы басталды. Сонымен, облыста электр энергияға күндізгі және түнгі тарифтер қолдану мүмкіндігі 2009 жылдың наурызында қамтамасыз етілген болатын. Бұл ретте, түнгі тарифтер деңгейі орташа тариф деңгейінен 2-3 есе төмен болған. Жеке тұлғалар үшін тұтыну көлемдеріне қарай электр энергиясына сараланған тарифтер облысымызда 2009 жылғы 1 желтоқсанда енгізілді. Бұл ретте, асыра пайдаланғаны үшін ең жоғары тариф бойынша ақы алынатын электр энергиясының көлемі, электр плиталары бар тұтынушыларға – айына бір адам басына шаққанда 90 кВт/сағат, электр плиталары жоқтарға айына 1 адам басына шаққанда 70 кВт/сағат құрады. Сонымен қатар, департамент пен облыс әкімдігінің бірлескен әрекеті нәтижесінде электр энергиясының сараланған тарифтері ережесіне агенттік енгізген өзгерістер департаментке электр плиталарын пайдаланатын және электр плиталарын пайдаланбайтын жасы бойынша зейнеткерліктегі, жалғыз тұратын адамдар, мүгедектер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестірілген жеке тұлғаларға асыра пайдаланғаны үшін ең жоғары тариф бойынша ақы алынатын электр энергиясын тұтынудың шамасын айына 1 адам басына шаққанда 120 кВт/с. және 100 кВт/с. мөлшерінде 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізумен бекіту мүмкіндігін берді.
Сондай-ақ департамент үшінші деңгейдегі тариф бойынша асыра пайдаланғаны үшін ақы алынатын электр энергиясының тұтыну шамасын енгізді. Бір мезгілде департамент сумен жабдықтау және кәріз қызметтеріне сараланған тарифтер енгізді. Сонымен, 2012 жылы “Қызылжар су” ЖШС-нің қызметіне тұтынушылар тобы бойынша және тұтыну көлемдеріне қарай сараланған тарифтер енгізілді.
Бұл ретте, есептер көрсеткендей, есепке алу аспаптары болғанда үнемдеу 3,8 есені құрайды. Қазіргі уақытта 12 субъекті тұтынушылар тобы бойынша сараланған тарифтер арқылы қызметтер көрсетеді, бұл облыс аудандарында заңды және жеке тұлғаларға су тарату және сарқынды суды бұру қызметін көрсететін субъектілердің жалпы санынан 80%-ды құрайды. Бұдан басқа, департамент жергілікті атқарушы билікпен және табиғи монополиялар субъектілерімен келісілген тұтыну көлемдеріне қарай сумен жабдықтау қызметіне сараланған тарифтерді енгізу кестесін бекітті. Кестеге сәйкес осы жұмыс 2014 жылдың 1 қаңтарында аяқталады.
Сараланған тарифтерді енгізу нәтижесі энергоресурстарды үнемдеу, есептеу аспаптарын орнатуды ынталандыру, тұтынушыларға тарифтік жоспарды таңдау мүмкіндігін беру болып табылады. Бұдан басқа, энергия үнемдеуге ынталандыру үшін табиғи монополия субъектілерінің жылу мен судың жеке және үйге ортақ есептеу аспаптарын орнатуына бақылау жұмысы жалғасуда.
Қазіргі уақытта Петропавл қаласы бойынша суық судың жеке есептеу аспаптарымен қамту 85,3%-ды құрайды (53737 дана қажеттілік кезінде, орнатылғаны – 45831), ыстық су – 85,4% (52204 қажеттілік кезінде, орнатылғаны – 44568), жылу энергиясының үйге ортақ есепке алу аспаптары бойынша – 27,1% (824 дана қажеттілік кезінде техникалық мүмкіндікті есепке ала отырып орнатылғаны – 223 дана). Осыған орай, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін бірігіп күш салу қажет.
Облыс аудандарында тұтынушыларды есептеу аспаптарымен қамтамасыз ету және орнату мониторингі осы көрсеткіш деңгейінің төмендігін көрсетеді. Техникалық мүмкіндікті есепке ала отырып санағанда, суық суды есептеу аспаптарымен қамту 9%-дан 21%-ға дейінгі аралықта.
Суға тұтыну көлемдеріне қарай сараланған тарифтерді енгізу ыстық және суық суға жеке есептеу аспаптарын орнату бойынша жүргізіліп жатқан жұмыспен тығыз байланысты. Өйткені, тек қана жеке есептеу аспаптарымен халықты 100 пайызға қамтамасыз еткенде ғана судың нақты үнемделуі туралы сөз қозғауға болады.
Үйге ортақ жылу есептеу аспаптарын орнатудың негізгі кедергісі – олардың бағасының қымбаттығы. Сондықтан, әрбір тұтынушы шарт бойынша табиғи монополия субъектісі орнататын есептеу аспаптарын сатып алу және орнатуға төлем төлеген кезде сараланған тәсіл және тұрғын үйдің пәтерлер санына немесе үй-жай алаңына байланысты төлемдерді бөліп-бөліп төлеу көзделгендігін білгені жөн. Бұдан басқа, әлеуметтік қолдау тетіктері де жұмыс істеуде.