«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

234 ЖАС САРДАР САПҚА ҚОСЫЛДЫ Олардың ішінде Қырғызстан мен Тәжікстанның азаматтары да бар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен сенбіде Петропавл Әскери институты кезекті түлектерін ұшырды. Биыл алғаш рет әскери оқу орнын Қырғызстанның сегіз және Тәжікстанның он азаматы тамамдады. Әрі институт тұңғыш рет ең ірі көлемде жас офицерлерді даярлап отыр. Жас сардарлардың оқуды тамамдау рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, ҚР ІІМ Ішкі әскерінің Бас қолбасшысы, генерал-майор Руслан Жақсылықов, Қырғызстан Республикасы ІІМ Ішкі әскері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы Болот Аманалиев, Тәжікстан ІІМ Ішкі әскері қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары Музаффар Джабборов, түлектердің ата-аналары мен жұртшылық өкілдері қатысты. 

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Биыл әскери білім ордасынан 234 түлек қанат қақты. Олардың 17-сі оқуды үздік бағамен тамамдаса, соның ішінде 4 түлек Қуаныш Айтқожинов, Ерболат Мырзабаев, Әсет Қажкенов пен Нұрлан Төтешев “Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін” төсбелгісіне ие болды. Бұл топжарғандардың есімдері әскери мекеменің Құрмет тақтасына енгізілетін болады.

 

Салтанатты күні институттың саптық алаңында Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің Мемлекеттік Тулары салтанатты түрде көкке көтерілді. Білім ордасының өмірі туралы фотокітап әзірленді. Сондай-ақ арнайы төсбелгі дайындалып, әр түлекке тарту етілді. Саптық алаңға институттың Жауынгерлік Туы шығарылысымен, оқу орнының бастығы, полковник Жұмабек Ахметов Ішкі әскердің Бас қолбасшысы генерал-майор Руслан Жақсылықовқа жеке құрамның дипломдарды тапсыруға даяр екендігін баян етті. Бұдан соң мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрағасы, Ішкі әскер Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Мәткәрімов комиссия шешімін жариялады. Барлық 234 түлек сыннан сүрінбей өтіп, мемлекеттік емтихандарды сәтті тапсырған.

Оқуды үздік бағамен аяқтаған түлектер Ішкі әскер Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың қолдарынан диплом алды. Генерал-майор Руслан Жақсылықов өз сөзінде: “Сіздер бейбіт халықтың тыныштығын күзетесіздер. Ішкі істер органдарымен бірге қылмыспен күрестің алдыңғы шебінде тұрасыздар. Қызметтің оңай болмайтыны анық. Бірақ қандай қиындық болсын, өз міндеттеріңізді абыроймен атқару ең басты міндеттеріңіз”, – деп Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Қасымовтың құттықтау сөзін жеткізді. Полковник Болот Аманалиев бауырлас Қырғыз еліне қажет мамандарды даярлағаны үшін Қазақстан ІІМ Ішкі әскерінің Бас қолбасшылығына ризашылығын білдіре отырып, түлектердің құрметті мамандық иесі атанғанын ауызға алды.

Салтанатты жиын барысында институттың Жауынгерлік Туымен қоштасу рәсімі “Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін” төсбелгісінің иегері, лейтенант Қуаныш Айтқожиновқа берілді. Мұндай құрметке ең үздік деген офицер ғана лайық. Қуанышқа бұйырған екінші мәртебе – оның болашақ қызмет орнын өз еркімен таңдауы. Лейтенант атағына ие болғандар Ішкі әскерде, Шекара қызметінде, Республикалық Ұланда қызмет ететін болады. Ал сыннан сүрінбей өткен 11 түлек “Бүркіт” арнайы бөлімшесіне қабылданды.

Әскери рәсім концертке ұласты.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp