«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒҰМЫРЫ ТҰНҒАН ӨНЕГЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айдана АСЫЛХАНОВА,

Қазақ мемлекеттік қыздар

педагогикалық университетінің студенті.

Ұстаз… “Ұстаз” десе, есіме өз ұстаздарым түседі. “Балаға үйретуден жалықпайтын”, жақсылыққа жетелеп, жамандықтан жирендіре білетін, өн бойынан мейірім мен қамқорлықтың, дана ойдың, тұп-тұнық ізгі сезімнің лебі есіп тұратын, тек менің ғана емес, барлық шәкірттерінің жүректерінен ерекше орын таба білген ұстаздарымды ұлағаттылық пен парасаттың биігі деп білемін. Осындай ұстаздарымның арасындағы көптеген шәкірттерінің бағыт-бағдаршысы, ақылшысы бола білген, менің өмірлік бас ұстазым, нағашы атам Әшкен Шәріповтің алар орны айрықша.

 

Атам – Тайынша ауданы Амандық ауылының тумасы, еліне елеулі, халқына қалаулы жандардың бірі.

Ғұмыры өнегеге тұнған атам бұрынғы С.М.Киров атындағы, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1956-1962 жылдары оқып, жоғары білім алған. 1963 жылы маусым айынан бастап Амандық ұжымшарындағы бастауыш мектепте, одан кейінгі жылдары жетіжылдық мектепте мектеп директоры қызметімен қатар, тарих пәнінің мұғалімі болып, абыройлы еңбек етті.

Қазіргі Амандық орта мектебі ғимаратының құрылысы 1976 жылы басталады. Осы жылдардағы еңбегін:

– Жаңа мектептің бой көтеруі оқушылардың оқып, білім алуына, болашақта саналы азамат болып қалыптасуына үлкен септігін тигізетіні сөзсіз болатын. Мен елімнің болашағы үшін қуандым. Сол үшін мектеп құрылысының сапасын басынан аяғына дейін үнемі бақылап жүрдім. Мектепті қажетті жиһаздармен, көрнекі құралдармен, техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін де еңбектендім. Жаңа оқу ғимараты ашылғаннан кейін алдымда жаңа мақсат өз шыңына шақырып тұрды. Ол – мектепті алдыңғы қатарлы білім ордасының қатарына қосу болатын. Бұл жұмысқа Көкшетау облысының бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің, “Амандық” кеңшарының директоры Айтқожа Қалымовтың көмегі көп болды, – деп баяндайды Әшкен ата.

Әшкен атаның ғибратқа толы өмір жолында мемлекеттің әртүрлі марапаттары да еңбегіне лайық берілген баға еді. Атап айтар болсақ, “Тың жерлерді игерудегі еңбегі үшін” медалімен, Құрмет грамоталары, алғыстары өз алдына бір төбе.

Атам басқарған мектеп түлектері – қазіргі кезде тәжірибелі мамандар, жоғары лауазым иелері, еліміздің гүлденуі жолында еңбек етіп жүрген әр саладағы қызметкерлер.

Атам – қазіргі уақытта Амандық ауылының ардагерлері кеңесінің төрағасы, ауыл тұрғындарының ақыл-кеңесшісі, үлгі тұтар құрметті азаматы. Қазір де елімізде болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерді бұқаралық ақпарат құралдарынан қалт жібермей, көріп, оқып-біліп, одан өзіндік ой түйіп, сол ойын балаларымен, шәкірттерімен бөлісіп отырады. Ауыл тұрғындары да атамның осы қасиетін біліп, әр жиналыстарға, мереке-жиындарға, той-томалақ атаулыға көнекөз дана қария деп арнайы шақыртады.

Атам адам бойындағы мәдениеттілік пен әдептілікке көп көңіл бөледі. Кішкентай күнімде “Балам, көшеде жүргенде әдепті жүр, таныс адамдарың болса, амандасуды ұмытпа!”, “Шырағым, “өтіріктің құйрығы бір тұтам”, ешкімге ешқашан өтірік сөз айтпа”, “Үлкенге құрмет, кішіге ізет таныта біл!” деген сияқты ақыл-өсиеттерді жиі айтатын, бүгінде бойжетіп қалсақ та, сөйлескенде кеңесін беруден шаршаған емес.

Атамның үйінде де өз отбасына тән тәртіп пен әдеп орнаған. Көп жағдайда әрбір берекелі шаңырақта отбасы мүшелерінің түгел жиналатын кезі – дастарқан басы ғой. Сондайда атамның әңгімелерін тыңдаудан еш жалықпаймыз, білмегенімізді сұрап, білімімізді толықтырып отырамыз. Сондай сәттердің бірінде атам өткен өмірінен сыр шерте: “Шырақтарым, сендер бейбіт өмірдің, болашағы жарқын Қазақстанның ұрпақтарысыңдар, бұл – сендердің бақтарың, біздің бақытымыз”, – дегені есімнен кетпейді.

Жүрегі ақ тілекке толы атам еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігіне, елде болып жатқан жағымды өзгерістер мен оқиғаларға қуанышпен қарап, Алла тағалаға шүкіршілік етіп отырады. Осы егемендігіміздің мәңгілік, еліміздің іргесі берік, шаңырағы биік, халқымыздың берекелі, мерекелі болуын, Елбасының амандығын бата-тілектерінің басынан-ақ айтып жүреді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp